Жұма, 10 мамыр, 20:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Халық көтерген мәселенің сұрауы бар

29.10.2022

1048 0

Қаланың қоғамдық ахуалын жақсартуда маңызды саланың бірі – тұрын үй коммуналдық шаруашылығы саласы. Әлеуметтің әлеуетін ілгерілету үшін ең алдымен қарапайым жағдай жасалуы қажет.

Жол құрылысы, ауыз су мен жылыту жүйесі секілді халыққа қажетті бағыттар үздіксіз қамтылуы керек. Осы мақсатта Президент тапсырмасына сәйкес әкімдердің халықпен жиі кездесуі бір міндетіне айналды.

Кездесуде халықтың мұң-мұқтажын, қоғамдық қажеттіліктерін тыңдап, жауапты сала мамандарына мәселені шешу тапсырылады. Олардың орындалу барысы да үздіксіз бақылауда. Бүгінгі мақалада шаһардағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар легін жазуды жөн көрдік.

Белкөл кентінде жылдар бойы көтеріліп келген мәселе – теміржолдан өтетін жаяу жүргіншілер көпірі. Тұрғындардың бұл сұранысын қанағаттандыру мақсатында шойын жолдан өтетін арнайы жаяу жүргіншілерге арналған көпір салынатын болды. Оған облыс пен қалалық бюджеттен 252,2 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде «Голден Сити ДС» серіктестігімен келісім шарт жасалып, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кетті.

Шаһарда жол жөндеу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2022 жылы Қызылордадағы 49 көшені жөндеу үшін 2 821,6 млн теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде қалалық бюджеттен бөлінген 258,8 млн теңгеге жалпы ұзындығы 6,7 шақырымды құрайтын 14 көше орташа жөндеуден өтті.

Облыстық мәслихат шешімі­мен шілдеде 11 шақырым болатын 19 көшені орташа жөндеуден өткізу үшін 432,5 млн теңге қаржы бөлінген. Қазіргі кезде 14 көшені жөндеу үшін мердігер мекемемен шарт жасалса, 5 көшені жөндеуге мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі күтілуде.

Сондай-ақ қаладағы жалпы ұзындығы 34,4 шақырым болатын 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу үшін облыстық энер­гетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына бюджеттік өтінім берілген. Бұл жөндеу жұмыстарына 781,6 млн теңге қаражат қажет.

Қаладағы қоғамдық көлік мә­селесі, әсіресе автобустардың жетіспеушілігі бүгінде шешімін табуда. Бұл мақсатта қоғамдық көліктер қатарын заманауи 150 автобуспен толықтыру туралы шешім қабылданған болатын. «КазТех» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, Қызылордаға үлкен сыйымдылықты «YouTong» мар­калы көліктер әкелі­нетін болды. Бүгінде межелі автобустардың 60-тан астамы қала тұрғындарына қызмет етуді бастап кетті. Қалғаны қараша айында келеді деп жоспарланған.

Қаланың санитарлық тазалы­ғын қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Биыл бұл мақсатта 780,2 млн қаржы бөлініп, көше тазалығы, елді мекендердегі санитарлық тазалықты сақтау үшін қаржыландыру мақсатында жұмсалуда.

Ал абаттандыру жұмыстары бойынша 2022 жылға 564 млн теңге бөлінген. Бұл қаражат мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру, ма­шина және механизм қызметі, брусчатканы ағымдағы жөндеу, қоршауларды жуу мен сырлау, ескерткіштерді, су бұрқақтарын, аялдамаларды, аллея мен сквер­лерді, Қызылорда қаласының паспорттарын, контейнер алаң­дарын, бильбордтарды, ҚР Тұң­ғыш Президенті саябағын, қала­дағы балалар ойын алаңдарын күтіп ұстау және ағымдағы жөндеуге жұмсалады. Ал бұл жұмыстар «SKKB Construction» ЖШС жауапкершілігінде.

Қаланың келбетін көркейтуде көгалдандыру жұмыстарының алар орны ерекше. Жасыл же­лектерді күтіп ұстау, баптау және ақтау жұмыстарына биыл 427 млн теңге жұмсалмақ. Мұн­дағы жасыл екпелерді суаруға арналған насостарды күтіп ұстау бойынша мердігер мекеме ЖК «Кушеков» және арық желі­лері мен каналдарды тазалау жұ­мыстарын «Barys2022» ЖШС тиісті атқарып келеді. Ал қалада орналасқан талдарды күтіп ұстау, балақтау, ақтау жұмыстары және ұңғымаларды, символдар алаңын күтіп ұстау жұмыстарын «SKKB Construction» ЖШС жүргізуде.

Бір жылдары шаһарды аяқ сумен қамту да күрмеулі мәселеге айналған еді. Биыл бұл олқылықты жою үшін су насостарын орнату жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде жалпы сомасы 458 млн теңгені құрайтын 31 техникалық ұңғыма орнатылды. Техникалық ұңғымалардың 12-і қалада ор­натылса, қалған 19-ы қалаға қарасты кент пен ауылдық ок­ругтерге орналастырылды.  

Қаланың кішкентай тұрғын­дарының сұранысын қанағат­тандыру мақсатында атқарылған жұмыстың бірі – көптеп балалар ойын алаңын салу. ҚР Президенті «2022 жыл – Балалар жылы» деп жариялауына байланысты шаһарда бірнеше спорт және ойын алаңы салыну қолға алынды. Қазіргі таңда 17 ойын алаңының құрылысы аяқталып пайдалануға берілді. Жалпы шаһарда 37 спорт-ойын алаңын салу жоспарға енген.

P.S. Бүгінгі билік қолжетімді. Мұны әкімдер мен басшылардың халықпен жиі кездесуінен байқауға болады. Ал бұл кездесулердің тек «есеп» үшін еместігіне – қаладағы тұрғындар сұранысына сай атқарылған жұмыстар дәлел.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: