Бейсенбі, 02 мамыр, 04:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Халық табысын арттырудың бірден бір жолы – тұрғындарды жұмыспен қамту

06.08.2022

895 0

Өңірдегі барлық аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму барысын арнайы жиында талдаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының өзекті мәселелерін қарады.

Жиынға мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес төрағалары және салалық басқарма басшылары қатысты.

Қала аумағы кеңейіп, жаңа мөлтек аудандардың салына бастауы тұрғын үйлерді салу, инфрақұрылым мәселелерін шешу, демалыс аймақтарының санын көбейтуді қажет етеді. Қала әкімі Асылбек Шәменов шаһарды дамытудың перспективалық жоспарларын тізбектеп, маңызды міндет­терге тоқталды.

Жиында аймақ басшысы қала макро­экономикалық көрсеткіштері бойынша тө­мен даму динамикасын көрсеткенін атап өтті. Бұл ретте мұнай өнім­дерін өңдеу көлемі 8,2 пайызға, химия өнеркәсібі 18,2 пайызға, құрылыс материалдарын өндіру 17 пайызға, машина мен жабдықтарды жөндеу және орнату 29,8 пайызға азайған.

Облыс әкімі республикадан тартылатын трансферттердің төмендеуі салдарынан қаржы көзі кеміп кеткенін, сондықтан да құрылыс нысандарын салу жұмыстарын күшейту қажеттігін баса айтты. Әсіресе құрылыс материалдарын өзімізде шығару ісіне жеткілікті деңгейде мән беруді тапсырды.

Жиында қала халқын жұмыспен қамту мәселесі де арнайы қаралды. Халық табысын арттырудың бірден бір жолы тұрғындарды жұмыспен қамту. Бұл ретте қалада жоспарланған 10673 жаңа жұмыс орынның бар болғаны 4445 немесе 41,6% ғана орындалған. Асылбек Шәменов кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 4,3 млрд теңгені құрайтын 153  жоба қолдау тапқанын жеткізді.

Облыс әкімі қалада өндірістердің тым аздығы салдарынан кәсіпкерлікті дамыту аса қажет деді. Бұл ретте кәсіп ашуға ниетті азаматтарды қолдап, жұмыс орындарын құру керек. Сондай-ақ шаһарға жаңа инвестиция көзін тауып, жаңа жобалар негізінде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуді жүктеді.

Аймақ басшысы азық-түлік қорын көбейту және баға тұрақтылығын бақылау жұмыстарын ішінара емес, ұдайы жүргізуді тапсырды. Байқоңыр әлеуметтік корпорациясымен бірге жұмысты оңтайлы үйлестіріп, қажетті талдау жүргізуді міндеттеді. Себебі әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік бағасының 17-де өсім байқалған. Облыс әкімі қала аумағында бос жатқан жерлерді икемдеп, егін егу ісіне бейімі бар отбасыларға бөліп беру жұмыстары барлық аудан мен қалада белсенді жүргізілуі қажет екенін тағы бір еске салды.

Мұнан бөлек аймақ басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да проблемалар барын ашып айтты. Игерілмей бос жатқан жерлерді кезекте тұрған азаматтарға үлестіру жұмысын жандандыруды тапсырды.

«Қаланың дамуы – менің тікелей бақылауымда. Мамыр айындағы сессиядан автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына, көшелерін жарықтандыруға, абаттандыруға, көр­кейту-көгалдандыру жұмыстарын жүр­гізуге және қала қонақтары мен тұр­ғындарының демалысын жайлы етуге бағытталған өзге де шараларға 4,8 млрд теңге қаржы бағыттадық. Бүгінгі күнге 1,4 млрд теңгенің 7 жобасы әлі басталмаған. Асылбек Өмірбекұлы, биыл аяқталуы қажет жобалардың барлығын мерзімінде әрі сапалы пайдалануға беріліп, түп­кілікті нәтиже көрсетуді тапсы­рамын», – деді облыс әкімі.

Жиында әлеумет үшін аса өзекті мәселелер жан-жақты талданды. Әсі­ресе жыл сайын көмірге қатысты алаңдаушылық пен кезектіліктен дүр­белең туындайды. Облыс әкімі көмір қоймаларында ұзын-соңар кезектің болмауын қатаң қолға алып, әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғындарға отын қорының тап­шылығын болдырмауды тапсырды.  Яғни 1 қазаннан бастап қоймалардағы тасымалдаушы көліктердің қозғалы­сын ретке келтіріп, қажет болса, патрульдік полиция бақылауын қоюды міндеттеді.

Облыс әкімі қаланың тазалық мәселесіне де арнайы тоқталды. Шаһардың мұнтаздай таза болуына тек жергілікті билік қана емес, кәсіпкерлер, қоғам болып бірге атсалысу қажеттігін баса айтты. Бұл ретте мәслихат депутаттары да қала аумағын қоқыстан тазарту және көшелерді абаттандыру ісіне жеткілікті деңгейде мән беру керек­тігін жеткізді. 

Қызылорда қаласының кадрлық саясаты да кеңінен талқыланды. Облыс әкімі бір орында 10-15 жыл­дан бері қызметте отырған білім беру ұйымдары басшыларының жұмысына талдау жүргізуді және қаланың қоғамдық-саяси ахуалға да ерекше назар аудару керектігін жеткізді. Сондай-ақ қаладағы қылмыстың алдын алу үшін қала әкімдігі полиция басқармасымен кешенді шара­ларды қабылдау керектігі ес­кертілді. Мұнан бөлек қоғамдық тәртіпті орнатуда қалаға қарасты ауылдық округтің әкімдері, по­лиция инспекторларының өзі сол ауылда тұруы тиіс екенін айтты. Бұл қағида барлық аудандарда да талап етілмек.

Жиын соңында өңір басшысы 9 айдың қорытындысымен қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көр­сеткіштері қайта қаралатынын қаперге салды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: