Дүйсенбі, 06 ақпан, 17:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№10 (1917)
04.02.2023
PDF мұрағаты

Халық үні немесе тұрғындар хаты жауапсыз қалмайды

29.11.2022

299 0

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасы билік пен халықты жақындата түсті. Ел дамуы үшін бұл тұжырымдаманың маңызы зор. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты 2019 жылғы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды айтты. Жолдауда бұлы туралы былай деп жазылған: Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.

Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет.  

Осы мақсатпен біз белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінқұрдық. Бұл кеңес ротациялық тәртіппен жұмыс істейді».

Мемлекет басшысы бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін нақты шаралар жүзеге асатынын да осы Жолдауда атап көрсетті. Тағы да Жолдаудан үзінді келтірсек: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Президент Әкімшілігінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылды.

Көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады. Белгілі бір саладағы шешімдердің әділетсіздігіне қатысты жолданатын көптеген шағымдар нақты мемлекеттік органда немесе аймақта күрделі түйткілдер бар екенін көрсетеді. Енді бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиісті шешімдер қабылдаған жөн», – деп атап айтты.

 Технологиялар жедел дамыған цифрлы әлемде халықтың айтар ойы мен ұсынысын, базынасын жеткізуге мүмкіндік көп. Одан бөлек, үлкенді-кішілі әкімдер тоқсан сайын елмен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірін тыңдап, атқарылып жатқан жұмыс барысын елдің алдына жайып салып отыр. Бір сөзбен айтқанда, халықтан жасыратын ешнәрсе жоқ. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде халықтың тілегіне сай мемлекет құру қажет екенін атап айтты.

– Біз халықтың тілегі мен заман талабына сай тиімді мемлекет құруға міндеттіміз. Бұл – маңызды тарихи міндет. Мемлекеттік қызметке нақты сектордан меритократия және ашық бәсекелестік қағидаттарына сай іріктеуден өткен жаңа басқарушы азаматтарды аламыз. Президенттік кадр резервінің мүшелерін белсенді түрде тартамыз.

Біздің ең басты байлығымыз – адам. Сондықтан азаматтардың игілігі үшін барлық жағдайды жасау аса маңызды, – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасы жүзеге асқалы бері тұрғындар үшін ұсыныс-пікірін айтатын, жеткізетін мүмкіндік те көбейді. Соның бірі – ресми сайтттарға хат жазу. Осы орайда әкім мен халықтың цифрлы хат алмасу барысын бағамдау үшін Қызылорда қаласы әкімдігінің ресми сайтының «сұрақ-жауап» бөлімін ашып көрдік. Атап айтарлығы, тұрғындар жолдаған хаттың қай-қайсысы да жауапсыз қалмаған. Хатқа дер кезінде жауап беруде сергектік таныту  – халық үніне құлақ асудың нәтижесі.

Ал тұрғындар қандай сұрақ қояды дегенге келсек. Мәселен, қала тұрғынының бірі қалалық саябаққа жақын тұратынын, жаздыгүні терезе ашу мүмкін емесін, кафелерден шыққан көк түтін, аттракциондардың мезгілінде жұмысын тоқтатуы туралы мәселе көтеріпті. Бұл сұраққа төмендегідей жауап жазылған:

Қазақстан Республикасы «Мәдениет туралы» Заңының 27 бабының 2 тармағына сәйкес, мәдени-демалыс ұйымдарының негізгі міндеті халықтың рухани және эстетикалық сұранысын қанағаттандыру болып табылады.

Әр жыл сайын  1-ші мамыр мен 30-шы қыркүйек аралығында қалалық мәдени және демалыс паркі жұмыс жасайды. Күнделікті парктің жұмыс кестесі ішкі ережеге сәйкес 10:00-нан бастап 23:00-ге дейінгі уақытты құрайды. Халыққа парк меншігіндегі 8 аттракцион «Чоко Капс», «Кидди Уил», «Циклон», «Телекомбат», «Мэрри Гоу Раунд», «Пират кемесі», «Цепочный карусель», «Сюрприз» аттракциондары қызмет көрсетеді. Оған қоса 70 – тен астам жеке кәсіпкерлер түрлі аттракциондар, сауда дүңгіршектер, жазғы кафе нысандарымен қызмет көрсетіп келеді.

Қалалық мәдени және демалыс паркі әр жыл сайын маусым ашылмас бұрын, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға өтініш білдірген заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлермен қысқа және ұзақ мерзімді жер учаскілерінің бөліктерін жалға алу келісім-шарттары  жасалынады. Кәсіпкерлер қалалық парк әкімшілігімен жасалынған келісім-шартта және Қазақстан Республикасының заңнамаларындағы талаптарға сәйкес санитарлық, экологиялық нормаларды және өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтауға, ұстауға және тазалық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндеттелген.

Қоғамдық тыныштықты сақтау мақсатымен парктегі барлық кәсіпкерлер меншік нысанына қарамастан жұмыс жасауға берілген уақыт аяқталғаннан кейін, азғантай уақыт көлемінде жан-жағын жинастырып, өз жұмысын аяқтайау міндеттелген.  

Көпқабатты үйдің ішіне кіретін түтінге келер болсақ, парк аумағының Н.Ілиясов көшесіне қарап тұрған бетінде «Кел Достар» атымен белгілі жазғы кафесі орналасқан.  Кәуап пісірерде кафенің асханасы жағынан желдің бағытының өзгеруіне байланысты, одан шыққан түтін көпқабатты үйге кейде соғады. Аталмыш нысанның иесіне асханасының түтін шығатын жерін барынша өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарға сай етіп, өзгертуге ұсыныс берілетін болады.

Қалалық мәдени және демалыс паркі әкімшілгі өзінің жұмысына қатысты халықтан келіп түскен сын-пікірлерді ескеріп, сапалы қызмет көрсетуді одан әрі арттыру үшін үнемі жағдай жасап келетіндігін жеткізеді, – деп жазады.

Қала әкіміне хат жазған келесі бір тұрғын өзінің жалғызбасты ана екенін айтып, тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болатынын, ипотекамен баспана алудың жолдарын сұрапты. Бұл сұрақ та жауапсыз қалмаған. Кез – келген тұрғынның заңдылыққа сәйкес санатына қарай  тұрғын үй кезегіне тұра алатыны анық та нақты түсіндіріп жауап жазыпты.

Хат жауабы төмендегідей:

 – ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74 бабының 2-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге, мұқтаж адамдар есебінің дара (бөлек) тізімдері 6 топ бойынша жүргізіледі.

1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;

2) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тобы;

3) Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

4) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары;

5) мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар;

6) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар.

         Жоғарыда аталған санаттарға жеңілдіктеріңіз сәйкес келген жағдайда, тұрғын үй алу кезегіне тіркелу үшін міндетті түрде Қызылорда қаласына тұрғылықты тіркеліп және 5 жыл көлемінде жеке меншігіңізде тұрғын үй болмаса тұрғын үй алу кезегіне тіркелу үшін «kezekte.kz» веб-сайтына ЭЦҚ-ы кілті арқылы тапсыра алатындығыңызды хабарлайды, – деп жазады.

Тағы бір тұрғын тұрғын үй кезегіне тұрғанына 10 жылдан асып кеткенін жазады. Үй алу кезегін сарыла күткен тұрғынның бұл сұрағына мынадай жауап жазылыпты:

 – ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес 2012жылғы 28-маусымдағы арызы бойынша пәтер кезегіне мемлекеттік қызметкер ретінде тіркелген, бүгінгі күнге кезегінің реттік саны – 2036, – деп жазылған.

Әкімге хат жазған тұрғындардың бірі үй алғысы келсе, енді бірі жалдамалы үйге берілетін субсидияны қалай алуға болатынын сұрайды. Қала басшысына хат жазған Қызылорда қаласының тұрғыны өзінің жалғызбасты ана екенін айта келіп, жалдамалы пәтерде тұратынын жеткізіп, пәтер жалдау ақысына мемлекеттен берілетін субсидияны қалай алуға болатынын сұрайды. Бұл хат та жауапсыз қалмапты.

– ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес 2022жылғы 10ақпандағы арызы бойынша пәтер кезегіне көп балалы отбасы ретіндетіркелген, бүгінгі күнге кезегінің реттік саны – 3245. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабының 1-тармағына сәйкес, мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйнемесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй, барлық қажеттi құжаттармен бірге өтiнiш берiлген кезден бастап тізімде белгіленген кезек ретімен беріледі.

Субсидиялау бағдарламасына 1,2 топ мүгедегі, мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, жетім бала және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылар тобы өтініш бере алады. Толығырақ мәліметті «Отбасы банк» АҚ-нан біле алатындығын назарыңызға жеткіземіз, – деп жауап берген.

Әкімге хат жазған тұрғындардың мәселесінің дені осындай. Бір байқағанымыз, хат жазған тұрғындардың басым көпшілігін тұрғын үй мәселесі мазаласа, мұнан кейінгі кезекте өзі тұратын көшенің жайы секілді мәселелер жиі айтылған. Ал тағы бір хат жазушы қала әкімімен бетпе-бет кездесіп, мәселесін айтқысы келетінін де жасырмапты. Мұндай мазмұндағы хаттар да жауапсыз қалмаған. «Қала әкімінің азаматтарды қабылдау кестесіне сәйкес, қабылдауға жазылыңыз» деген жауап та жазылыпты.

Бір сөзбен айтқанда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сапалы жүзеге асуда. Мұның тағы бір дәлелі – бүгінде Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов қалаға қарасты ауылдарды аралап, елмен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірін тыңдап жүр. Бір айта кетерлігі, халықпен кездесу форматы да өзгерген. Бұрынғыдай халықты жалықтыратын сірескен цифрларға толы ұзын-сонар баяндама жоқ. Бір сөзбен айтқанда, әкім аз сөйлейді, көп тыңдайды. Нәтижесінде ауылдың көкейтесті мәселесі алға шығып, оның шешу жолдарын қарастыру – басты назарда. Елдің де есепті кездесулерге деген көзқарасы өзгерген. Бұрынғыдай емес, халық әкімнің есепті кездесуіне асығатын болыпты. Себебі халық үнін естиді, нәтиже де бар.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

Тағы да оқыңыз: