Жұма, 03 мамыр, 20:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Халықтың бағасы бәрінен жоғары

17.06.2023

609 0

Қала әкімі Асылбек Шәменов кент және ауылдық округтерді аралап, биылғы 2023 жылда  атқарылатын жұмыстармен танысып,  тұрғындармен кездесті. Шаһар басшысы алдымен Тасбөгет және Белкөл кентінен бастап, Қосшыңырау, Қарауылтөбе мен Қызылжарма ауылдық округіне барып, халықтың көкейіндегі өзекті мәселелері мен талап тілектерін тыңдады.

Ең алдымен қала әкімі 32 мыңға жуық адам қоныстанған Тасбөгет кентінің тұрғындарымен кездесті.  Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықов қала әкіміне ілкімді істерді тізбектеп берді. Айта кетейік,  соңғы жылдары апатты  жағдайда тұрған тұрғын үйлердің мәселесін шешу үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде.  Нәтижесінде  апатты деп танылған үйдің 140-тан астам тұрғындарына қала аумағынан салынған  жаңа үйлерден пәтер берілген.

− Биыл  жүргізілетін 41 көшенің жөндеу жұмыстарына бюджеттен 833,7 млн теңге қаражат қарастырылып, соған сәйкес  жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда кентте жөнделмей қалған 12  көшені асфальттауға биылғы жылы жоба-сметасының құжаттарын әзірлеп, бюджеттен 1,1 млрд теңгеге өтініш берілген. Сонымен қатар 8 көшеге жаяу жүргінші жолын салуға бюджеттен 241 млн теңгеге өтінім тапсырылған. Яғни былтыр Тасбөгет кентінің шамамен 80,6 шақырымды құрайтын 52 көшесінің 35-не асфальт төселіп, оның 17-көшесіне қиыршық тас төселген еді. Ал қалған 5 көшесіне  жаяу жүргіншілер жолы салынған. Тіпті демеушілер есебінен көшелерге жарық бағаналары орнатылды. Оның 5 көшесінің бағаналарына 10 млн теңге қаржы жұмсалған. Ал ағымдағы жылы 3,5 млн теңгеге «Еңбек» және «Өркендеу» саяжайларының негізгі 3 көшесіне жарықтандыру бағанасы қойылды. Қалған әлеуметтік нысандар орналасқан 6 көшені жарықтандыруға бюджеттен 178 млн қаржы берілген – дейді С.Сыздықов

Сонымен қатар өткен жылы облыстық бюджеттен электр желісінің жүргізілуіне 680 млн теңге қарастырылған. Нәтижесінде оның 59,6 шақырым электр желісі жүргізіліп, жаңадан 15 қосалқы станция қойылған. Осылайша электр желісінің мәселесі шешімін тауып келеді.

Келешек жас жеткіншектерді өнерге, еңбекке баулып, түрлі үйірмелерге қатысып уақытын тиімді өткізуі үшін Тасбөгет кентінде  дене шынықтыру-сауықтыру кешені  бой көтеруде. Оған аймақ басшысының тікелей қолдауының арқасында құрылысқа бюджеттен 542,1 млн теңге бөлінген. Тіпті жеке кәсіпкерлер де жастардың дамуына өз үлесін қосып,  спорттың 10 түрін 600 балаға жуықтап, 4 спорт клубын ашқан.

Сонымен қатар кенттің санитарлық тазалығы да назардан тыс қалмады. Бұл мақсатта бюджеттен 41,7 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Бұдан бөлек демалыс орнын көркейту үшін «Шауқаман бағы» саябағына қала бюджетінен 15 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталуда. Саябақтан бөлек басқа да 20 нысан алдына ағаш отырғызып, көгалдандыру секілді жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Кәсіпкерлердің демеушілігімен  200 млн теңге қаржыға жаңа «Құддыс Ишан» мешіті салынуда. Сонымен қатар инвесторлардың есебінен  құны 4 млрд теңгеден асатын, көпқабатты 338 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Демеушілер қаржысының 300 млн теңгесіне  шағын маркет монша, көлік жуу орталығы, дәріхана және шаштаразы бар сауда кешені салынып, қазіргі таңда қызмет көрсетуде. Инвесторлар 100 млн теңгеге саябақ жанынан биометриялық зертхана салуда.

Тасбөгет кентіне қарасты «Сабалақ» саяжайдағы өзекті мәселенің бірі – газ құбыры. Оған газ желісін тартуға «AS and Limited» ЖШС есебінен 100 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қарастырылуда.

2021-2022 жылдары кентке қарасты  Сабалақ пен Еңбек саяжайларын ауыз сумен қамтуға бюджеттен 1.4 млрд теңге бөлінген болатын. Ал демеушілік есебінен 50 млн теңге қаржыға тиісті жұмыстар жүргізілген. Басқа да жобаға енбей қалған аумақтарға демеушілер қосымша өз қаражаттарының есебінен 187 млн теңге бөліп, қазіргі таңда құрылыс жұмысы аяқталған.

Кент тұрғындары халық игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстардан хабардар. Өткен жылы айтылған ұсыныстар қанағаттандырылып, биыл ауқымды жобалар сәтті жүзеге асуда. Кездесуде қала басшысы тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, талап-тілектеріне көңіл бөлді. Көтерілген өзекті мәселелер бойынша тиісті сала басшылары мен мамандарына нақты тапсырма жүктеді.

Мұнан соң Белкөл кенті тұрғындарымен кездесті.

Белкөл кентінде соңғы жылдары кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Оған дәлел ретінде 2023 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 71 кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, тұрақты 71 жұмыс орны ашылғанын айтуға болады.

Мемлекеттік бағдарламалар бойынша Бел­көлде 2022 жылы  Өңірлік  инвестиция орталығы  «Микробизнес-Кызылорда» микроқаржы ұйымы арқылы  жалпы құны 28 млн теңгені құрайтын 3 жобаны қаржыландырған еді. Осыған ұқсас «Аграрлық несие корпорациясы»  АҚ құны 5 млн теңгені құрайтын 1 жоба қаржыландырды. Сонымен, бағдарламалар арқылы 2021-2025 жыл­дарға арналған  кәсіпкерлікті дамыту аясындағы 9 жоба қолдау тапты. Жобаның құны 99,2 млн теңге.

Былтыр кәсіпкер атанып, бизнес ашқысы кел­ген 23 адам «Бизнес-Бастау» оқу курсын оқып алған. Оның 20 адамы мемлекеттік грантты (400 АЕК) ұтып алған.

Биылғы 2023 жыл басталғалы «Бизнес-Бастау» бағдарламасы бойынша  21 тұрғын оқу курсын аяқтаған. Жаңа бизнестің тың идеяларын іске асыру үшін қайтарымсыз грантқа өтініш берген. Оның 1-ші легі  бойынша 4 тұрғын грант жеңімпазы атанды.

Солардың бірі – жеке кәсіпкер Майра Ізбасқанова «Өңірлік инвестиция орталығы» арқылы кір сабын жасап шығару үшін қолданылатын құралдарына шамамен 4 млн теңге қаржы алуда. Осы өңірлік инвестиция аясында қосымша «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 179,5 млн теңге қаржыны құрайтын 25 жобаның құжаты қаралуда.

Сонымен қатар Белкөл кентінде биыл темір­жол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір пайдалануға берілді. Әлеуметтік нысандарға апаратын жаяу жүргінші жолдар жаңартылуда. Сондай-ақ кентте жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл жұмыстардың барлығына ел азаматтары саралап, бақылау жасап отыр. Сонымен қатар қала әкімі көптеген шаруаны жүзеге асыруда олқылыққа жол бермеу қажеттігін айтып, тұрғындардың ұсынысы ес­керусіз қалмайтынын жеткізді.

Қала басшысы мұнан кейін Қосшыңырау ауылдық округіне барды.  Онда  ауылдық округ­тің әкімі Сейдуәлі Әбдіқадыров биыл жүзеге асатын құны 1 млрд 318 млн теңгені құрайтын жобалары туралы баяндады.

Ауылдық округ бойынша бекітілген бюджет 179 млн  846 мың  теңгені құраса, бүгінгі таңда 448  млн 558 мың теңге болып отыр. Оның ішінде 56  млн 523 мың теңгесі Қосшыңырау округіне қарасты  Досан елді мекеніндегі 5 көшеге асфальт төсеуге қаралған. Бұдан бөлек осы елді мекеннің Д.Елеусінов көшесіне жаяу жүргінші жолы салынып, түнгі көше жарықтарының жұмыстара жүргізіледі.

Сонымен қатар алдағы уақытта Абай елді мекенінің кіре беріс жолына да көше жарығын орнату жұмыстарымен, жаяу жүргінші жолын Махамбетов пен Шоқай көшесіне салуға қаржы қаралған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, жарық баға­наларын орнату  мен Досан елді мекеніндегі кө­шелерді жарықтандыру және көгалдандырау жұмыстарының жоба құны 191,5 млн теңгені құрайды. Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін жүзеге асырылмақ.

Сондай-ақ Досан елді мекенінде 10 көшеге қиыршық тас төсеу әрі медициналық бекет салу жоспарланып отыр.

Жоғарыда аталған елді мекендер бойынша газдандыру жұмыстары да басталып кетті. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 663 млн теңге қаржы қаралған. Енді елді мекендердің газдардыру жұмысы аяқталса, көмір жағып, күл шығару машақатынан құтылмақ.  Құрылыс-монтаж жұмыстарын осы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.            

Округте кәсіпкерлікті қолдау бағыты ая­сында 225 шағын кәсіпкерлік нысаны яғни (заңды тұлға – 8, жеке кәсіпкерлер – 141, шаруа қожалықтары – 76) тіркелген. Ал биыл 2023 жылы 13 кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, 14 жаңа жұмыс орны ашылған. Былтырғы жылмен салыстырғанда 4 кәсіпкерлік нысанға артқан.

Несиелендіру бағыты бойынша барлығы 88,3 млн. теңгені құрайтын 12 жобаға несие берілген. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы аясында мемлекеттік грантқа 12 адам құжаттарын тап­сырған. Оның екінші кезеңінде ауыл округінің 2 азаматы мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болған. Гранттың жалпы құны  2 млн 760 мың 200 теңгені құрайды.

Досан елді мекеніндегі тұрғындардың ден­саулығын қамтамасыз ету үшін жаңа меди­циналық бекеттің, яғни медициналық-амбулаторияның құрылысы басталды. Амбулаторияның іші ал­ғашқы көмек беру құралдарымен және дәрі-дәрмектермен қамтылады.  Бұл жобаның құны 138.6 млн теңгені құрайды.

Балалардың мектепке баратын басты 3 кө­ше­сіне, яғни Абай және Досан елді мекеніне жоба құны 107 млн теңге болатын жаяу жүргінші жолы салынбақ. Сол жолдың бойындағы мектептерде жалпы 902 оқушы білім алуда. Олар  №138 Абай  атындағы және №280 Досан орта мектептерінде оқиды. Мектептердің ішінде бейнебақылау каме­ралары орнатылған. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру бойынша Абай ауылында «Ата Мұра Орда» 100 орындық жеке балабақшасы бар. Онда  85 бала тәрбиеленуде.

Ауылдағы мәдениет үйінің жанынан құрылған «Ақниет» әжелер ансамблі, «Шабыт» көркемсөз оқу, «Дарын» домбыра, «Ән шырқайық», «Бисер», «Сурет», «Заманауи» және «Спорт» би үйірмелері жұмыс істейді. Үйірме 250 оқушымен қамтылған.

Жалпы Қосшыңырау ауылдық округі бойын­ша 2023 жылы жүзеге асырылатын жобалардың құны 1 млрд 318 млн теңгені құрайды.

Қала әкімі қай ауылға барса да кент пен ауылдық округіне жиналған тұрғындар өз алғыстарын білдіріп, өзекті мәселелерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Халықтың бағасы бәрінен жоғары екенін атап өткен шаһар басшысы Асылбек Шәменов тұрғындардың талап-ұсыныстарының орындалуын жеке бақылауына алып, тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Айта кетейік, шаһар басшысының тұрғындармен кездесуі қаламызды өзге де ауылдарда жалғасады. 

Назира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: