Сейсенбі, 23 шiлде, 12:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58-2068
23.07.2024
PDF мұрағаты

Көктемгі егіс: Еңбек етіп, мол өнім жинау қажет

11.04.2023

998 0

Күн жылып, жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі дала жұмыстары Қызылорда қаласында да қарқын алды. Бұл – күзде орғанын кәдеге жаратқан егіншілердің тағы да қарбаласқа түсетін, қайнаған еңбектің қызатын шағы. Егістік жерді тазалау, жер жырту, тұқым себу, суару жұмыстары рет-ретімен жасалып, мол өнім алуға бағыт ұсталады.

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатыны баршамызға белгілі. Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында бағдарламаларды жүзеге асыру қарқынды даму үстінде. Қазақтың жүрегі – ауылда. Жаһандану дәуірінде қазақылықтың қаймағын бұзбай сақтап отырған ауыл адамдары екені баршаға мәлім. Жылма-жыл егіс көлемін ұлғайтып, жер Анадан берекелі өнім жинай білген, төрт түлігін түлетіп, ыдысы ақтан арылмаған жергілікті тұрғындардың табыс қазанын қайната түсуіне үлкен жол ашылып келеді.

Олай болса, биылғы көктемнің шуағымен, жер-ананың қызуымен егілетін көктемгі егістің барысы қалай? Қанша гектар жерге егін егілмекші? Техникалар күші жеткілікті ме? Осы сұрақтарымызбен қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне

хабарласқанды жөн көрдік.

Дайындық басталды

Бөлім мамандарының айтуынша, биыл барлығы 9036 гектарға егін егу жоспарлануда. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 3610 гектар, дәнді дақыл –107 гектар, бау-бақша, көкөніс – 2820 гектар, мал азықтық дақыл – 2499 гектар.

Ерте көктемде егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары басталып, бүгінгі күнге 1849 гектар ескі жоңышқаны тырмалап, 170 гектар жаңа жоңышқа, 52 гектар жаздық бидай, 35 гектар қант құмайы егілді. Қашыртқылар мен су арналарын тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу бойынша ішкі су жолдарын 54300 текшеметр топырақ шығарылып, 4 гидробекет пен 2 су құрылысы жөндеуден өтті.

Сонымен қатар осы жылдың егісіне 918 тонна күріш тұқымы құйылып, оның 23%-ын отандық сорттар, 77%-ын ресейлік сорттарды құрап отыр. Қажетті минералдық тыңайтқыштың көлемі 3278 тоннаны құрап, толығымен сатып алынды. Оған қоса ауыл шаруашылығы құрылымдарының сұранысы бойынша биыл арамшөптерге қарсы қолданатын гербицидтердің қажетті көлемі 4264 литрді құрап отыр.

Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті 1007 тонна дизель отынын жеткізіп беруші операторлар «РК Мұнай» және «Жібек Жолы LTD» ЖШС белгіленді. Бүгінгі күнге шаруашылық құрылымдарының қажетті дизель оты­нының сұранысы бойынша келісім-шартқа оты­руда. Айталық, 1 литрі 215 теңгеден босатылуда, көктемге-479 тоннаны, күзге-528 тоннаны құрауда. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 148 ауыл шаруашылығы техникасы қатысуда. Оның ішінде 91 трактор, 22 трактор тіркемесі, 21 соқа, 9 дән сепкіш, 5 жүк көлігі бар.

Егін егемін десең,

жер беріледі

Сонымен қатар облыс әкімінің жергілікті ауыл тұрғындарын өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында қосымша жерлер дайындап беру тапсырмасына сәйкес 30 гектар жер ашып беру жоспарлануда. Қарауылтөбе ауылдық округінен-10 гектар, Қызылөзек ауылынан-20 гектар болып белгіленді. Осыған орай қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми сайтына хабарландыру жарияланып, бүгінгі күнге 25 тұрғын егін егуге өтініш білдірген. Өтінім қабылдау жалғасуда.

Күріш дақылдарын егу оңтайлы мерзімдері бойынша «Ы.Жақаев атындағы Қазақ Күріш ғылыми зерттеу институты» ЖШС арқылы жасалып, сәуір айының 3-ші онкүндігінде бастау жоспарлануда. Көктемгі дала және егін егу жұмыстарының атқарылу барысы тұрақты бақылауда.

Тілші түйіні

Бүгінде қаладағы ауа райының құбылып тұрғанына қарамастан жауаптылар да көктемгі дала жұмысына білек сыбана кірісіп кетті. Ал шаруалардың еңбегінің нәтижесін уақыттың өзі көрсетеді.

Негізі егін егу – жауапты кезең. Көктемгі егіс – дала жұмыстары алдағы уақытта да қарқын ала түспек. Ендігі міндет – берілген мүм­кіндікті толық пайдалана отырып, ұйымшылдықпен еңбек ету. Басты мақсат – егін егу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтап, мол өнімнің негізін қалау. Бұл берекелі, игілікті іс барысында егін егумен айналысатын әрбір шаруашылықтың басшысы мен диқандарға үлкен жауап­кершілік пен міндет жүк­теледі. Себебі көктемнің әр күні жылға азық деген…

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: