Жұма, 26 сәуiр, 16:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Комиссия отырысында үш жылдық бюджет талқыланды

23.11.2021

1771 0

Жуырда қалалық мәслихат жанындағы бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Жиында алдағы үш жылға арналған бюджет мәселесі қаралды. Бюджеттік комиссия отырысына қала әкімінің орынбасары Ғ.Жаңабаев, тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Е.Нұртазаев төрағалық еткен мәжілісте 2022-2024 жылдарға арналған қала және кент, ауылдық округтер бюджетінің салаларға бағытталуы талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасап, депутат­тардың сауалдарына жауап берді. 

Үш жылдық бюджет тал­қы­ланған жиында халық қалау­лылары ұсыныстарын да айтты. Мәселен, депутат М.Әбдіқалықов Әл Фараби шағын ауданындағы тұрғындардың өз бетінше тарт­қан электр және ауыз су же­лі­лерін жаңарту жобасын бюджет­ке енгізу қажеттігін айтса, Г.Мұсаева Қызылжарма ауылдық округіндегі мәселелерді назарға салды. Ал қалалық мәслихат хатшысы И.Құттықожаев Титов шағын ауданында орналасқан №173 мектеп жанындағы көшеге /Т.Бокин көшесі/ тротуар салып, жарықтандыру және Саламатов, С.Бейбарыс, Мұратбаев көшелеріндегі көпірлерді күтіп ұстайтын мердігер мекемелерге талапты күшейту, оның ішінде қысқы мезгілде ұдайы назарда ұстау қажеттігін қаперге салды.

Қызылордада бұдан да басқа мәселе аз емес. Халық қалаулылары бұқара мен биліктің арасында алтын көпір қызметін атқарып, дүйім жұрттың проблемасын көтеріп келеді. Жиында Ж.Нұрымбетов Тасбөгет кентіндегі су сүзгі станциясын орталық су сүзгі станциясына қосу жобасының қаржыландырылуы жайлы мәселе көтерсе, А.Ізден Ақсуат ауылдық округінің инфрақұрылымын дамыту, қалада ауыз суды пайдалану нормалары мен халықтың суға төлем мәселелерін сөз етті. Сонымен қатар Т.Телеубаев Универсам шағын ауданы аталып кеткен тұрғын алабындағы 31,32-ші көпқабатты тұрғын үйлер жанында орналасқан кәріз су станциясын жаңғырту, Есенов-Желтоқсан көшелерінің қиылысына жол белгісін орнату, «халық қатысатын бюджет» жобасын ақпараттандыруды күшейту керектігін айтты.

Бұдан бөлек М.Жүсіп Ақжарма ауылдық округін дамыту бойынша ауылдық амбулатория салуды бюджеттік жобаға енгізуді ұсынса, Е.Әбдісаттаров жергілікті атқарушы органдарға берілетін депутаттық сауалдардың зерттеліп, сапалы орындалуын жүзеге асыру мәселесін көтерді.

М.ЖӨКЕБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: