Бейсенбі, 10 қазан, 10:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Маңызды мәселелер шешілетін күн жақын

12.05.2021

5796 0

Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев мереке күндері демалыстан гөрі шаһардағы маңызды мәселелердің шешімін іздеуді жөн көргендей. Өйткені жұрт демалып жатқанда әкім қаланың біраз жерін аралап, күрмеуі көп мәселелерді тыңғылықты зерттеп қайтты. Алдымен өз жұмысын қаладағы аяқ су жүйесінің деңгейі мен насостық құрылғылардың жұмысын бақылаудан бастады.

«Сырдың жағасында тұрып, аяқ судан тапшылық көрмеуіміз керек» дегенді алға тартқан қала басшысы Тәуелсіздік даңғылының бойында орналасқан су тарту насосының жұмысын көрді. Дарияның деңгейі төмен болғандықтан бұл жерден әзірге су тарту мүмкін емес екен. Міне, қала орталығына аяқ судың келмеуіне осы себепкер болып тұр. Ал Қорқыт ата монументінің жанында орналасқан насостың жұмысы тоқтап тұрғанының себебін «Бұл құрылғының да жұмысын бастауына су деңгейінің төмендеуі кедергі болып тұр. Қосалқы құбыр жалғасақ, су тартуға қиындық туғызбайды», – деп түсіндірді әкімнің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев. Ал Ғанибек Қонысбекұлы өз кезегінде тиісті жұмыстарды жүргізіп, насосты жұмысқа қосу үшін жауаптыларға 3 күн уақыт берді.

Жалпы Сырдарияның деңгейі төмендегендіктен насостарды да бірнеше метр төменге түсіру керек екен. Қала әкімдігінің фейсбуктегі ресми парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, Сыр ана монументінің жанынан су тартып, Арай каналына жіберетін насостың да орны ауыстырылып, қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр-мыс.

Қала әкімі қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған насос жүйелерімен де танысып қайтты. Оның ішінде 20 сәуірден бастап жұмыс істеп тұрған Жібек жолы каналына су айдайтын станса бар. Сонымен қатар Н.Назарбаев даңғылы бойындағы стансаға да барды. Мұнда қаланың негізгі арық жүйелерін сумен қамтитын 4 насос орналасқан. Ол насостың екеуі үзіліссіз жұмыс жасайтын болса, екеуі қосалқы құрылғы.

Қаладағы арық жүйелерінің жалпы ұзындығы 54,6 шақырым, ал 20 каналдың ұзындығы 31,3 шақырымды құрайды. Қаланы аяқ сумен қамту үшін каналдардың бойына барлығы 13 насос орнатылса, жасыл желектерді суару үшін қызмет ететін қосымша 11 жер асты ұңғымасы жұмыс істейді екен. Әкім осы аяқ су тарату жүйесіндегі проблемаларды шешудің жолы әлі де қарастырылатынын айтты.

рық жүйелері мен саябақтарға келетін аяқ суға арнады. Алдымен Келменбет батыр саябағына барған ол мұндағы көгалдандыру жұмыстарына және аяқ сумен қамтылуына назар аударды. 1 мың 123 шаршы метр аумақты алып жатқан саябақ Қорқыт ата және Ясауи көшелерінің қиылысында орналасқан. Ол жер асты ұңғымасы арқылы суарылады екен. Жер асты ұңғымасы арқылы суарылатын орындар ішінде Темір жол саябағы да бар. Саябақты толықтай аяқ сумен қамтамасыз ету үшін демеушілер есебінен 80 метр тереңдіктен су тартатын ЭЦВ-6 насос қондырғысы орнатылған. Әкім өткен жылы жаңғыртылған саябақты көркейту жұмыстарын арттыруды тапсырды.

Қаладағы арық жүйелері осы кезге дейін Жібек жолы және Сарқырама магистральді каналдары арқылы сумен қамтылып келген. Сарқырамаға сәуірдің аяғында су жіберілсе де дария деңгейінің төмендігі аяқ су мәселесін қиындатып тұр. Осы орайда әкім «Екі каналды байланыстырып, Жібек жолы арқылы Сарқырама каналына су беру, қала орталығын аяқ сумен қамтудың тың тәсілі болмақ», – деген ойымен бөлісіп, сала басшыларына сол жұмыстарды жүргізуге тапсырма берді. Сондай-ақ әкім қаланы шет пен орталық деп бөлмей, барлығын бірдей аяқ сумен қамтамасыз етуді тапсырып, барлық жұмысты өзі бақылайтынын айтты.

Шаһар басшысы тұрғындар игілігі үшін қызмет еткісі келетінін әу бастан-ақ байқатты. Ол креслодан гөрі жүріп жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп, бақылауды жөн санайды. Әсіресе халықтың көкейінде жүрген сұрақтар, шешімін таппай жүрген мәселенің бірқатарын қатаң бақылап, жүйелі жұмыс істеуді тапсыруда. Мұны әкімнің негізгі қызметін, халық үшін жұмыс істеу керектігін жете түсіне білген ол қаладағы қоғамдық көлік жайын тексергенінен аңғаруға болады.

Шаһар басшысы қалаішілік маршруттың біріне мініп, жолаушылар тасымалының сапасын және әлеуметтік маңызы бар бағыттардағы жол ақысын төлеуде электрондық жүйенің пайдаланылуын бақылады. Одан бөлек көліктердің тазалығы, жолаушылардың ұсыныс-пікірі де қала әкімінің назарынан тыс қалмады.

P.S.

«Әкім болу – халқына жақын болу» деген ұғымды жақсы түсінген Ғанибек Қонысбекұлы қызметке келгеннен бастап халық сұрауындағы мәселелерді реттеуді тапсыруда. Тапсырманы жауапты мамандар өз деңгейінде атқарып, мәселені шешу үшін барынша тырысып та жатқан секілді. Ал тұрғындар қала басшысы тапсырманы беріп қана қоймай, өзі қатаң бақылап, шешімін табу үшін барынша жұмыс істейтініне сенеді. Бірқатар саладағы мәселе қалыпқа келсе әкім де халықтың көңілінен шығары анық.

 Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: