Сенбі, 04 мамыр, 05:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Өнер сарайы халықтың руханият бесігі болмақ 

30.05.2023

508 0

Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт қол үзіп, рухани демалыс жасаудың пайдасын көзі ашық жұртшылық бүгінде жақсы түсінеді. Соған сай театр, мәдениет үйіне ағылатындар да жетерлік. Бұл қала тұрғындарының рухани құндылықтарға басымдық беретінін аңғартса керек.

Бүгінде аймақ халқының рухани демалыс орнына айналған Н.Бекежанов атындағы қазақ-музы­калық академиялық драма театры қызмет көрсетеді. 600 орын­дық руханият ор­дасында белгілен­ген кестеге сәйкес спектакльдер, эстра­да жұлдыздарының концерті, шығарма­шы­лық кештер ұйым­дастырылады. Бұдан бөлек қалада А.Тоқмағамбетов атын­дағы мәдениет үйі бар. Бұл мекемеде жоспар бойынша сал­танатты жиындар, іс-шаралар өтеді. Десе де, халық саны өсіп, сана жаңғырған тұста аталған руханият ордаларына деген сұраныстың артуы заңдылық.

Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызыл­ордадан заманауи үлгідегі бірнеше әлеуметтік нысан салу туралы бас­тама көтерген еді. Соның бірі – Бейбарыс сұлтан көшесі бойынан іргесі қаланған Өнер сарайы.

Аталған ру­ханият ошағының іргесі был­тыр қаланды. Екі гектар аумаққа салынып жат­қан ғимараттың жалпы ауданы 12,4 мың шаршы метрді құрайды. Ал көпфункционалды кешеннің сыйымдылығы 1000 орындық. Онда мәдениет саласының симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі деп жоспарлануда.

Бүгінде аталған екі қабатты ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанның жоба-сметалық құжаты демеушілер есебінен әзірленген. Ал жоба құны 3 млрд 370 млн теңгені құрайды. Өткен жылы басталған құрылысты жүргізуге 289 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Биыл 3 млрд 80 миллион теңге игерілуі қажет. Руханият ошағын жоспар бойынша жыл аяғына дейін ел игілігіне беру көзделіп отыр.

Аймақта 60 жылдан астам тарихы бар «СМП-Қызылорда» ЖШС құрылыс компаниясы Өнер сарайының құрылысын жүргізуші мердігер мекеме. Сонау Кеңес заманынан бері құрылыс саласында еңбек етіп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған бұл ұжым тек облыста емес, республика көлемінде әлеуметтік нысандардың іргесін қалап келеді. Екі өнеркәсіптік базасы жасақталған компанияға артылған жауапкершілік жүгі де ауыр. Сондықтан халық игілігіне қажетті ғимаратты талапқа сай сапалы әрі уақытылы орындауды мамандар жақсы сезінеді.

– 1000 орындық Өнер сарайының құрылы­сы былтыр басталған. Ауқымы кең жоба болғандықтан нысанды салу өтпелі кезеңмен жүргізілуде. Бұйыртса, биыл желтоқсан айында пайдалануға беру жос­парланған. Қазір құрылыс ба­сында 119 құрылысшы жұмыс істеуде. Әрқайсысының өзіне жүктелген міндеті бар. Күнделікті азанымен жұмыс қыза бастайды. Ел игілігіне қажетті ғимараттың сапалы салынуы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін тиісті мамандар қадағалауда. Құрылысқа қажетті барлық техникалар, құрал-жабдықтар толық қамтылған, – дейді  «СМП-Қызылорда» ЖШС бас инженері Жанаман Құлжанов.

Бас инженердің айтуынша, құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар мекеменің өндіріс ошағында шығарылады екен. Тек кейбір құралдар мен шикізат өнімдерін ғана сырттан әкеледі. Сол себепті мұнда жетіспеушілік жағдайы жоқ. Құрылыс саласында 62 жылдық тарихын қалып­тас­тырған мекемеде мұндай ұсақ-түйек кемшілік болмауы тиіс. Сапаға жұмыс істейтін ұжымға абырой бәрінен маңыз­ды.

Жалпы «СМП-Қызылорда» ЖШС бұл салада бірінші санатты мекеме. Жоғарыда айтқандай екі өнеркәсіптік базада 400-ден аса маман еңбек етеді. Бұған дейін облыс орталығындағы Қорқыт ата кешенін, Арай, СПМК-70 шағын ауданындағы тұрғын үйлерді салған. Бұдан бөлек Қазалы ауданында балабақша, Ақтөбе қаласында спорт комплексінің құрылысын, сондай-ақ түрлі әлеуметтік нысандарда ағымдағы және күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген.

Шаһардың жыл санап көркейіп, зәулім ғимараттар бой көтеріп жатқандығын байқау қиын емес. Әсіресе биыл Бейбарыс сұлтан көшесі бойындағы құрылыс қарқынды жүруде. Бірқатар әлеуметтік нысан орналасқан көше бойы қайта жаңғыртылып, Өнер орталығы мен Неке сарайы бой көтермек. Ал облыс әкімдігінің алды жазғы уақытта саялайтын демалыс алаңына айналмақ. Онда жарық шамдар, скверлер мен субұрқақтар орналастырылып, жанға жайлы жағдай жасалады. Одан бөлек көркейту-көгалдандыру жұ­мыстары жүргізіледі. Осылайша, «Сыр Ана» мону­менті, облыс әкімдігі, шығармашылық үйі, бірқатар білім ошақтары мен ана мен бала орталығы, орталық мешіт орналасқан қатарға жаңа руханият ошағы  қосылады.

А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: