Бейсенбі, 10 қазан, 10:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Қалада да түйе бағуға болады

18.05.2021

8546 0

Жалпы мал-жан десе ойға бірден ауыл, таза ауа елестейтіні жасырын емес. Себебі бұл кәсіппен көбіне сол ауыл адамдары айналысады. Дегенмен қалада да мал өсіруге, оның ішінде түйе бағуға болады екен.

Қаланың іргесіндегі саяжайда түйе бағатын кісі бар дегенді естігенде біз де біраз таң қалдық. Қойнымызға дәптерімізді қыстырып, сол қалалық түйекешті іздеуге аттандық…

Амантай ағаны бұл саяжайдың тұрғындары жақсы біледі екен. Мұны біз сол жақтың бір тұрғынынан жол сұрағанда білдік. Сөйтіп түйе асырайтын Амантай Қарамырзаев ағамыздың шаңырағына келдік. Басында «Осы кезге дейін бірде-бір адам іздеп келген емес» деп таңданған ол газетке шығудан бас тартқан еді. Дегенмен көңілін тауып, бұл шынымен жаңалық болатынын түсіндіргеннен кейін ағамыз өз әңгімесін бастады.

– Үлкен тораңғыл төбе, Кіші тораңғыл төбе дейтін (қазіргі Сабалақ) жер бар. Мен сол жерде туып-өскем. Әкем ұзақ жыл паромда қызмет атқарды. 1956 жылы ол кісі дүние салған соң біз Тасбөгетке көшіп кеттік. Ол жақта жүргенде шопырлықты оқып бітірдім. Содан автобазада 35 жыл бойы жол қауіпсіздігі инспекторы болып қызмет атқардым. 1970-1980 жылдары Комсомол партия ұйымдарында қызметте болдым. Кеңес үкіметі құлаған тұста жұмыс болмаған соң осы жерге келіп, малмен айналыса бастадым, – дейді Амантай аға.

Әуелгісінде тек қой мен ешкіден бастаған ол кейін ірі қара асырауды да қолға алған. Кәсібі енді дөңгеленіп келе жатқан тұста үйлер салынып, мал жаятын жер қалмайды. Оның үстіне қала да үлкейіп келеді. Саяжай аты болмаса, қазір бәрі қалаға қосылып кеткен. Міне, осы тұста ол түйе бағуды қолға алады. Өз отбасында бұған дейін мал бағумен айналысқан ешкім болмаса да Амантай ағамыз бұл кәсіптің қыр-сырын әбден үйренген. Бүгінгі таңда оның 40 шақты түйесі бар.

Ағамыздан қалада тұрып мал бағу, оның ішінде түйе өсірудің жай-жапсарын сұрағанымызда қиындық барын жасырмады.

– Жалпы қай малды алсақ та оның қиыншылықтары болады. Тіпті тауықтың өзін дұрыс асырамасаң, құрттап-биттейді. Еңбексіз тірлік жоқ. Соның ішінде түйені айдап алып келу, сауғызу дегеннің өзі бір үлкен бейнет. Жасым 79-ға келсе де малды әлі күнге дейін өзім күтіп-баптаймын. Қала тиіп тұрған соң мал біреудің қорасына, үйжайға, әлде саябаққа кіріп кетуі мүмкін. Соның бәрін бақылап жүру керек. Оның үстіне үй жақта жайылатын да жер қалмады. Айдап алып келгенде 1-2 күн тұрады да қайта кетеді. Кейін оларды Жалағаш жақтан қайтадан үйге айдап келемін, – дейді қалалық түйекеш.

Жақында «нивасын» обал көріп, арнайы мал айдауға «уаз» сатып алған. Далалық жолда жүруге жақсы көлік дейді. Одан бөлек атқа отырып та Жалағаштан бері қарай түйелерді айдап келетін кездер болады. Қысқасы, Амантай Қарамырзаев ағамыз әлі де болса тың, оған өзі де, біз де шүкір дейміз.

Түйекеш әңгімесінде түйеден түсетін пайда да жақсы екенін айтты. «Шұбатының литрін 1000 теңгеден сатасың. Саусаң ақша ғой? Жесең еті бар дегендей… Бірақ қазір жүн мен терінің құны жоқ болып тұрған заман. Әуелгіде қызығып, терісін тапсыруға апарғанмын. Сөйтсе келісі 50 теңге тұрады екен. Бір қапқа бір келі ғана жүн сыяды. Ал оны алу үшін қанша еңбек кетеді. Сонымен бізде біреулер киім-кешек тігіп айналысса ғой, біраз пайдаға кенелер еді», – дейді ол.

Бүгінгі кезде Амантай ағамыз өз кәсібін жақсы меңгеріп алған жанның бірі. Өзгелерге жалынбай үй жануарына екпені де егеді, ауырса да емдейді. Қазір оның түйелерінен бөлек 40 шақты қойы, мінетін жылқысы бар. Жыл сайын мал басын да көбейтіп келеді.

Қалалық түйекештің басты ұстанымы – еңбек. «Барлық жетістік қажырлы еңбектің арқасында келеді. Жастар еріншек демеймін, өскелең ұрпақтың ішінде еңбекқорлары бар. Бастысы, қиындықтан қорықпау керек. Сол қиындық арқылы адам шыңдалады, сабақ алады», – деп ағамыз өз ақылын да айтты.

Расымен, еңбекқор адам ғана өз дегеніне жете алады. Ал ата кәсіптің ізін бүгінмен жалғап жүрген, оның үстіне қалада жүріп түйе бағатын Амантай ағамыз көпке үлгі. Немерелерін құшағына алып, ата болудан бөлек, осы мал бағудан жан рахатын тапқан.

Ойсыл қара төлінен табыс табуды тұтастай меңгерген Амантай ағаның мақсаты – мал басын көбейту. Біздің мақсат – осындай ерекше жандарды жұрт назарына ұсыну, мақтан тұту, насихаттау. Жақсының жақсылығын айту – қанға сінген қасиет. Ал бүгінгі кейіпкеріміз жұртқа үлгі болуға, мақтан етуге, мақтауға лайық екені сөзсіз.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: