Жұма, 29 наурыз, 13:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Қалада құрылыс қызып жатыр

28.03.2023

943 0

Қызылордаға көктем келісімен-ақ қаланың әр аумағында құрылыс қарқын ала бастады. Бейбарыс Сұлтан көшесіндегі жол құрылысы, әуежай мен шаһардағы бірнеше нысанның құрылыс жұмыстары қыза бастады. Ауқымды жұмыстардан бөлек қалаға қарасты ауылдарда атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Бүгінгі мақалада шаһардағы құрылыс аясындағы тынымды тірліктерге тоқталып өткенді жөн көрдік.

Жалпы Қызылорда облысы құрылыс секторындағы жоғары өсу қарқыны бар аймақтар қатарында. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров хабарлаған еді. «Орындалған құрылыс жұмыстары бойынша Жетісу облысынан басқа барлық өңірлерде оң өсім тіркелді. Әсіресе, құрылыс-монтаж жұмыстарының жоғары өсімі Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе, Абай және Қызылорда облыстарында байқалды», − деді ведомство басшысы.

Қызылордада алдағы уақытта еден плитасы, жол плитасы, іргетас блоктары, маңдайша, таспалы іргетас, баспалдақ, темір-бетон тіректері сияқты темір-бетон және тауарлы бетон өнімдері шығатын болады. Бұл жұмыстарды «Строительно-транспортная компания» ЖШС жүзеге асырмақ. Қазіргі кезде серіктестік тұрғын үй-құрылыс комбинатын салуда.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жоба құрылтайшысы «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы 370 млн теңге несие алып, құрылысын бастады. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 600 млн теңгені құраса, оның 2230 млн теңгесін инвестор өз қаражаты есебінен салды. Жобамен танысу мақсатында 1 ақпан күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барғанда құрылыс жұмыстары 85 пайызға аяқталғаны, комбинат сәуір айында жұмысын бастайтыны айтылды. Нысан іске қосылғаннан кейін өндірісте 90 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. 

Болат Өтемұратов қорының қаржысы есебінен Қызылорда әуежайының жаңа терминалы салынуда. Жаңа ғимараттың жалпы аумағы 7,5 мың шаршы метрден астам, жалпы құны 31 млн АҚШ долларын құрайды. Нысан пайдалануға берілген кезде көлік саласының көрсеткіштері бірнеше есе артады деген жоспар бар. Құрылыс  кезінде 600-ден астам адам жұмыспен қамтылса, аяқталғаннан кейін 64 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылмақ. 2025 жылға қарай жаңа терминал арқылы 3000 рейс орындалады деп күтілуде. Тасымалданған жолаушы саны 260 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайса, жүк тасымалы 150 тоннадан 300 тоннаға дейін артады деп межеленуде.

Қызылордада «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында жалпы құны  9,7 млрд теңгені құрайтын 27 нысан құрылысы жоспарлануда. Атап айтқанда, 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік және 1 медициналық бекет құрылысының тізімі Үкімет қаулысына енгізілді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі 15 медициналық амбулатория мен 1 медициналық бекеттің құрылысы биыл басталатынын мәлімдеді.

Қаладағы қарқынды құрылыстар қатарында Бейбарыс  Сұлтан көшесі бар. Жалпы ұзындығы 4,2 шақырым жолды қалпына келтіру жұмыстары ақпан айында басталып, 12 ай ішінде аяқталмақ. Мұнда әрқайсысының ені 3,5 метрді құрайтын 4 жолақты жол салу жоспарланған. Жалпы биыл қала мен қалаға қарасты елді мекендердегі 236 көшеге орташа жөндеу жүргізу үшін 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа 99 көшеге асфальт және 137 көше тас жол құрылысын салу жоспарлануда.

Ақсуат ауылдық округін газдандыру жұмыстары да жоспарға сай жүзеге асырылуда. 4500-ге жуық тұрғыны бар ауылға газ құбыры толық жүргізілген. 500-ге жуық үй осы көктемде көгілдір отынға қосылады деп жоспарлануда. Алдағы күздегі жылу беру маусымында ауыл тұрғындары газ игілігін көрмек. 2022 жылы бұл ауылдың орталығынан «Samruk – Kazyna Trust» корпоративтік қоры спорт кешенінің құрылысын бастаған еді. Салынып жатқан кешеннің жалпы құны 239 млн теңгені құрайды. Мұнда ауыл балалары спорттың барлық түрлерімен айналысуға мүмкіндік болмақ. Спорттық кешен келісім шарт бойынша тамыз-қыркүйек айларында аяқталады. Дегенмен мердігер мекеме басшылары құрылыс жұмыстарын екі ай көлемінде бітіріп, ел игілігіне пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар шаһарда Сырдария өзенінің сол жағалауында заманауи қаспетпен 10 ипотекалық тұрғын үй бой көтеруде. Тұрғын үй кварталында 5 қабатты 40, 50 және 60 пәтерлі тұрғын үйлер салынуда. Нәтижесінде пәтерлердің жалпы саны 470-ті құрайды. Құны 8,5 млрд теңге болатын жобаның құрылыс жұмыстарын 2023 жыл­дың cоңында аяқтау жоспарлануда.

Негізінен биыл облыста жаңадан 131 нысанның құрылысы жүргізілмек. Соның ішінде білім саласында 22,3 млрд теңгеге 22 нысан салынбақ. Оның 10-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы жаңа мектептерге тиесілі. Ірі нысандардың бірі ретінде Сырдарияның сол жағалауынан 300 орынға арналған жатақханасы бар 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың құрылысын жүргізуге қолдау табылды.

Денсаулық сақтау саласында 16 нысанды салуға 5,2 млрд теңге қаржы бөлінбек. Оның ішінде 12 дәрігерлік амбулатория, онкологиялық орталық, қан орталығы, Сексеуіл кентінде 40 төсектік аурухана салынады және Арал қаласында туберкулезге қарсы орталық қайта жаңғыртылады.

Мәдениет саласында да ауқымды жобалар іске аспақ. Құны 4,5 млрд теңгені құрайтын 11 нысан ел игілігіне бағытталмақ. Оның ішінде 8 ауылдық клуб, Қызылорда қаласында көпсалалы кешен, Неке сарайы, Әйтеке би кентінде 600 орындық клуб құрылысы жүргізу жоспарға енген.

Спорт бағытында жаңадан 7 нысан салу бастамасы бар. Оның басым бөлігі ауылдық жерлерде салынады. Мұнан бөлек Қызылорда қаласындағы көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілмек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: