Сенбі, 27 шiлде, 05:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59-2069
27.07.2024
PDF мұрағаты

Қалалық мәслихат: Таныс та бейтаныс есімдер

01.04.2023

638 0

Бұл аптада су жаңа депутаттар жұмысқа кірісті. Мәжілістен бастап, жергілікті мәслихаттың халық қалаулыларына депутаттық мандат тапсырылып, алғашқы сесссиясы да өтті.

Қызылорда қалалық мәслихатының VIII шақырылымына 23 депутат сайланды. Тең жартысы жаңарған мәслихат құрамында депутаттық жұмыстың майын ішкен тәжірибелілер де, бұған дейін депутат болмаса да, өз саласының білікті маманы, басшысы ретінде, қоғамда белсенді азамат ретінде танымал есімдер де, сондай-ақ көп жұртқа бейтаныстар да кездеседі.

Ең алдымен жаңа мәслихат құрамы­ның жас шамасына келсек, халық қалау­лыларының орта жасы – 48,4 жас болса, жасы үлкені 67 жаста, ең жасы – 34 жаста. Мәслихаттағы 23 орынның 6-ы нәзік жан­дарға бұйырыпты. Жастарға 3 орын берілген. Ал партия өкілдеріне келетін болсақ, мәс­лихаттағы 19 орын «Аmanat» партиясына, 3 орын «Ақжол», 1 орын «Ауыл» партиясына бұйырды. Жаңа құрамда түрлі саланың өкілдері бар. Анығын айтқанда, сөзден гөрі істің адамы саналатын кәсіпкерлер саны басым. Сонымен қатар білім, ғылым, мәдениет, денсаулық әлеуметтік сала өкілдері де бар. Сондай-ақ бұған дейін саясатта ісі жоқ банкир де, есепшінің де депутат болуы жаңа мәслихат құрамының жаңалығы. Қалай айтсақ та, ең бастысы, ел үміт артқан депутаттар ел сеніміне қызмет етсін дейміз. Сонымен, қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев жаңадан сайланған де­путаттарға ресми түрде депутаттық куәлік пен төсбелгі тапсырды.

VIII шақырылымның алғашқы сессия­сының ең маңызды тұсы – қалалық мәслихаттың төрағасын сайлау. Көпшілікке сайлаудан кейінгі қызық сұрақ та осы. Сессия барысында депутат Талғат Мақашев  қалалық мәслихаттың төраға қызметіне Ибадулла Құттықожаевтың кандидатурасын ұсынып, өзге әріптестері бірауыздан мақұлдады. «Ақжол» партиясынан сайланған депутат Ғибрат Байсейітов жас та болса алғашқы сессияда сөз алып, әріптесінің ұсынысын қолдап, мәслихат тізгінін ұс­тауда мол тәжірибесі бар Ибадулла Дүйсенбайұлының тағы да төраға болғанын құптады. Айта кетелік, төрағаның мәслихат тізгінін ұстауы бірінші рет емес, бұған дейін 3 рет мәслихат хатшысы болған И.Құттықожаев қалалық мәслихаттағы депутаттардың жасы үлкені әрі мәслихат жайын да, депутаттық міндетті де жақсы білетін тәжірибелі депутат.

Сессия барысында қалалық мәслихат жанындағы 4 тұрақты комиссиялардың құрамы мен төрағалары белгілі болды. Атап айтқанда, бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Ерлан Нұртазав, әлеуметтік сала және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға депутат Айгүл Мұсабаева, коммуналдық-шаруашылық және қала инфрақұрылымы мәселелері жө­ніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Д.Абызов, ауыл шаруашылығы, жер және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына депутат Мақсат Жүсіп сайланды. Сессия барысында «Amanat» және «Ақжол» партиясының депутаттық фракциялары тіркелді.

Сессияда сөз алған шаһар басшысы Асылбек Шәменов жаңадан сайланған депутаттардың жұмысына сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысының бастамасымен саяси реформа жүзеге асуда. Саяси жаңғыруға жаңа қадам жасалды. Конституциялық өзге­рістерге сәйкес Парламент, жергілікті мәс­лихаттар сайлауы өтті. Қалалық мәс­лихаттың VIII шақырылымындағы жаңа құрам барлық саланың өкілін қамтыды. Қаланың экономикалық дамуы депутаттар белсенділігіне тікелей байланысты. Үгіт-насихат уақытында халықпен кездесіп, мән-жайға қанық болып, ахуалды байқадыңыздар. Ендігі жұмыс – халықтың тұрмысын жақсартуға жұмыс істеу. Биыл атқарылар жұмыс көп, жобалар да ауқымды, – деген қала әкімі алдағы уақыт еншісіндегі жұмыс барысын, жүзеге асар жобалар жайын баяндады.

Топ жарып шығып, аты озған депутаттардың білек сыбана жұмыс істейтін кезі келді.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: