Бейсенбі, 02 мамыр, 20:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Қазыналы Қазалы құлашын кеңге жайыпты

16.08.2022

1568 0

Жыл жаңарған сайын облыс орталығымен қатар аудандар да өз деңгейінде дамып келеді. Өндіріс орындары өз өнімін шығарып, халық ахуалы жақсаруда. Аймақта атқарылған көп істе аудандардың үлесі де жоғары. Бүгінгі мақалада қадірлі оқырманды Қазалы ауданының тыныс-тіршілігімен таныстырмақпыз.

Құрылыста қарқын бар

Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында Қазалы ауданының бүгінге жай-күйімен кеңінен таныстық. Бірінші кезекте Әйтеке би кентінде салынып жатқан мектептің құрылысын көріп қайттық. 250 орынға арналған бұл мектеп облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен салынуда. Өткен жылы қыркүйекте іргетасы қаланған нысанда мектеп ғимараты, жылу қазандығы, баскетбол мен гимнастика алаңы, автотұрақ қарастырылған.

– Мектеп салуға қаржы бірінші кезеңде «Жұмыспен қамту бағдарламасы» арқылы республикалық бюджеттен бөлінді. Соған сәйкес мердігер мекеме жергілікті жұмыспен қамту орталығы арқылы 120 аудан тұрғынын жұмысқа алды. 2 қабатты мектептің құрылысы биыл аяқталып, қараша айында тапсыру жоспарланған. 1 гектар аумақты алып жатқан мектеп аудан орталығындағы балаларға жақын жерде білім алуға мүмкіндік сыйламақ, – деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Қуандық Іскендір.

Жалпы ауданда бүгінгі күні 2,1 млрд қаржы қарастырылған 17 нысанның құрылысы  жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 7 нысан қабылданып, пайдалануға берілсе, қалғанының құрылысы биыл басталған. Ал 3 елді мекенді газдандыру, 250 орындық мектеп, Кәукей ауылында 100 орындық клуб, Қазалы қаласында 140 орындық балабақша құрылысы әлі жалғасуда.

Түктібаев елді мекенінде «Ауыл − ел бесігі» бағдарламасы аясында ангар типті спорт кешенінің құрылысы жақында басталса, Әйтеке би кентіндегі бесінші квартал аймағын төмен қысымды газ және электр желісімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Емхана ел игілігіне берілді

Жақында аудандық емхана жаңа ғимаратқа көшіп келді. Маусым айының аяғында пайдалануға берілген емханада дертіне дауа іздеген аудан тұрғындары емделіп жүр. Жаңа ғимаратпен қатар арнайы құрылғылар қоса берілген емхана бүгінде күрделі ауруларды да анықтауға қауқарлы. Балтыры сыздаса облыс орталығына баратын аудан халқы бұл жаңалықты қуанышпен қабылдап, бүгінде игілігін көруде.

Екі ауысыммен жұмыс істейтін аудандық жаңа емхана бір күнде 500 пациентті қабылдай алады. Қазіргі таңда емханада 52 дәрігер, 120 орта буын қызметкер жұмыс істейді. Одан бөлек денсаулық мекемесі фиброгастроэндоскопия, ЛОР комбайн мен электроэнцефалография секілді жұмысты жеңілдететін заманауи құрал-жабдықпен қамтылған. Ал емхананың игілігін тұрғындар қалай көріп жатқаны туралы аудан тұрғыны Күнжарқын Дабыл айтып берді.

– Жаңа емханаға кіріп, еңсеміз көтерілді. Мұндай үлкен ғимарат салып берген сала мамандарына айтар алғысымыз шексіз. Бұрынғы ғимаратта бір кабинетте екі түрлі маман отырса, қазір әр бөлім қызметкері жеке қабылдай­ды. Аудан халқы мұндай үлкен және қызметі кеңейген ғимаратқа қол жеткізгеніне дән риза. Бұрын күрделі ауру болса Қызылордаға қатынайтынбыз. Қазір бар ем-домды өзімізден, ауданнан алуға мүмкіндік бар, – деп зейнеткер Күнжарқын Дабыл ризашылығын білдірді.

Көгілдір отын, көкжиек жол

Ауданда атқарылып жатқан іс қатарында көпті қуант­қан Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы арасындағы жолдың реконструкциясы бар. Жоба құны 2,4 млрд теңге­ні құраған 4 жолақты жол құрылысы биыл аяқталмақ. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен салынатын жолды «Стандарт ОЙЛ КЗО» серіктестігі салуда.

Жоба аясында 7 шақырымды құрайтын автомобиль жолы 4 жолаққа кеңейіп, 2 темірбетон көпірі мен 2 су өткізгіш құбыры жаңғыртылмақ. Одан бөлек авто жолға түнгі жарық шамдары мен аялдамалар орнатылмақ. Әр жолағы 3,5 метрді құрайтын жолда автобус аялдамасының алаңы да болады.

– Биыл ауданға бөлінген 4 млрд теңгеге 7 аудандық маңызы бар автомобиль жолы және кентішілік 11 көше жөндеуден өтуде. Бұл жол құрылыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар. Өз кезегінде мұндай жұмыстар аудандағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық дең­гейін 85 процентке жеткізуге септігін тигізбек. Сонымен қатар аудандық маңызы бар үш жолды және кент, ауылішілік 52 көшенің жол құрылысына облыстық, республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсыныс бердік. 3,5 млрд теңгені құрайтын жоба мақұлданса, кезеңімен жүзеге аспақ, – дейді аудандық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрман Бердәлиев.

Кент пен қаланы жалғайтын автожолдың құрылысы 2020 жылы басталып, баға өзгерісіне байланысты жоба-сметалық құжаты қысқартуға енген еді. Сол себептен арада кідіріс болып, бүгінде еш кедергісіз жұмыс қайта жанданған.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазалы қаласында 1558 тұрғын үй көгілдір отынмен қамтылды. 1 млрд 26 млн қаржы бөлінген бұл жоба 2020 жылы басталып, 2022 жылдың сәуірінен бастап қала тұрғындарының игілігіне берілді. Қалаға газ кіргізу үшін 58,9 шақырым газ құбыры жүргізіліп, 1 дана ПГБ мен 9 ГРПШ орнатылған. Қазіргі таңда қаладағы 260 тұрғын үй газға қосылған.

Газ игілігін көретіндер қатарында Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов пен Басықара елді мекендері де бар. Мәселен, Жалаңтөс батыр елді мекеніндегі сәуірде басталған орам­ішілік газ желісінің құрылысы қазан айында аяқталса ауылдың 1595 тұрғыны газбен қамтылады. Ал Қ.Пірімов ауылында 1303, Басықара елді мекенінде 1192 тұрғын көгілдір отынның игілігін көрмек. Қазіргі кезде Қ.Пірімов пен Басықара ауылында газ құрылысы бойынша желі жүргізіліп, газ тарату құрылғылары монтаждалды. Ендігі кезекте желілері жоғарғы ауа қысымымен тексеріліп, үрлеп тазалау жұмыстары жүргізілуде. Өз кезегінде Жалаңтөс батыр ауылында барлығы 14 шақырымды құрайтын газ желісі жүргізіліп, жоғары қысымды 4,5 шақырым газ құбыры төселуде.

Сондай-ақ Сарыкөл мен Абай ауылдарына орамішілік газ желісін жүргізу үшін аудандық бюджеттен 10,2 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Одан бөлек «ЮгГазПроект» ЖШС директоры Ж.Тәңірбергеновтің де­меу­шілігімен Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл мен Ү.Түктібаев елді мекендеріне газ құбырын жеткізу үшін ЖСҚ әзірленіп, қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Қазалыда ауданға қарасты ауылдардың жағдайын жақ­сарту мақсатында атқарылып жатқан іс ауыз толтырып айтарлықтай. Соның бірі – Қарлан көпірі. Аудандық маңызы бар Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей автомобиль жолының 16 шақырымындағы Қарлан учаскесінен Сырдария өзені арқылы көпір салынуда. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 95,381 млн теңге қаражат қарастырылып, жоба мақұлданған. Жалпы құны 4484,7 млн теңгені құраған бұл жоба аясында ұзындығы 248,29 метр көпір салынады. Нысанның жалпы ұзындығы 2,5 шақырым болса, кірме жол ұзындығы 2,305 шақырым. 17 айға созылатын бұл құрылыс ІІІ санатты автожол саналады. Бүгінде бірқатар жұмыстар басталып та кеткен.

Енді Қазалыдан жүргізуші куәлігін алуға болады

Облыста жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігі тек Қызылорда қаласында бар. Алайда бұл тек әзірге ғана. Жүргізуші куәлігін алу үшін аудан тұрғындары біраз әбігерге түсетін. Теория мен практикадан тұратын екі кезеңдік сынақтан өтеді. Бүгінде теорияны облыс орта­лығындағы бөлім ғимаратында тапсырса, практикадан автоматтандырылған электронды автодромда өтуде.

Бір бөлім барлық облыс тұрғындарына аздық ететіндіктен және Қызылорда қаласынан алыс аудандағылар үшін тиімсіз болғандықтан Қазалы ауданында автодром салу жоспарға енді. Бүгінде аталған жобаның ЖСҚ мақұлданып, құры­лыс жұмыстары басталып кетті.

Жалпы құны 119 млн теңгені құрайтын жобаға өткен жылы облыстық бюджеттен 5 млн теңге бөлініп, «Болашақ» серіктестігі тарапынан нысан орналасатын аумақ тегістеліп, құм төселді. Өтпелі кезеңге ауысқан жобаны жалғастыру үшін облыстық бюджетке өтінім беріліп, қаржыландыру күтілуде.

Жоба толық іске қосылған кезде Арал, Қазалы аудандары мен Байқоңыр қаласының азаматтары жүргізуші куәлігін алу үшін облыс орталығына келмей-ақ, Әйтеке би кентінде емтихан тапсырып, құжаттарына қол жеткізе алады. 

Бақша да, бақшаны суаратын бұлақ та бар

Баға бұғауға көнбей, шарықтап бара жатқаны көпке аян. Мұндай кезде қолдан келсе өз өнімініңді тұтынған абзал. Қазалылықтар бұл ұғымды жақсы түсінеді. Сондықтан да бақша егіп, өзі мен өзгені жергілікті өніммен қамтуды әдетке айналдырған.

Жалпы Қазалыда барлығы 17402 гектарға егін егу жоспарланса, бүгінде егіс жұмыстары толық аяқталып, егіс көлемі толық 100 процентті қамтыды. Соның ішінде барлығы 2364 гектар жерге дақыл егілген. Оның 330 гектары картоп, 970 гектары көкөніс, 1064 гектар бақша өнімі.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың әр отбасы өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар бақша өнімдерімен қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес ауданда қосымша 114 гектар жер дайындалып, оның 30 гектарына картоп, 70 гектарына көкөніс пен 14 гектарына бақша дақылдары егілген.

Одан  бөлек, Саркөл ауылдық округінде Түркіменбай Таубаев 7 гектар, Алға ауылында Келес Бұқарбай 2 гектар, Майдакөл ауылында Жеткерген Өтемісов 3 гектар жерге картоп, бақша мен көкөніс еккен.

− Бақшамен айналысып отырғаныма 5 жылдан асты. Зейнетке шыққаннан бастап мемлекеттен жалға жер алып, егін егеміз. Қазір бақшада картоп, қызанақ, қызылша, асқабақ өсіп жатыр. Жердің салығы қымбат емес, суғаруға да жағдай жасалған. Демалыс күндері балаларым да келіп, көмек қолын созады. Осы бақшаның арқасында қыстай өзіміздің өнімді тұтынамыз. Қалада тұратын балаларыма да жеткізіп береміз. Жеріміздің көлемі 70-80 сотықты құрайды. Судан аса бір тапшылық жоқ, каналдан әр бақша иесі насоспен тартып алады. Ешқандай дәрісіз, тек шіріген көңнің көмегімен осынша өнім алып отырмыз. Барлығы табиғи таза, жергілікті өнім, − дейді бақша еккен аудан тұрғыны Сахи Татаев.

Зейнеткер бақшалық қызметті әбден меңгерген. Жазда егінмен қатар, көң шірітіп, тыңайтқышын да өзі дайындайды. Қалаға іргелес орналасқан бұл ауылшаруа­шылық аумағында бақшамен айналысатын тұрғын көп. Бірі өзі-өзін қамтыса, өзгесі саудаға жібереді. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының жеке экономикасына елеулі оң үлесін қосатыны анық.

Аудандағы ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жағдай жасау да күн тәртібінен түскен емес. Өткен жылы қуаңшылық бұл саладағы біраз кемшілікті анықтап берді. Сол кемшіліктерді жою мақсатында ауданда жайылымдық жерлерді суару үшін су ұңғымалары қажетті елді мекен тізімі нақтыланған. Олардың қатарында соңғы 40 жылда бірде-бір бұлақ немесе құдық қазылмаған ауылдар да бар.

Бұл кемшілікті жою үшін Қарашеңгел, Шәкен мен Арықбалық ауылдарында 3 ұңғыма қазуға республикалық бюджеттен 61,8 млн теңге бөлінген. Қазіргі кезде Қарашеңгелде «Прайд ЛТД» серіктестігі мердігер ретінде анықталып, ұңғыма қазуды бастады. Ал Арықбалық пен Шәкенде «Энергия НҰР» ЖШС мердігер ретінде анықталды. Ұңғыма қазу жұмыстары тамыз-қыркүйек айларында басталады деп жоспарлануда.

Кәсібі кеңге жайылғандар көп

Қазалы ауданында шағын және орта кәсіпкерлік бойынша 5299 нысан тіркелген. Биыл 11 кәсіпкер өз жұмы­сын бастаса, 125 жобаға мемлекет тарапынан 1,5 млрд теңге қаржылай қолдау берілген.

− Қазалы ауданының тұрғындары кәсіпкерлікке бейім болғандықтан «Екінші Түркістан» деп аталып кеткен. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығынан бөлек өнім өндіру саласы да өз деңгейінде дамып келеді. Мәселен, биыл «Қызылорда өңірлік инвестиция» орталығынан 13 жоба қолдау тапса, соның 9-ы өндіріске бағытталған. Одан бөлек 2022 жылы 12 нысан іске қосылса, жыл аяғына дейін тағы да 7 кәсіпкерге толықпақ, − дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің жетекші маманы Арыстанбек Сермағанбетұлы.

Айта кетерлігі, көп кәсіпкер өз қызметін аудан орта­лығында бастайтыны заңдылық. Дегенмен ауылдық жер­лерде де қажетті кәсіп көзін ашу үшін жағдай жасалған. Мысалы, ауылға шаштараз, монша секілді нысан қажет болса ауыл әкіміне тапсырма беріліп, сол кәсіпке қызығу­шылығы бар азаматтар анықталып, жүзеге асыруына жағдай жасалуда.

Мемлекет қолдауымен 6 проценттік несие алып, өндірісін өркендетіп отырған азаматтың бірі – Талғат Ембергенов. Қазір ол арнайы ғимарат тұрғызып, ағаш өнімдерін шығаруда. 5 адам жұмыспен қамтылған бұл нысанда ағаш баспалдақтар, түрлі жиһаз жасалады. Кәсіпкер өз өніміне тапсырысты онлайн қабылдап, жүйелі жұмыс істеуде. Қазір­гі таңда оның цехынан шыққан ағаш бұйымдар Арал мен Қызылорда арасындағы аумақтарға саудалануда.

Кәсібін кеңейту үшін «Қазалы ағаш бұйымдары» жеке кәсіп иесі мемлекеттік грантқа өтінім берген. Бұл жобасы қолдау тапса мұнда ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған ойыншықтар жасалмақ.

Ал темір-бетон бұйымдарын шығаратын Ұлан Меңдібаев өз кәсібін 2020 жылы бастап, бүгінде 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл кәсіп иесінің өніміне аудан тұрғындарының сұранысы көп. Үйлердің кәріз жүйесіне арналған бетон сақиналары мен қақпағы жасалып, аудан тұрғындарына сатылады.

− 2013 жылдан бері сантехникалық жұмыстармен айналыстым. Уақыт өте келе кәріз жүйесіне темір-бетон сақиналарын орналастыратындар көбейді. Алайда аудан­да ондай өнімді табу оңай емес еді. 2020 жылы осы кәсіп­ті зерттеп, тиімділігі болғандықтан өнім шығаруды жоспар­ладық. Сұраныс көп, мамыр мен маусым айында өнім көптеп сатылады. Биыл өңірлік инвестиция орталығынан 4 млн теңге несие алып, жаңадан құрылғы сатып алдық. Алғашқыда құрастырылмалы қалыппен жұмыс істесек, бүгінде өндіріс автоматтандырылған. Шикізатты, яғни цементті Шиеліден, щебеньді Жаңақорғаннан келісімшарт бойынша алдыртамыз, – дейді «Ақжігіт» жеке кәсібінің иесі.

Алғашқы жылы 200 дана өнім дайындаса, өткен жылы сұранысқа сай 459 өнім саудаланған. Ал биылғы жарты­жылдыққа бұл өндіріс орнынан 700-ге жуық өнім дайын­далып сатылған.

«Ғани» сыйлығының иегерлері анықталды

12 тамыз − Халықаралық жастар күні мерекесіне орай Қазалыда Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығын табыстау шарасы өтті. Әйтеке би кентіндегі орталық алаңда өткен шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.

Салтанатты шарада аудан әкімі мен облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарға «Ғани Мұратбаев» атындағы республикалық жастар сыйлығының дипломын, төсбелгісін және естелік сыйлығын табыстады.

Салтанатты шараның жалғасы концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төріне көтерілген белгілі эстрада жұлдызы Өмірқұл Айниязов, Елордадағы мемлекеттік академиялық филармония солисі Алтынбек Әбілда және тағы басқа талантты әншілер көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ,

Қызылорда-Қазалы-Қызылорда

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: