Жұма, 19 сәуiр, 06:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Қоғамдық көлік қашан келеді?

27.08.2022

1087 0

Жергілікті қала тұрғындарымен кездесу Батырхан Шөкенов саябағында жалғасын тапты. Оған қала әкімі Асылбек Шәменовпен бірге қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев, қалалық мәслихат депутаты Ерлан Мұсаев қатысты.

Кездесуге қаланың өзге аймақтарынан да тұрғындар келді. Жиында айтылған мәселенің қай-қайсысы да қорға­сындай салмағы бар. Халықтың көңіл түкпіріндегі түйінді түйіткілдерін тыңдауға әзір екенін жеткізген қала әкімі айтылған ұсыныс, жолданған сауал жауапсыз қалмайтынын ашып айтты.

– Қазір ешкімнің бос уақыты жоқ екенін жақсы түсіне­мін. Отбасы тіршілігі мен жұмыс бабы деп зыр жүгіріп жүр­сіздер. Ал кездесуге алтын уақытын қиып, айтатын уәждері болғасын келеді. Айтқан мәселе тыңдалған жерде қалса жиынның қадірі қанша? Бұл кездесудің басты мақсаты –  сіздермен ашық әңгімелесіп, ойларыңызды білу, – деді қала әкімі өз сөзінде.

Сұрақ-жауап форматында өткен жиында тұрғындар ауыз су сапасы мен аяқ су жетіспеушілігін баса атап өтті. Соны­мен қатар қаңғыбас иттердің көбейіп кеткендігі, қоғамдық көліктің уақытылы жүрмеуі секілді күрмеулі мәселелер көпшілік сұранысын тудырды. Тоғыз қабатты тұрғын үй тұрғындары жедел саты орнатылса деген ұсыныс білдірді.

Жедел сатыға байланысты қала әкімі тұрғындардың келісімі қажет екенін айтып, мемлекеттік тапсырыс негізінде іске асатынын жеткізді. Қаңғыбас иттерге байланысты арнайы заң қаралатынын айтты.  

– Қала көлемінде ауқымды шаруалар атқарылды.  Барлық салада серпін бар. Оны экономикалық көрсеткіштердің өсімінен байқауға болады. Әлеуметтің әлеуеті де айтарлықтай артып, тұрмыс-тіршілік түзеле бастады. «Жас келсе іске» деген даналық сөз бар. Сізден халқыңыз көп жұмыс күтеді. Елдің ойын көзқарасынан білесіз деп есептеймін. Сізбен кездесуге қоғамдық көлікпен келдім. Жарты сағатқа жуық күткен шығармын. Арақашықтығы адамды жалықтырып жібереді. Жаңа оқу жылы да басталуға жақын. Онан кейін қыр астында жасырынып қыс тұр. Оқушылар маршурт күтіп сабақтарынан кешігіп қалса кім кінәлі? Қалаға келеді деген қоғамдық көлік қашан болады? – деді зейнеткер Ниязбек Мұханжанов.

– Облыс әкімінің тікелей қолдауымен үлкен сыйымды­лық­тағы жаңа 150 дана автобус алынатын болды. Бұл –  қо­ғамдық көліктің жүру кестесін қайта бекітіп, жол жүру жиі­лігін жақындатады. Осылайша сіздер айтып жат­қан қоғамдық көлік қатынасы жақсарады. Ол шетелден келе­тін­діктен құжаттарына байланысты сәл кешіктірілуде. Дегенмен қыркүйек-қазан айында толық келіп болады. Бұл аймақ басшысының тікелей бақылауында, – деді қала әкімі.

Кездесу соңында шаһар басшысы көтерілген мәселелерді шешу үшін тиісті мекемелерге тапсырма беріп, барлығын өз бақылауына алатынын, сондай-ақ ел игілігі үшін жасалған және алда жасалатын жұмыстарға тұрғындар тарапынан да жанашырлық болуы қажеттігін атап өтті.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: