Сенбі, 20 сәуiр, 15:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Қоғамдық көлік: жолақы қымбаттай ма?

15.04.2023

613 0

Нарықтағы күн санап өсіп жатқан бағалар  тұрмысы төмен отбасыларға айлығы шайлығына ғана жарап тұрған  қарапайым халыққа оңай емесі белгілі. Жолаушылар көлігінің бағасы көтерілмекші деген ақпарат та  желдей есіп жүр. Тіпті мәслихат депутаттары да жауапты мекемеге ат басын тіреген.  Енді жолақының  да құны өсетін болды дегенді естіп мұндай тәуекелге неліктен барғандығын білу мақсатында «Автобус паркі» мекемесінің басшы­сына хабарластық.

Мақсат Жүсіп, «Қызылорда» ав­тобус паркі» ЖШС директоры:

«Сәуір айында өтетін қалалық мәслихаттын VIII шақырылым депу­тат­тарының І сессиясына «Қала­лық тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлімі» комму­налдық мемлекеттік мекемесі қолма-қол тө­лемді 130 теңгеге көтеруге ұсыныс берді. Электронды түрде төлем ақысы 85 теңге болып қала береді.

Бұл – өз кезегінде жолаушылардың электронды түрде төлем жасауын арт­тырып, көлеңкелі кәсіптің алдын алудың бірден-бір жолы. Жаңашылдық қоғамдық тасымалдауда ыңғайлы және қаржы ағындарының ашықтығын қам­тамасыз етеді, автопарктің кірісін арт­тырып, жолаушы тасымалдауда мәде­ниеттілікті қалыптастырып келеді.

Қызылордалықтарға қазіргі таңда электронды түрде төлем жасаудың 8 түрі ұсынылған. Олар: SMS, QR код, ұялы қосымша, көлік және банктік карталарды қолданатын ұялы байланыс операторлары арқылы.

Сонымен бірге SMS BUS қосым­шасын кез келген телефоннан өзіңіз­ге жүктесеңіз, көліктің қай аял­дама­дан шыққанын, уақытын бақы­лай ала­сыз. Біздің жоспарымызда алдағы уа­қытта оқушылар тасымалын мекеме өз иелігіне алып, сапалы әрі қауіпсіз қызметті қамтамасыз етуге жауап­кершілігін алмақ».

Мекеме басшысының айтуынша, бірыңғай электрондық төлемге көшу қалың бұқараға  тиімді. Енді жаппай жұртшылық осы жүйеге көшсе қалта­сына салмақ түспейді. Ал қала тұрғындары не дейді?

Салтанат Садуақасова, қала тұрғыны:

– Өте дұрыс деп ойлаймын. Диф­ференциялдық төлем деген кез кел­ген салада болады. Қазір еліміздің біраз қаласындағы көліктер осы жүйе­мен жұмыс істейді. Кім қолма қол төлегісі келмейді. Жол картасын сатып алыңыздар. Болды. Мәселе  ше­шіледі. Жүргізушілер қолма қол төленген ақшаларды қалтарына салып отыр. Төлем түбіртегін бермейді. Халық оны сұрауды да білмейді. Тіпті жүргізушінің каспиіне аударып жатқандарды да көрдік. Тәрбие өзі­мізден басталу керек.

Айна  Әбілдаева, қала тұрғыны:

– Жолаушылар көлігінің жа­ғдайы жақсарып келеді. Үлкен сыйым­дылықтағы автобустар қаланың көр­кін келтіруде. Интервалдары да тұрақ­талды. Кіші сыйымдылықтағы көліктерге де жағдай жасалып, электрон­ды төлем картасымен төлеу жүйе­сі енгізілсе дейміз. Сонда халық жаппай осы электронды төлемді пай­даланар еді. Жол жүру бағасы кө­терілсе, кіші сыйымдылықтағы көлікке мінетін кісілерге оңай болмасы анық. Осы жағын жауапты мекеме ескерсе дейміз.

Гүлсара Бакиева, қала тұрғыны:

– Жеке көлігіміз болмаған соң маршруттарға телміреміз. Әсіресе кешкі уақытта көліктер лық толы сыймай қалып жатамыз. Сол газель­дердің орнына ең болмаса еркін тұрып баратын үлкен автобустар берілсе екен. Заманауи автобустар көбейсе, ел де өркениетке ұмтылып, төлемді электронды жүйемен төлейтін болады. Бұл халыққа өте қолайлы әрі ұтымды. Қолма қол төлемнің дәуірі бірте-бірте бітетініне сенімдімін.

Расында, үлкен сыйымдылық­тағы автобустар заманауи талап­қа сай реттеліп келеді. Кіші сыйым­дылықтағы көліктер туралы айтылып та, жазылып та жүр.  Олардың сапасы сын көтермейді. Амал жоқ діттеген бағытына жету үшін жолаушылар бір-бірін итеріп, сіресіп тұрғаны. Сес­сия шешімді оң деп тапса, бұл маршруттардың да  жол ақысы өс­пек. Бұл уақытша дейді серіктестік басшысы. Себебі серіктестіктің страте­гиялық жоспарына жыл көлемінде – «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС қалаішілік жолаушылар тасымалының барлық бағытын қамту кіреді екен. Сол жаңа жоба жүзеге асса кіші сыйымдылықтағы көліктердің орнын үлкен сыйымдылықтағы су жаңа автобустар алмастырмақ. Бұл – бола­шақтың бағдары. Бірақ нарықтағы бағада байлам болмай тұр. Құбылған бағаға жұрт наразы. Қазір мардымсыз жалақыны місе тұтқандардың қалтасын қағып кеткелі тұр.

Алайда көпшіліктің жанайқайына айналған жолаушылар көлігі мәселесі біртіндеп шешімін тауып келе жат­қанын да ешкім жоққа шығара қой­мас. Серіктестік басшысының мәлі­метіне сүйенсек, бүгінде қала ішінде 18 бағытта 150 автобус тұрғындарға қызмет көрсетеді екен. Оның он алты­сы қалаішілік болса, екеуі сая­жай­ларға қатынайды. Халық бұл жа­ғынан қоғамдық көліктің біршама жақсарғанына, үлкен сыйымдылықтағы автобустардың көбейгеніне разы.

Өркениетке иек артқан да дұрыс болар. Себебі көпшілігіміз осы көлікке орнатылған электронды төлемге мән бермей, қолма-қол төлем жасауды құп көреміз. Ол өз кезегінде көлеңкелі бизнеске жол ашуда. Халықтың на­зарын аударып, төлем жүйесін оңтай­ландыру үшін серіктестік осын­дай қадамға бармақ. Төлеген ақшаңыз мем­лекет қазынасына емес, жеке адамның қалтасына түсіп жат­қаны ұрлықпен тең. Ал кіші сыйым­ды­лықтағы көліктер мәселесі облыс басшылығының тікелей назарында тұр. Көп ұзамай бас қаланың көшелеріндегі кіші сыйымдылықтағы көліктің орнын жолаушыларға жайлы жаңа автобустар алмастыратын болады.

Ендеше баға көтеріледі деп дау­рыға берудің де реті жоқ секілді. Ол уақытша қиындық екенін сала мамандары терең зерделеп, түсіндіріп отыр. Заман талабына лайықты өмір сүруге талпынып, жаңалықтардың жақ­сысын өмірге енгізіп, мемлекет қаржысын талан-таражға салмаудың жолын қарастырғанымыз жөн. Электрон­ды төлем жүйесі – талдауды қажет етпейтін таңдау. Заман ағымы бізден өркениеттен қалмауды талап етеді. Олай болса, электронды тө­лем картасын пайдалануды әдетке айналдырып, өз ақшаңызды үнем­деңіз. Ал кіші сыйымдылықтағы кө­лікпен жүретін жолаушыларға жа­ғымды жаңалық  – мекеме басшысы мәлімдегендей  жуырда 150 автобус әкелініп,  қала тұрғындарына қызмет көрсететін болады.

 Г. ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: