Сенбі, 20 сәуiр, 23:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Қыс қарбаласы: тазалықшы да, техника да тынымсыз тірлік етуде

03.02.2024

1160 0

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

          Қызылордаға қылышын сүйретіп, қыс енді келді. Енді деп отырған себебіміз қызылордалықтар желтоқсанды қарсыз өткізді. Қаңтардың соңына таяу қар жауып, тұрғындар қысты сезінгендей болды. Ал ақпан айы қарлы боранмен басталды. Аппақ қарға оранған Қызылорда да кімдердің жұмысы қызатыны белгілі. Ол  «Қызылорда тазалығы» мекемесі.

          Таңмен таласа тазалықшылар көше бойындағы қарды күрекпен тазаласа, техника тізгіндегендер жол үстіне тұз сеуіп, көшені ашуда. Бәрі де қала тұрғындары үшін… Шыны керек, еңбек солардікі. Неге десеңіз, олар дәл бүгінгі сәтте күндіз-түні демалыссыз жұмыс істеуде. Осыған орай біз коммуналдық салаға арналған 24 САҒАТ бетін «Қызылорда тазалығы» мекемесінің бір күндік жұмысына арнадық.

          Үзіліссіз жұмыс істейтін мекеме

         Соңғы он жыл көлемінде қаланы көркейту, көгалдандыру, тазалығын қалыпта сақтау мәселесіне ерекше ден қойылып, тиісті шаралар қолға алынған еді. Әсіресе, желді аймақтың тазалығын сақтау  басты талап. Содан бері осынша уақыт өтсе де, бұл күн тәртібіндегі өзектілігін жойған жоқ. Қазір Қызылорда таза қалаға айналды.

         Осы уақыт ішінде қала тазалығына жауапты «Қызылорда тазалығы» мекемесі тұрақты жұмыс істеп келеді. 2013 жылы құрылған мекеменің қысы-жазы атқаратыны облыс орталығын мұз бен қардан, қоқыстан тазарту секілді қызметі бар. Мұның бәрін атқарып жүрген техника мен тазалықшыларды қала көшелерінен күнде көреміз.

          Кәсіпорында 500-ден астам адам жұмыс істейді. Оның ішінде 160 – тазалықшы, 67 жүк тиеуші, 26 учаскелік шебер, 16 механизатор, 43 арнайы көлік жүргізушісі бар. Қазіргі күні «Қызылорда тазалығы» мекемесіне тазалық жұмыстарына қаралған қаржы, кәсіпорынға түсетін негізгі кіріс көзі болып саналады.

         – Бюджеттен тазалық жұмыстарына қаралған қаржыға жыл сайын өз деңгейінде жұмыс істеуде. Сонымен қатар қаламыздағы көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторда тұрып жатқан тұрғындарға, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарға тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметін көрсетеді. Өткен жылы қоқыс полигонына 70 мың тоннадан жоғары қоқыс апарылды, – деді мекеме директорының орынбасары Ғабит Оспанов.

        Кәсіпорын  теңгерімінде 140 автокөлік бар. Оның ішінде 90-ы –  арнайы техника. 2022-2023 жылдары бюджеттен 1 268,4 млн қаржы қаралып, жалпы саны 31 арнайы техника сатып алынып, пайдалануға берілген. Ал осы жылға 885 млн теңгеге  29 арнайы техника алу жоспарланыпты.

        Қазіргі сәтте «Қызылорда тазалығы» мекемесінің қысқы тазалық жұмыстарын атқаратын 45 техника болса, оның 17-і былтыр алынған жаңа техникалар.

        Бір қызығы, әр техниканың атқаратын өз міндеті бар. Сырттай қарасаңыз, әр көліктің атқарған жұмысы бірдей секілді көрінеді. Бірақ олай емес. Бірі құм себетін, екіншісі қарды қыратын, үшіншісі қарды сыртқа шығаратын, одан тиеп алып кететін көліктер көше бойында өз жұмысын атқарып жүр.

         Биыл қаңтар айында 3820 тонна тұз-құм аралас қоспаны қала көшелері мен жаяу жүргіншілер жолдарына себілген. Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні 2000 тонна құм, 300 тонна тұз бар.

         Сонымен қатар қыс бойы мекеме тарапынан 200-ден астам адам халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде жұмысшы топ саны басым. Қазіргі уақытта қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Мұндағы тазалықшылардың тірлігі таң атысымен қызады. Әрқайсысының белгіленген аумағы бойынша өз міндеті бар. Таңның атысы, кештің батысы бір тірліктің басында жүрсе де, жұмыс көлемі азаяр емес.

Тазалықшылармен тілдестік

         Кейіпкеріміз Алтынбек Әлқожевтың «Қызылорда тазалығы» мекемесінде жұмыс істеп келе жатқанына 22 жыл болған. Қарбалас жұмыс арасында Алтынбек ағамен әңгімелесудің сәті түсті.

– Өзім қала тұрғынымын. Осы мекемеде жұмыс істеймін. Қала тазалауға таңғы 7.00-ден бастап кірісеміз. Қас қарайғанша тынбайтын тазалықшылардың еңбегі адал. Кейбіреуі бұл жұмысты қораш көрінуі мүмкін. Шыны керек, өзіме ұнайды. Әр маусымда атқаратын өз жұмысымыз бар. Бастысы, әркім өзіне тапсырылған істі уақытылы, сапалы бітірсе болды, – деді ол.

 – Жаздың аптаған ыстығында да, қақаған қыста да сыртта жүресіздер. Жалпы еңбегіңіз еленіп жатыр ма?

– Иә, біз жыл бойы көше бойында жұмыс істейтініміз белгілі. Жұмыс ауыр ғой. Бірақ өзім қанағат етемін. Еңбегіміз еленіп жатыр. Айлығымыз уақытылы. Қоғамдық көлікте тегін жүреміз. Тағы бір қуантарлығы, бізге еңбек демалысына шыққан кезде демалыс орнына тегін жолдаманы тегін береді.

Қала тұрғындарына айтарыңыз бар ма? Тазалыққа немқұрайлы қарайтындары да бар болар?

– Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау – тек біздің ғана емес, баршамыздың міндетіміз. Бірақ жыл артқан сайын тұрғындар да тазалық сақтауға үйреніп келеді. Қазір Қызылорда таза қалаға айналды. Осы атауға сәл де болса өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуанамыз. Әр тұрғын тазалықты өз ауласынан бастағаны жөн. Біздер көп нәрсе талап етпейміз. Қарапайым әр тұрғын белгіленген орынға ғана қоқысты тастаса деген ұсыныс бар.

Қар жауған сайын жұмыс көбейіп кеткен шығар?

– Әрине, жұмыс та, жауапкершілік те күшейеді. Қар жауғаннан бәріміз жұмыла жұмыс істеп жатырмыз. Жасыратыны жоқ, адам болған соң арасында шаршаймыз. Себебі қар тазалау оңай жұмыс емес. Бірақ жұмысшылар шыдамдылық танытуда. Өйткені уақытша ғой. Қыстың соңғы айы. Бұған да шыдаймыз.

         Қарды бүгін тазалаймыз. Ертең тағы жауады, оны тазалау тоқтамайды. Мекеменің техникалары көшені, ал біз жаяу жүргіншілер жолын тазалап жүрген жайымыз бар, – деп кейіпкеріміз бізбен әңгімесін аяқтап, қолына күрегін алып, жұмысына кірісті.

Айта кетейік, «Қызылорда-тазалығы» мекемесінің жай-күйі назарға алынып, біршама игілікті тірліктер жүзеге асқаны белгілі. Облыс әкімінің қолдауымен жұмысшыларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында тазалықшыларға қоғамдық көлікте тегін жүруі қамтамасыз етіліп келеді. Сонымен қатар жалақысы да өскен.

Алғыс та бар, арыз да жоқ емес…

Әрине, тұрғындар тарапынан алғыс жиі айтылады. Әсіресе, сырттан келген қонақтар қала тазалығына қатысты оң пікірлерін ауыз толтырып айтып жатады. Бірақ арасында тазалықшылардың жұмысына көңілі толмай даттайтындар да табылады. Қаншама еңбекті жоққа шығарып, наразылық танытатындар да кездеседі.

– Мекеме құрылған уақыттан бері қала тазалығын сақтауда біршама тірліктер атқарылды. Еңбек нәтижесіз деуге келмес. Тазалықты сақтауда тынымсыз тірлік істелгенін айта кеткен жөн. Шаһардың тазалық жұмыстары күнделікті әрі үздіксіз жүргізіледі. Сонда да тазаланған аумақ әп-сәтте үйілген қоқысқа толады. Қоқыс үйілген маңды суретке түсіріп, әлеуметтік желіде жариялай салады.

Жалпы қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды. Кейбірі атқарылып жатқан жұмысқа ризашылығын білдіріп жатады. Енді бірі «мына көшеден қоқыс алынбай қалған немесе мына көшенің қары тазаланбайды» деген шағымдар жиі жазылады. Айта кетейік, қалада мыңға жуық көше бар. Ал біздегі техника санаулы. Сондықтан бір мезетте бәрін тазалауға мүмкіндік бола бермейді. Оған қоса арнайы техникалар таңертеңгі жұмысын әуелі магистралды көшелерді тазалаудан бастайды. Содан кейін келесі санаттағы көшелерге ауысады. Сөйтіп, біртіндеп қаланың басқа да көшелеріне барып, жұмыстарын жалғастыра береді. Сондықтан тұрғындар да түсіністік танытуы керек деп ойлаймын, – деді кәсіпорын басшысының орынбасары Ғ.Оспанов.

Мекемеге қойылатын ең басты талап – қар жауған сәттерде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар қала орталығындағы және шалғай орналасқан елді мекендерде де әлеуметтік нысандарға барар жолдарды қардан дер кезінде тазалау қажет. Олар талапты барынша орындауға тырысып жүр.

Тілші түйіні:

«МК 7» тракторы – өзі шағын ғана келген техника болса да, жылдам қимылдайды.

Міндеті: Жол жиегіндегі қарды жинап алып, келесі техникаға әкеледі.

«Амкодор» тракторы. Міндеті: «МК 7» тракторы жинаған қарды тиейді.

Мына техника – қызыл трактор. Мекеме қызметкерлері солай атап кеткен. Тракторлардың ішінде ең кішісі. Сонымен қатар қала бойынша жалғыз трактор. Мамандардың айтуынша, биыл бұл трактордың төртеуін алу жоспарда бар.

Міндеті: Жолдың жиегін және тротуарларды тазалайды.  

Дайындаған Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: