Жексенбі, 28 сәуiр, 15:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада пенопласт шығады

03.05.2023

545 0

Кәсіпкерлікті тек сауда-саттықпен байланыстыру түсінігі бүгінде шет қалған. Жеке ісін ашып, кәсібін жүргізгісі келетіндер де жыл санап артуда. Бір қуанарлығы, кәсіпкерлік саласында өндіріс өркен жайып келеді.

Жергілікті өнім шығарып, тұтыну­шыларын қалыптастырып, бүгінде жеке брендке айналып жатқан дүние көп. Халық бұл салаға мемлекет та­рапынан қолдау барын жақсы біледі. Сондықтан кез келген кәсіпті бастауға ниетті. Әсіресе, құрылысқа қажетті заттарды өндіру аймақта қарқын алып келеді.

Қала тұрғыны Нұржан Болатұлы – өндірісті қолға алған кәсіпкердің бірі. Ол басқаратын «CK AYA-ZHAN» ЖШС құрылысқа қажетті өнімдерді шығарады. Іргесі 2018 жылы қаланған мекеме 2019 жылдан бастап пенопласт және полистиролбетон шығаруды қол­ға алған.

– Негізгі бағытымыз құрылыс заттарын шығару. 2019 жылы үй, ғимараттар салуға, оның сыртын қаптауға қолданылатын пенопласт және полистиролбетон шығара бас­тадық. Шикізатты Ресейден әкелеміз. Аймақта және өзге облыстардан да сұраныс жоғары. Тұтынушылар көбіне құрылыс мекемелері, сауда-саттық саласындағы және шағын өндірісі бар кәсіпкерлер, – дейді кәсіпкер бізбен әңгімесінде.

Кейіпкеріміз тұтынушылардың көптігі сұранысты арттырып отырғанын айтады. Сондықтан өнім көлемі жылына 200 тоннаға дейін жетеді. Дайын өнім бағасы нарықтағы бағадан біршама арзан көрінеді. Жалпы өнімнің қалыңдығы мен тығыздығына байланысты ең төменгі бағаның шаршы метрі 435 теңгені құрайды. Өнім негізінен күнделікті шығарылып, сатылымға дайын тұрады. Ал тапсырыс көлемі артса оны дайындауға 1-2 күн уақыт кетеді.

– Пенопластты тұрғын үй қабырғасына, төбесіне және еденге жылу ұстағыш қаптама ретінде пайдаланады. Ал полистиролбетон өнімі коттедж, монша, гараж, сондай үй қабырғасын көтеруге арналған. Бұл – құрылыста  өте тиімді әрі қолайлы өнім. Полистиролбетонмен салынған нысан қосымша қаптауды және сылақты қажет етпейді. Қыста жылы болса, жазда салқын ауаны ұстап тұрады. Салмағы өнімнің белгісіне қарай әртүрлі. Мәселен, Д600 белгілі полистиролбетонның салмағы 20-22 келі болады, – дейді өнім туралы таныстырған Нұржан Болатұлы.

Қазір құрылысқа қажетті өнімнің түр-түрі бар. Барлығы да заман талабына сай ғимарат тұрғызуға ыңғайлы әрі тиімді болып келеді. Құрылыс материалдары бұрынғыдай ағаш, кірпішпен шектелмей, орнын осындай заманауи өнімдер басуда. Ал нарық талабына сай жаңа өнімдер өндіруде қалада өндіріс ошақтарының құрылуы қуанарлық жайт.

– Біз шығаратын полистиролбетонның басты артық­шылығы сол ылғал тартпайды, жылы, салқын ауаны бірқалыпта ұстайды. Сондай-ақ шу естілмейді. Өнім сапасына бағаны тұтынушылар береді ғой. Былтыр Түркістан өңірінен тұтынушымыз шағын монша салған болатын. Құрылысқа түгелдей полистиролбетонды қолданған. Сол кісінің айтуынша, монша жаққаннан кейін жылу бірнеше күн бойы сақталыпты. Бұл полистиролбетонның жылу ұстағыш қасиетінің жоғары екенін білдіреді. Қазір өнім ауылшаруашылығы саласында да қолданысқа еніп жатыр. Мал бордақылау шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер полистирол­бетоннан қора тұрғызуды көздеп отыр. Бұдан бөлек үлкен көлемдегі өндіріс ошағын салуға да тапсырыс түскен. Ал пенопластың қолданыс аясы кең. Оны жылу оқшаулағыш қаптама ретінде көп нәрсеге жаратуға болады. Оған көпшіліктің көзі жеткендіктен сұраныс та жоғары. Сонымен бірге пенопласт түйіршіктерін балаларға арналған жұмсақ орындықтардың ішін толтыруға да қолданады, – дейді кәсіпкер.

Кейіпкеріміз кәсібін кеңейту мақсатында өткен жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 10 миллион теңге көлемінде несие алған. Бүгінде 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер осылайша мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: