Сенбі, 07 желтоқсан, 22:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Саладағы сабақтастық серпінді іспен айқындалады

24.09.2022

792 0

Еліміздің мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жұмыс сапарымен Сыр еліне келді.

Министр сапар аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесіп, бірлескен жұмыстарды талқылады. Аймақ басшысы өңірдегі мәдениет, спорт саласындағы ауқымды жұмыстарға тоқталып, министрлікпен бірге жүзеге асатын жобалар жайлы пікірлесті.

Министр сапары аясында бірқатар мәдени орындар мен спорттық нысандардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, «Мұз айдыны», «Тарлан» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанау, грек-рим күресі, көркем гимнастика, ауыр атлетика, бокс, таэквондо секцияларының жұмысымен танысты.

Сыр елі – спорттан тәжірибесі мол аймақ

Министр «Мұз айдыны» кешенінде балалармен кездесіп, спортқа деген қызығушылықтарын сұрап, мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау көрсетілетінін атап өтті.

– Сыр елі – спорттан тәжірибесі мол аймақ. Елімізде ең дамыған саланың бірі – спорт екенін де жақсы білесіздер. Бұл – кешегі күннен келешекке жалғасын табатын үлкен сабақтастық. Сыр елінен талай спорт саңлақтары шыққан. «Қазақстан барысы» атағын үш мәрте осы елдің палуандары жеңіп алды. «Әлем барысы» жүлдегері де Қызылордадан шыққанын мақтанышпен айта аламыз. Қамшыбек Қоңқабаев, Илья Ильин, Мақсат Исағабыловтардың артынан қаншама жастар спортқа еліктеді. Бұл – үлкен жетістік. Мұның барлығы спортқа оң көзқарастың болғанының нәтижесі, – деді министр.

«Мұз айдыны» спорт кешенінде спорттың бірнеше түріне дайындық жүргізіледі. Оның ішінде волейбол, баскетболға арналған командалық ойын залдары бар. Оған қоса жекпе-жек үшін оқу-жаттығу залы қызмет көрсетеді және спорттық билерге арналған хореографиялық сынып қарастырылған. Қазіргі таңда нысанда 615 адам 7 спорт түрінен жаттығып жүр.

«Тарлан» спорт кешені 2016 жылы пайда­лануға берілген. Мұнда бір мезетте 120 жасөспі­рім шеберлігін шыңдай алады. Спорт кешенінде бокс, күрес, таэквондо, ауыр атлетика және жаттығу залдары, демалыс бөлмелері, медициналық кабинет, асхана бар. Мұнда 100 бапкер қызмет атқарады. Олар 350-ден астам шәкіртке тәлім береді. Бүгінге дейін спорт кешені қабырғасында 20 спорт шебері, 78 спорт шеберлігіне үміткер шыққан. Спорт кешені алаңында министр мен облыс әкімі жас спортшылармен кездесіп, олардың спортқа деген ынта-жігерін арттыру бағытындағы шаралар туралы пікірлесті.

Облыс әкімі балалар жылы аясында өңірде демеушілер көмегімен 80 ойын алаңын салу басталғанын жеткізді. Сондай-ақ оқушылар үйі де бой көтеретінін тілге тиек етті.

Министр ұлттық спортты, оның ішінде ат спорты мен туризмін заманға сай жаңғырту мақсатында «Ұлы дала жорығы» атты жаңа жоба жарыққа шыққанын атап өтті.

Бұл орайда 1200 шақырымдық марафон-бәйгеге белсенділік танытып, жанкүйер болуға шақырды. Марафон елордадан басталып, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтитынын жеткізді.

Тарихи жәдігер –

тарих тұнығы

Министр сапары содан соң облыстық тарихи-өлкетану музейінде жалғасты. Онда өңір тарихының өткені мен бүгінінен сыр шертетін тарихи жәдігерлерді тамашалап, «Құрмет кіта­бына» қолтаңбасын қалдырды.

Музей ғимараты 1953 жылы салынған. Мұнда көненің көзіндей қастерлі ұлттық құндылықтарға арналған 11 көрме залы бар. Музейде аймақ тарихы көне дәуірден бастап күні бүгінге дейін көрсетілген. Мұнда 62 мыңнан аса жәдігер сақтаулы тұр.

Министр әрбір жәдігерге мұқият қарап, өлке тарихымен байланысы жөнінде сұрап білді. Музейдің «Өлкенің өсімдіктері мен жануарлар дүниесі», «Қасиетті Қазақстан және археология», «Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы (ХV-ХХ ғғ.)», «Қызылорда облысы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында», «Ауыл шаруа­шылығы», «Өлкеде Кеңес өкіметінің орнауы» залдарымен, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының «Киелі Түркістан» жылжымалы көрмесімен кеңінен танысты.

Газет-журнал ұлтпен бірге уақыт көшінен қалмайды

Министрдің кезекті кездесуі Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өтті. Онда облыс тұрғындары және сала мамандарымен еркін форматта жүздесіп, мәдениет, өнер, спорт салаларының өзекті мәселелері жөнінде айтылып, шешу жолдары айқындалды. Айта кетейік, бұл шараға Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов та қатысты.

Кездесуде министр Дәурен Абаев қоғам қай­раткері Сәпен Аңсатов, Оңталап Нұрмаханов, Жүзбай Таңырақбаевтың Сыр өңірінің мәдени, әдеби салаларға қатысты қойған сауалдарына жауап берді.

– Қоғамда газет-журналдарға қатысты түрлі пікір айтылуда. Бұған көзқарасыңыз қандай? – деген Жүзбай Таңырықбаевтың сауалына министр былайша жауап берді.

– Газет пен журнал ұлтпен бірге уақыт көшінен қалмайды. Әлеуметтік желі бүгін бар, ертең жоқ дүние. Онда жазған постты өшіруге болады. Ал сиямен жазғаныңды балталап та өшіре алмайсың. Бұл – ақиқат. Сондықтан газеттің, кітаптың бәсі қашан да биік тұрады. Сол бигінен түсірмейтін біз бен сіз, – деді.    

Содан соң жеке кездесу өткізіп, тұрғындардың ұсыныс тілектерін тыңдады. 

– Сыр елі – өнердің ақ боз үйін тіккен аяулы мекен. Бұл өңірдің өкілдері өнерде де, спортта да қай қияға салсаң да қырандай биікке самғайды. Сонымен бағасы артық. Сіздермен кездесу үлкен қуат береді. Барлық тақырыптағы қойылған сауалдарды арнайы жазып отырмын. Ертең елордаға барғанда арнайы жұмыс тобымен ақылдасып, шешілу жолдарын қарастырамын. Бір айта кетерлігі, бір мәселе төңірегінде бірнеше министрлік бірлесіп жұмыс атқарады. Соның барлығын назарға ұстап, ұлттық өнер мен спорттың дамуы төңірегінде қызмет етеміз. Әрбір сауалдың артында үлкен жұмыс тұрады, жауапкершілік болады, – деді Мәдениет және спорт министрі.

Топырағы киелі – Қызылорда

Мәдениет және спорт министрінің қызметтік сапары күллі Түркі әлемінің теңдессіз абызы Қорқыт ата мемориалды кешенінде жалғасты. Қасиетті өңірде мемориалды кешеннің тыныс тіршілігімен танысып, баба рухына тағзым етті.

Содан соң Байқоңыр ғарыш айлағына аялдап, «Донская» аэроғарыштық бақылау станциясында ТПК «Союз МС 22» зымыранының ұшырылуын бақылады.

– Топырағы киелі – Қызылорда өлкесі аңызға бай атырап. Бұл аймақты әлі де жандандыра түсуіміз керек. «Сыр – Алаштың анасы» деген тағылымды сөздің тамыры тереңде деп есептеймін. Қасиетті Қорқыт бабаның рухымен тыныстаған, небір арқалы ақындар мен жыршыларды дүниеге әкелген киелі өңір өркендей берсін, – деді министр өз сөзінде.

Министрмен бірге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, оның орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов болды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: