Дүйсенбі, 04 наурыз, 16:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№18 (2028)
02.03.2024
PDF мұрағаты

Сапа бірінші орында тұруы керек

09.08.2022

1124 0

Қазіргі уақытта облыс орталығының қай түкпірінен де қызу жүріп жатқан құрылыс жұмысын байқап жүрміз. Құрылыс қарқынды дамудың көрсеткіші екені анық. Іске асуы тиіс жобалар мен аяқталған жұмыстар барысымен танысу мақсатында қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуарды әңгімеге тартқан едік. 

– Айдын Серікұлы, қызметке жақында келдіңіз. Жауапкершілік жүгі ауыр сала­ның қандай қиын­дықтары бар?

– Қандай сала болса да, өзінің ауыртпа­шылықтары болады. Сондықтан қаланың өсіп-өніп, көркеюі үшін жауапкершілікпен жұмыс істеу – біздің міндетіміз. Әрине, құрылыс саласында ең алдымен сапа содан соң оның сәулеті талап етіледі. Қаланың көріне көрік қосып, құрылыстардың қауіп­сіз­дігін сақтау – басты мақсатымыз. Қазіргі уақытта құрылыс нысандарын салу­дың замануи тәсілдері қол­данысқа еніп, жүргізілетін жұмыс жүйесі күрделеніп, талап бұрынғыдан да күшейе түсуде.

– Құрылыс бөлімінің қазаны қайнап, қызу тірлік жүріп жатады. Жарты жылда атқарылған жұмысқа тоқталып өтсеңіз…

– Осы жылы құрылыс жобаларын салуға 12014 млн теңге бөлінді.  Оның ішінде /РБ-6 983,3 млн теңге, жер­гілікті бюджеттен 5030,7 млн теңге/ қаржы бөлініп: тұрғын үй құрылысына 3267,5 млн теңге, инженерлік жүйелер жүргізуге 3543,3 млн теңге, сумен жабдықтауға 2190,4 млн теңге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарауыл­төбе, Талсуат ауылдарында 150 орынды клуб құрылыстарын салуға 574,2 млн теңге, газ жүйесін жүргізуге 2438,6 млн теңгеге тиісті жұмыстар бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес атқарылуда.

–  Біткен іске сыншы көп болатыны анық. Құры­лыстың сапасына ел алдын­да сіздер жауаптысыздар. Бақылау жұмыс­тары қалай жүргізіледі?

– Жасыратыны жоқ, құрылысқа мемле­кет тарапынан қаржы мол бөлінеді. Әрбір құрылыс жұмысының сапалы жүргізілуіне қатаң қадағалау мен байыпты бақылау жасау үлкен жауапкершілік.

Қандай да бір жұмыс жүргізу үшін алды­мен тиісті инстанциядан қаржы бөлуді сұ­раймыз. Қаржы бөлінген жағдайда, жеңім­паз мекеме анықтау мақсатында мем­лекет­тік сатып алу конкурсын жүргізеді. Тиісінше мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы техникалық және авторлық қа­даға­лаушы мекемелерді анықтайды. Әрі қарай техникалық қадағалаушы мекеме құры­лыстың уақытылы әрі сапалы салынуын, ал авторлық қадағалаушы құры­лыстың жобаға сәйкес атқарылуын қадаға­лайды. Олардан бөлек бөлім тарапынан ішкі бұйрық негі­зінде кураторлар бекітіліп, қосымша бақылау жасап отырады.

Құрылыстың адамзат тұрмысында маңызы зор. Сон­дықтан адам игілігі үшін салынған әрбір құрылыс нысанының ең алдымен қауіпсіздігі қаперге алынады. Мәселен, ғимараттар бой көтеретін кезде оның жайлылығы, жылдың төрт мезгіліне сай температурасының сақталуы да ескері­леді. Құрылыстың «мінін» жасыру – біздің өзімізге деген қастандығымыз. Өйткені құрылыс жұмыстары кезінде қабырғаға қисық қаланған бір кірпіштің өзі адам өмірі үшін аса қауіпті.

– Соңғы  уақытта мүгедек азаматтар­дың мәселесі жиі айтылып жүр. Олардың еркін қозғалуы үшін инфрақұрылым нысандарын бақылау тапсырылды.  Біздің қаладағы ахуал қалай? 

– Әрине, алға жылжу бар. Қала аумағын­дағы әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарға мүгедектерге ыңғайлы жағдай жасау талап етіледі. Қазіргі таңда барлық жоба-смета­лық құжаттама дайындар алдында бөлім тарапынан жобалауға тапсырма беріледі. Яғни ол жерде нақты пандустарды орнату деген сияқты тапсырмалар беріліп, сол бойынша жобалаушы мекеме жұмыс жасайды.

– Инженерлік инфрақұрылымды дамы­ту мақсатында қандай жұмыстар бастау алды?

– Биылға «Инженерлік-коммуника­ция­лық инфрақұры­лым­ды дамыту» бағдар­ламасы аясында 3543,3 млн теңге бөлініп, бұл қаржыға «Әл-Фараби ауданына су құбы­ры желілері және 16,5 шақырым ауыз су құбыры жүргізілетін болады. «Қызылорда қаласы Талдыарал елді мекеніне электр желісі құрылысы» жобасына барлығы 43,3 млн теңге бөлініп, 7,5 шақырым электр желісі тартылады.

Сонымен қатар республикалық бюджет­тен 1260 ,3 млн теңге қаржы бөлініп, 128,7 шақырым электр желісін жүргізу жос­парланған. «СПМК 70/2 тұрғын кварта­лын абаттандыру және телефон желілері» жобасына 462,2 млн теңге қаржы бөлінген. Бөлінген қаржыға аталған тұрғын квар­талдағы 12 тұрғын үйдің абаттандыру және телефон желісімен қамтамасыз ету жұмыстары қарастырылған.

Ал «Сумен жабдықтау және су бұру жүйе­сін дамыту» бағдарламасы аясында 2 190,4 млн теңге қаржы бөлініп 7 жоба іске асы­рылуда. Атап айтсақ, қаладағы ағын су­ларды тазартатын биологиялық тазарту стан­циясын жаңғырту және автоматтандыру;  Қыдыров көшесі, Сахи Романов көшесі бойында №12 КНС-тен Шымбай-Сахи Романов көшелерінің қиылысындағы ауыс­тыру камерасына дейін қысымдық кәрізді реконструкциялау; Шанхай, Оңтүстік ау­дандардағы және Тәжібаев көшесінің, Бостандық көшесінің бойындағы су құбыры және кәріз желілерін реконструкциялау; Мұратбаев атындағы орталық стадион, «Евразия» спорткомплексі, «Сейхун» инс­ти­тутының су құбыры желісін қайта жаң­ғырту; Желтоқсан көшесі бойындағы кәріз құдығынан Қорқыт ата мен Әбілқайыр көшесі аралығындағы 37-кәріз құдығына дейінгі өздігінен ағатын кәріз жүйесін қайта жаңғырту; Бейбітшілік көшесі, №26 кәріздік сорғы станциясын реконструкциялау және жаңғырту; Байтұрсынов көшесі мен Қорқыт ата көшесінің қиылысындағы №45 кәріздік сорғы станцияларын реконструкциялау және жаңғырту; Наурыз және Махамбет ауылдық округтерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары  қолға алынды.

– Алдағы уақытта пайдалануға беріледі деп жоспарланған құрылыстар жөнінде айтып өтсеңіз…

– «Тұрғын үй құрылысын салу» бағ­дар­ламасы аясында барлығы 3267,5 млн теңге қаржы бөлініп, өткен жылы басталған СПМК-70/4 мөлтек ауданында 40 пәтерлі №1, №3 (үйлер, жыл соңына қарай СПМК-70/2 тұрғын кварталында 50 пәтерлік он ипотекалық тұрғын үйлер құрылысы пайда­лануға беріледі. Одан бөлек, Сырдария өзенінің сол жаға­лауы №2 тұрғын кварталында 50 пәтерлік №34 тұрғын үй құрылысы аяқталса, кезекте тұрған отбасылар жаңа үйге кезегімен қо­ныстанады. Жыл соңына  дейін 42004,5 шаршы метрді құрайтын 580 пәтер беріледі деген жоспар бар.

– Облыс орталығынан салынатын құрылыстар тек әлеуметтік қызмет көр­сету жағынан ғана маңызды емес, олар­дың орналасқан жерінің көркіне көрік қосып тұратындай эстетикалық үйлесімі де ескерілетін шығар? Шаһарда бой көтеретін ғимараттарға қандай талап қойылады?

 – Өте орынды сұрақ! Әрине, эстетика­лық үйлесімділігі де ескеріледі. Жоба-смета­лық құжаттама дайындап жат­қанда, эскиздік жоба «сәулет және қала құрылысы» меке­месімен келісім алынып жасалады, одан әрі әкім немесе әкім орынбасарларымен ақылдаса отырып жасалатын дүние. Бірақ эстетикалық үйлесімділіктен бөлек, қаржы­сына да көніл бөлінеді. Білесіз, қазіргі таңда құрылыс материалдары күннен күн­ге бағасы өсіп бара жатыр. Біз егерде сырт­қы келбетке қатты көніл бөліп, қымбат материалдардан салатын болсақ, тиісінше үйдің бағасыда қымбаттай түсіп, сатып алушы қала тұрғындарының қалтасына ауыр тиеді. Сондықтан жобалау кезінде қала тұрғындарының жағдайлары да ескеріледі.

– Саланы дамытуда алға қойған қан­дай жос­парларыңыз бар?

– Жоспар өте көп, ең алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы жолдауын басшылыққа алып, «Жаңа Қазақстан» саясатын ұстанып жұмыс жасау. Жыл соңына дейін СПМК 70/2 тұрғын кварталында 12 тұрғын үйді табыстау. Одан бөлек қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қала ішінде, қала төңірегіндегі ауыл-аймақ, елді-мекен, саяжайлардағы инженерлік инфра­құрылым тартылмай қал­ған көшелерді су, свет, газбен қамтамасыз ету мақсатында жобаларын дайындатып, халық игілігіне пайдалануға берсек деген жоспар.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: