Сәрсенбі, 24 сәуiр, 08:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Шіріген картоп, қымбат баға

30.05.2023

978 0

Кешелі бері ел қоқысқа тастаған қап-қап картоп жайын сөз етуде. Анығын айтқанда, әлеуметтік желіде қаладағы полигонның бірінде қап-қап картоп пен сәбіз үйіндісін тастағаны туралы бейнежазба тарады. Бұл көрініс халықтың ашу-ызасын туғызды десек артық айтқандық емес. Күн сайын азық-түлік бағасы өзгерген уақытта халықты арзан азық-түлік өнімімен қамтамасыз ететін «Байқоңыр» ӘКК мекемесінің бұл тірлігіне жөн болсын?!

Арзан өнім алу үшін әлеуметтік дүкендерге әдейілеп баратын, тіпті алтын уақытын сарп етіп кезекке тұрудан да қашпайтын тұтынушылар аз емес. Қымбат баға екі бүйірден қысқан тұста қап-қап картоп пен сәбіздің қоқысқа айналуы тиісті сала мамандарының салғырттығы ма. әлде жауапкершілікке немқұрайды қарағаны ма? Бұл мәселе айналасында сұрақ көп.

Көпшілікті бей-жай қылдармаған мәселенің анық-қанығын жазғанды жөн көрдік. «БАйқоңыр ӘКК» бас­шысы Самат Ерниязов сол күні-ақ әлеуметтік желідегі бейнежазбаға ресми түрде әлеуметтік желі арқылы жауап берді. Оның айтуынша, жа­рамсыз тауарларды жоюдың өз заң­дылығы бар.

«26 мамыр күні әлеуметтік желілерде қоқыс полигондарына төгілген жарамсыз көкөніс қал­дықтары туралы жазба тарады. Осы­ған қатысты төмендегіні назар­ларыңызға ұсынамыз:

Өздеріңізге белгілі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бер­меу үшін тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алынады.

Бұл өнімдер арнайы әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлері желі­леріне жеткізіліп, төмен бағамен сатылады. Сонымен бірге көшпелі азық-түлік жәрмеңкелерінде өңір тұр­ғындарына жеңілдетілген баға­мен ұсынылады.

Дүкендерде жарамсыз болып қалған өнімдер қайтадан қоймаға әкелініп сақталады. Өнім сатып алы­нып, сақталып, сатылғаннан кейін ол жерде жарамсыз қалдықтардың қалуы – заңды құбылыс. Бұл – тұ­рақтандыру қорында да, жеке кәсіпкерде де болатын жағдай.

Азық-түлікті сақтау кезінде ол өз салмағын жоғалтады. (ресми атауы – табиғи өзін-өзі жоғалту – естественная убыль до 15 %). Оған да заңды нормативтер белгіленген. Қоймадағы тауарлар бұл бағыт бойынша талданып, ай сайын сараптамадан өткізіледі.

Көрсеткіштердің барлығы белгі­ленген нормалар аясында жасалған. Жою алдында, жарамсыз көкөніс тауарлары актіленіп, «Ұлттық сараптау және сертификаттау ор­талығы» АҚ-ның сынақ хаттамасы алынады.

Әрі қарай, қауіпті тамақ өнімде­рін жою жөнінде комиссия құрылып, Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқар­масының, Қызылорда облысы бойын­ша экология департаментінің, «AMANAT» партиясының, Қызыл­орда қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен жою жөнінде шешім қабылданады.

Жоғарыда атап өткенімдей, жа­рамсыз өнімдер іріктеліп, қал­дықтары арнайы мамандардың қо­рытындысы бойынша есептен шы­ғарылып, келісімшартқа сәйкес қоқыс полигонына апарылады.

Жарамсыз өнімдер биылғы 25 мамыр күні жойылған еді. Желіде тараған жазбада сол процесс баяндалған.

Биыл бағаны тұрақтандыру мақ­сатында 588,1 тонна картоп, 720 тонна бас пияз, 106 тонна қырыққабат, 133 тонна сәбіз – барлығы 1547,1 тонна көкөніс сатып алынса, оның 9,2 пайызы тасымалдау, сақтау, дү­кендерге апару, тұтынушылардың іріктеп сатып алуынан соң жарамсыз болуына байланысты жойылды.

Жазбада «өнімдерді адамдарға таратып бермей ме?» деген сұрақ қойылған.

Үкіметтің адам өмірі мен ден­саулығына, жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесі туралы қаулысы бар. Соған сәйкес жойылған көкөністерді адамдарға немесе үй жануарларына беруге болмайтындығын, адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіретіндігін хабарлаймыз», – деп жазылған.

Мәселенің анық-анығын байып­тау үшін «Байқоңыр ӘКК басшысы Самат Ерниязовқа қоңырау шалдық. Басшының айтуынша, жарамсыз қалдықтарды жою жылына бір рет жүргізіліп тұрады екен.

«Тегін таратуға құқым жоқ»

– «Байқоңыр ӘКК» мекемесі 2012 жылы құрылса, сол уақыттан бері өнімдердің жарамсыз қалдық­тарын жою жұмысы жылына бір рет жасалады. Мұны өз бетіміз­ше жасамаймыз. Арнайы комиссия құрылып, комиссия шешімімен жа­рамсыз өнімдерді жою жұмыс­тарын жүргіземіз. Жою жұмыстарын жүргізетін мамандар заң талабына сай арнайы киім киіп, талапқа сай жою жұмыстарын жүргізеді. Себебі шіріген өнім улы болып саналады. Халыққа неге тегін таратпайды деген сұрақ туындауда. 2008 жылы шыққан арнайы қаулы бар. Біз сол қаулы негізінде жұмыс істейміз, мұнда өнімді арзан бағада сату туралы жазылған. Заң көтермейтіндіктен, мен халыққа ешнәрсені тегін тарата алмаймын. Сондай-ақ кез келген азық-түлік өнімін сататын дүкенде жарамсыз қалдықтар болатыны анық. Сол секілді де «Байқоңыр ӘКК» ме­кемесінің әлеуметтік дүкендерінде картоп, сәбіз, қырыққабат секілді бақша өнімдерінен жарамсыз қал­дықтар шығады. Әлеу­меттік дүкенге барған тұтынушы сатып алған өні­мінен іріктеп, таңдап алатыны бел­гілі. Әр қаптан шыққан шіріген өнім­ді біз қайта алып кетіп, бөлек қой­маға жинаймыз да, жылына бір рет жою жұмыстарын жүргіземіз. Біз өнімдерді әдейі шірігенше сатпай сақтап отырған жоқпыз. Өнімді әлеуметтік дүкендерге уақытында  жет­кізіп беріп жатырмыз, бір жылдың ішінде 60-тан аса жәр­меңке өткіздік, – дейді Самат Ерниязов.

Басшыдан қойма жайын да сұрадық. Оның айтуыншша, «Бай­қоңыр» ӘКК-нің 5200 тонна өнім сақтауға арналған қоймасы 2011 жылы салынған. Мұнан бөлек «Жанар-Ай» ЖШС-нің Төменарық ауылында орналасқан 2,5 мың тонна өнім сиятын қоймасы бақша өнімдерін сақтауға пайдаланылуда. Биыл «Жанар-Ай» ЖШС 4 мың тоннаға лайықталған қойманы пай­далануға бермек. Алдағы уақытта өнім сол қоймада сақталмақ.

– Бүгінде әлеуметтік дүкендерде Өзбекстанның картобы сатылуда. Келісі – 125 теңгеден. Арзан әрі сапалы. Халық қанша аламын десе де, шектеу қойылып жатқан жоқ, бұған дейін де шектеу болған жоқ, – дейді «Байқоңыр» ӘКК басшысы.

«Адам түгіл, малға беруге болмайды»

Жарамсыз өнімдерді жоюға арналған комиссия құрамын­да Қызылорда бойынша эколо­гия департаментінің инспекторы Бекмұхаммед Нұрмаханов бар екен. Комиссия мүшесі былай дейді:

– ҚР Экологиялық кодексінің 351-бабының 1 тармағына сәйкес, полигондарда тамақ қалдықтарын қабылдауға тыйым салынған. Осы ретте аталған баптың 4-тармағына сәйкес, тамақ қалдықтарын ком­пестерлеу әдісімен санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес жүргізу қажеттілігі көрсетілген. Бұл орайда құрылған комиссияның шешімімен жарамсыз өнімдерді компестерлеу арқылы кәдеге жарату әдісі тағайындалды. «Серпін ЛТД» ЖШС-не тиесілі полигон аумағында қалдықтарды кәдеге жарату мақсатында алдын ала көң түсірілген. Яғни көң мен қалдықтарды араластыру арқылы табиғи тыңайтқыш жасағысы келген. Негізі полигон аумағына адам түгіл, мал кіруге рұқсат жоқ.

Тыңайтқыш жасағым келді

Жарамсыз өнімдер төгілген полигон «Серпін» ЛТД ЖШС-не тиесілі. Орайы келгенде  «Серпін» ЛТД басшысы, эколог Береке Данышмановтан полигон жайын сұрадық.

– Қалдықтарды қайта өңдеу­мен 16 жылдан бері айналысып ке­леміз. Қалдықтарды өңдейтін алаң қор­шалған. Өнім қалдықтары рег­ла­ментке сәйкес көңмен ара­ластырып, 3-6 ай ішінде өңделе­ді, – дейді ол.

P.S. Қалай айтқанда да, бұл мәселе бағаны тұрақтандыру, азық-түлік қоймаларын жасақтауда жаңашылдық қажет екенін көрсетті.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: