Жұма, 17 мамыр, 08:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

«Тағзым» алаңы лаң салар орын емес

05.09.2023

682 0

Қызылорда қаласы жайнап көркіне көрік қосып, жасанып келеді. Әсіресе гүлге оранған түрлі жарық шамдармен құлпырған қаланы көріп, сырттан келген талай қонақтар таңдай қағуда.  Туған жерін Мысыр шаһарына теңеген жергілікті кәсіпкерлер де қомақты қаржы бөліп, қаланы көркейтуге үлес қосуда.  Ел мақтанына айналған аймақтың бас қаласы жуырда 205 жылдық мерейтойын тойламақ.

Алайда қаланың ертеңгі қожайыны болатын жастар жақында ғана «Тағзым» алаңындағы 80 жарықшам мен  16 жарық бағанасын қиратып кеткен. Бүтінді бүлдірген олардың әрекетіне құқықтық тұрғыда баға берілер, мұндайды «жаза басты, жастықпен істеді» деп ақтап алуға болмайды. Әрине жарықшамдар көп ұзамай-ақ қайта қалпына келтірілді. Бірақ қоғамның, ортақ үйіміздің мүлкін бүлдіргендердің өрімдей жастар болғаны қынжылтады.  Жастық жігері мен қайратын туған жерді көркейтуге жұмсамай, бұзақылыққа салынуы ата-анасына да, қоғам алдында да ұятқа қалу деген сөз.  Тіпті «Тағзым» етуге арналған орынға қиянат жасағаны, өмірден өткен кісілерге де құрметінің жоқтығынан хабар береді. Жастық өміріне балта шабу, бесіктен белі шықпай қылмысқа баруы отбасындағы тәлім тәрбиенің осалдығынан, айналасындағы араласатын ортасының кем ақылдығынан деуге негіз бар.  Тепсе темір үзетін өрімдей жастар бойындағы күш жігері мен қайратын жарасымды дүниені бұзуға жұмсаса ертең оның болашағы бұлыңғыр, келешегі көмескі болатыны белгілі. Осылай бұзақылығы жалғаса берсе, темір торға тоғытылатынына шүбә жоқ.  Қалада түнгі рейд жүріп жатса да көзді ала бере қиратып сындыру деген не мсқара?… Ел құрмет тұтып, маңдай тіреп баратын, тағзым ететін қасиетті жерді жүрегі дауалап бүлдіреді деген ешкімнің қаперіне келмеген болатын.

Жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, бала еңбегін қанауға қарсы, бұдан бөлек басқа да оқыс оқиғаларды, қараусыздық пен панасыздықты болдырмау мақсатында қала көлемінде түнгі рейд ұйымдастырылып келеді.

Аталған іс-шараға қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев, қоғамдық даму бөлімі, білім бөлімі және ювеналды полиция қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысуда. Ойын-сауық орталығы мен жастар көп жиналатын орындарды аралау барысында анықталған кәмелетке толмағандардың ата-анасына ескерту хаттамалары рәсімделуде.

Айта кету керек, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22:00-ден таңғы 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде сағат 23.00-тен таңғы 6.00-ге дейін болуы – заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғатынын еске салсақ дейміз.

Жалпы жаңа оқу жылы қарсаңында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу бағытындағы қауіпсіздік шаралары жалғасын табатыны белгілі. Тәртіп сақшылары бейәдеп әрекетпен күресуді тоқтатпайды. Алайда ата-аналар да мұндай бейбастақ қылықтан перзенттерін сақтандырып, тосқауыл болса бірлесіп жүргізген жұмыстың нәтижесі болатыны сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше халыққа арнаған Жолдауында «Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды.

Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үлгісін түбегейлі өзгерте аламыз, кедергінің бәрін жеңеміз. Әрине,  даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ» деген болатын.

«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының тәлімін тыңдап, санаға ұялатқан жөн болар. Көркейген қаламызға жанашыр болайық.

                                                                            Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: