Жұма, 04 қазан, 06:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№78-2088
01.10.2024
PDF мұрағаты

Тапсырма берілді, нәтиже қалай?

28.06.2022

846 0

Сырдың жағасында орналасқан облыс орталығын бүгінде ең көрікті қалалардың бірі ретінде тануға болады. Жарқын бастамаларды қолға алған Сыр елінің бас қаласы – Қызылорда мұнан әрі дами берері сөзсіз. Тек оған жауапкершілік пен тиянақты тірлік қажет. Қала әкімі Асылбек Шәменов Қызылорданы дамыту мен көркейту-көгалдандыруға байланысты бірқатар тапсырма берді. Ал олардың нәтижесі қандай? Тақырыпты тарқатсақ…

Ойын алаңдары – ортақ мүлік

Соңғы жылдары жергілікті басшы­лар спорт және ойын алаңын салуды басты назарда ұстап отыр. Соның нәтижесінде, бүгінде бұрынғыдай емес қалада ойын алаңдары көбейген. Сонымен қатар спорттық ойын түр­лерімен айналысуға болатын алаңдар облыс орталығының бірқатар жерінен салынды. Оған әсіресе, балалар мәз. Бір сәт ойынмен қатар спортпен шұғылдануға да мүмкіндік жасалды.

Жадыраған жаз мезгілінде биыл да балаларға тарту жасалмақ. Балалар жылына орай облыс әкімі мен жеке кәсіпкерлердің қолдауымен қаламызда 50 спорт және балалар ойын алаңдары салынады.

Балаларды қуантуға белсенділік таныт­қан мекеменің бірі – «Кор­порация Алем-құрылыс» ЖШС. Олар құрылыс жұмыс­тарын бастап кетті. Қазіргі таңда Бәйтерек тұрғын ауданы, «Бала­мекен» ауылындағы жалпы ауданы шамамен 560 шаршы метр болатын аумақты спорттық трена­­жерлар, балалар ойын алаңы және футбол алаңымен қам­тымақ. Игі бастаманы кәсіп­кер қаланың басқа 4 аумағында жалғастырады. Мәселен, №222 мектептің алды мен Шанхай мөл­тек ауданынан осындай спорт және балалар ойын алаңын салуды жос­парлап отыр.

Айта кетейік, қала көле­мін­де ойын алаңдарын салу бойынша 2021 жылы жергі­лік­ті бюджеттен бөлінген қа­ра­­жатқа 25 ойын алаңының құры­­лыс-мон­таждау жұмыстары жүргі­зіл­ген болатын. Сол жоспар негізін­де қаламыздан тағы да 3 ойын алаңы мен 7 демалыс орны салынады.

Қала орталығынан балаларға ойын және спорт алаңы салынып, аула көр­кін аша түсті. Мұның барлығы тұрғын­дардың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Сондықтан бұл іске жауапкершілік қатаң сұралады. Ойын алаңдары – ортақ мүлік. Оларға өз дүниемізге қарағандай қарасақ, көпке жарары анық. Сонда оның игілігін өз балаларымыз көреді. Өйткені тұрғын үй ауласының тазалығы, балалардың қауіпсіз ортада жүріп-тұрғаны әрбі­ріміз үшін маңызды.

Басты мақсат – тазалық

Күн санап қаламыздың көркі артып, келбеті сұлуланып келеді. Көшелерде отырғызылған алқызыл гүл шоқтары мен жасыл түске малынған жер беті көрген жанның көз жауын алып, таби­ғаттың әсем көркін еселей түсуде. Ай­наламыздың көркеюі мен тазалығы біз үшін үлкен мәртебе. Қала тазалығына бір кісідей атсалысу тұрғындардың басты міндеті саналады. Дегенмен кейбір кәсіп иелері мен жеке сектор тұрғындарының көше бойына, көпқабатты үйлердің ауласына бей-берекет қоқыс және құры­лыс қалдықтарын тастау әрекеттері азаяр емес. Бұл шаһар шырайының сәнін кетіретіні анық. Сондықтан да қала әкімі шаһардың сәулеттік келбетін қалыптастыру, ғимараттардың сыртқы қасбеттерін ретке келтіру, санитарлық тазалығын сақтауға байланысты нақты тапсырма берді. Қатаң тапсырма аясында қалада рейдтік жұмыс жүргізілді. Кәсіп иелері мен тұрғындарға қаланы көркейту мен көғалдандыру өз қолымызда екеніне түсіндірме жасалды.

– Кәсіпкерлерге ғимараттың сыртын абаттандыру, билбордтарды ауыстыру жөнінде ескертпе жасалды. «Жаңа ба­зар» аталып кеткен аумаққа барып, базар маңын ретке келтіру бойынша тексеру жүргізілуде. Кәсіпкерлерден сұрайтынымыз аумақтарын абаттандыру, таза ұстау, көркейту жұмыстарын жүр­гізу. Қаланың сәулеттік келбетінің көркеюіне үлес қосу әрбір тұрғынның міндеті болуы тиіс, – дейді қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлі­мінің басшысы Бағлан Аманкелдиев.

Көшеде кетіп бара жатсаң тынымсыз еңбекті көресің. Күннің ыстығына қарамас­тан қаланы көркейтуге байланысты қызу тірлік жүріп жатыр. Мәселен, көше бойын, саябақтар мен скверлерді гүлмен көмкеру қарқынды жасалуда. Шаһар аумағын көгалдандырып, көріктендіру үшін жалпы 53 мың шаршы метрді құрайтын аумаққа бархатцы, целлозия, циния, петуния сынды гүл көшеттері егіліп, көгал төсеу жоспарланған. Бұл қызылды-жасылды гүлдер көшеге сән беріп, кез келген адамға ерекше көңіл-күй сыйлайтыны анық.

Аяқсу – халық игілінде

Көктем келісімен аяқсу мәселесі алдымыздан шығады. Қаланы көркейту-көгалдандыру үшін алдымен су қажет екені белгілі.  Сондай-ақ жеке тұрғын үйлер де аяқ судың тапшылығын сезі­неді. Қала басшысы осындай ауқымды мәселенің шешімін табуды тапсырды. Соған сәйкес, қаланы аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында қала және қалаға қарасты ауылдық округтерде 31 дана техникалық аяқсу ұңғымаларын орнату жұмыстары қарқын алды. Техникалық ұңғыманың 12 данасы қалаға, ал қалғаны кент және ауылдық округтерде орнатылады. Аталған жұ­мыстарды мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы болып та­нылған «Бақ-Береке» ЖШС келісім-шарт негізінде жүргізуде. Қазіргі таңда жер асты аяқ су ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары «Арай» мөлтек ауданы, «Қорқыт ата», «Сыр Ана» ескерткіштерінің маңы, Қорқыт ата көшесінің аяғы, №217 орта мектептің жанындағы және Тасбөгет кенті, Қос­шыңырау, Ақсуат, Ақжарма, Қы­зылжарма, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтерінде толығымен аяқталды. Дәл осы аяқ су ұңғымалары арқылы тіршілік нәрі арық жүйелеріне толық жеткізіледі. Алайда тұрғындардың түрлі тұрмыстық, құрылыс қалдықтарын көше бойына тастауы салдарынан арық жүйелері бітеліп, аяқ судың жүруіне кедергі келтіруде. Сондықтан көшедегі арық бойын таза ұстап, аяқ суды игілікке пайдалану – тұрғындардың міндеті екенін де ұмытпаған дұрыс.

P.S.  Қаладағы қарқынды тірліктің толықтай орындалуы үшін берілген тапсырмадан нәтиже шығару керек. Шаһар басшысының талабы осы. «Жасалып жатқан жұмысты емес, орындалып, біткен істің нәтижесін айтыңдар» деп талап қоюы да орынды. Шаһардың шырайы келіп, әрбір істің нәтижесі оң болуы үшін тұрғындар да үлестерін қосуы қажет-ақ. Себебі, қала – ортақ мекеніміз, ортақ жеріміз. Әрбір азамат өз үйіне қарағандай туған қаласына да жанашырлық танытқаны жөн.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: