Сәрсенбі, 24 сәуiр, 06:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Тасбөгетте тындырымды тірлік көп

29.11.2022

1055 0

Тасбөгет – облыс орталығына іргелес және шаһармен бірдей қарқынды дамып келе жатқан Қызылорда қаласына қарасты кент. Мұнда кентке қарасты Сабалақ саяжайы және Иіркөл елді мекенін қоса алғанда 5160 шаңырақ, соның ішінде барлығы 31173 халқы қоныстанған. Кенттің жалпы ауданы – 21017 гектар болса, соның ішінде орталығы Тасбөгет кентінің өз ауданы – 1069 гектарды құрайды.

Тасбөгет кентінің 2022 жылғы бюджеті 320,8 млн теңгені құраса, 10 ай қорытындысы бойынша 187,8 млн тенге немесе 99,7 пайызга игерілген. Кент бойынша 2022 жылға салық түсімдері 90,7 млн теңгеге жоспарланған. 10 айда 75,5 млн теңге түсім түсуі жоспарланса, жоспар 100 пайызға орындалған.

Инфрақұрылымды дамыту – маңызды қажеттілік

2022 жылдың 10 айы көлемінде Тасбөгет кентінің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстарға жалпы көлемі 1,1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаржыға атқарылған жұмыстың қатары да аз емес.

Мәселен, Тасбөгет кентінің әкімшілік аумағына қарасты Сабалақ, Еңбек саяжайларына электр желілерін жүргізуге 401,9 миллион теңге бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 278,0 миллион теңгеге кенттегі 27 көшенің жаңадан қалыптасқан, ішінара қалып қойған және тозығы жеткен бөліктеріне электр желілерін тартудың құрылыс жұмыстары да басталған.

Сондай-ақ Сабалақ саяжайының «Еңбек» және «Өркендеу» бау-бақша серіктестіктеріне ауыз су құбырын тарту үшін 169,1 миллион теңге қаралып, бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал кенттегі О.Сейітпенбетов және Е.Қосжанов көшелерінің орташа жол жөндеу жұмыстары үшін облыстық бюджеттен 92,4 миллион теңге сұратылған болатын. Осы негізде Е.Қосжанов көшесін жөндеуге 28,0 миллион теңге қаралып, мердігер мекемемен тиісті жұмыстар жүргізілген.

Тағы бір айта кетерлік мәселе – 29,4 миллион теңгеге кент және саяжайдың аяқ су жүйесі жетпеген аумақтарына 2 дренажды ұңғыма қазылды. 10 миллион теңгеге саяжайдың «Қаржыгер» бау-бақша серіктестігі аумағына 1 дизельді аяқ су насосы орнатылды. Бүгінгі таңда кент пен саяжайды қосқанда 8 аяқ су насосы толықтай жұмыс атқарады.

Қала бюджетінен бөлінген 28,0 миллион теңгеге Сабалақ саяжайының кіреберісіндегі жаңа мектеп алдындағы көшеге асфальт төселген. Ал №11 мектеп-лицейі өз бюджетінен үнемделген 17,3 миллион теңге есебінен мектептің артқы ауласына 1 футбол және 1 баскетбол алаңын салып жатыр. Сондай-ақ, 6,2 миллион теңгеге мектептің айналасы темір қоршаумен қоршалып, 5 миллион теңгеге ауласына брусчатка төселді. 31 миллион теңгеге мектептің кітапханасы (1 млн теңге), технология кабинеті (10 млн теңге), мұражайы (1 млн теңге) заман талабына сай жаңа жабдықтармен қамтылған. Сонымен қатар мектеп ішіне электр шамдарын (3,2 млн теңге), сигнализация құрылғылары (4 млн теңге) және 32 дана бейнебақылау камералары (4,7 млн теңге) жаңадан ауыстырылып, биыл мектептің әжетханасына 7 миллион теңге қаржыға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

№176 мектеп те өз қаржысы есебінен 11 миллион теңгеге спорт залына ағымдағы жөндеу жүргізіп, бірнеше кабинеттерін арнайы құралдармен жабдықтады. №257 орта мектепке 4,1 миллион теңгеге жаңадан бейнабақылау камералары орнатылды.

«Күнекей» балабақшасының жылу қазандығын көгілдір отынға ауыстыру мақсатында қала бюджетінен 22,0 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілген. Одан бөлек балабақшаға 1,8 миллион теңгеге төсек орны мен теледидар секілді қажетті жабдықтар алынды.

Тасбөгет аудандық электр торабы тарапынан 16,0 миллион теңгеге кенттегі электр желілерін жөндеуден өткізу бағытындағы жұмыстары да атқарылды.

Кентте орналасқан қаладағы белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына қызмет алушылар үшін ауданы 17 шаршы метр болатын монша салуға 11,6 миллион теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

5 миллион теңгеге Сабалақ саяжайына 2 дана аялдама орнату үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде және Тасбөгет кентіне де 2,5 миллион теңгеге 2 аялдама орнатылуда. Сонымен қатар 5,0 миллион теңгеге Сабалақ саяжайының ұзындығы 5,4 шақырым болатын негізгі көшелеріне тас төсеу жұмыстары мен 2,2 шақырым болатын орталық 2 көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, 310 миллион теңгеге, соның ішінде жолғ – 211 млн теңге, тротуарға – 98,7 млн теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған.

Қала бюджетінен қаралған 3,2 миллион теңгеге кенттегі Сейфуллин, Мұратбаев, Махамбетов, Майқанова, Молдағұлова, Дүйсенов, Өтеуов атындағы жеті көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстарының жоба сметалық құжаттамасы әзірленіп, қажетті деген 251,0 миллион теңгенің бюджеттік өтінімі берілген. 2022 жылы С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің шатырын күрделі жөндеуден өткізу үшін кент әкімі аппаратының өзін-өзі қаржыландыру шотынан 3,2 миллион теңге қаралып, бүгінде тиісті жұмыстар аяқталған.

Кенттің 2021 жылға арналған бюджетінен қалған бос қалдық есебінен 7,4 миллион теңге қаражатқа «Наурыз» шағын ауданына көше жарығын орнату (820,5 мың т.), қоқыс жәшіктерін алу (600,0 мың т.), жол белгілерін күтіп ұстау (670,6 мың т.), кенттің бірнеше көшесіне жаяу жүргіншілер жолдарын салу үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу (2 732,1 мың т.), көшелердегі қураған талдарды кесу (500 мың т.), кент әкімі аппаратына қажетті негізгі қорларды алу (1 664,8 мың т.), С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің қызметкерлеріне жалақы беру (461,0 мың т.) секілді жұмыстар атқарылған.

2022 жылдың 10 айында мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша үнемделген 6,8 миллион теңге қаражат кенттің көшелеріне 3 дана жасанды жол кедергісін орнату (1620,0 мың теңге), жаяу жүргіншілер жолақтарын сызу (802,0 мың теңге), кенттің орталық алаңындағы шамдар мен прожекторларды күтіп ұстау (2673,0 мың теңге), кенттің орталық бейіт жерін тегістеу және қоршаудың ЖСҚ-ын түзету (1750,0 мың теңге) жұмыстарына  жұмсалған.

Кенттің дамуына кәсіпкерлер де үлес қосуда

Қазіргі таңда «Фирма «МТО-Центр» ЖШС Тасбөгетте жалпы құны 800 миллион теңге болатын 5 қабатты 53 пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізуде. 620 миллион теңгеге Сабалақ саяжайы аумағынан «Bilim Orda» мектебі салынып, жаңа оқу жылына орай пайдалануға берілді. Білім ордасының екі ауысымда мектепте 500-ге жуық баланы қабылдауға мүмкіндігі бар. Кенттегі Бозғұлов көшесінің бойынан 300 миллион теңгеге жаңа сауда кешені салынуда. Кешенде шағын маркет, монша, көлік жуу орталығы, дәріхана және шаштараз орналаспақ.

Сонымен қатар 100 миллион теңгеге саябақ жанынан биометриялық зертхана құрылысы жүріп жатыр. Ал Тасарық шағын ауданында 70 миллион теңгеге 2 қабатты өнер орталығының құрылысы басталды. 35 миллион теңгеге ашылған «Шижаға» кешенді қызмет көрсету орталығы автокөліктерге қызмет көрсетіп, қоқыс түрлерін қабылдауда. 35 миллион теңгеге «Арғымақ» атты өз-өзіне қызмет көрсететін көлік жуу пункті мен 30 миллион теңгеге «Qyzylorda.vorota» темір өнімдерін жасап шығару цехы ашылып, жұмыс істеуде. Кенттегі «Ина-Жан Орда» жеке балабақшасының ғимаратын кеңейту мақсатында 70 миллион теңгеге 100 балаға арналған 2 қабатты балабақша салынды. Сабалақ саяжайы аумағынан 50 орындық «Айбибі» бөбекжай-балабақшасы (7 млн теңге) және «Dimash Academ Kids» атты 250 балаға арналған оқу орталығы (4 млн теңге) ашылды.

Биылғы жылы Тасбөгетте кәсіпкерлер демеушілігімен бірнеше нысандардың құрылысы тегін жүргізіліп, 254 миллион теңгенің жұмыстары атқарылған. Атап айтқанда, орталық саябақ жанынан шамамен 200 миллион теңгеге «Құддыс Ишан» мешітінің жаңа ғимараты бой көтеруде және 80 миллион теңгеден аса қаржыға Тасбөгет пен саяжай аумағына 4 жиынтық балалар ойын алаңдары, сондай-ақ, С.Мыханов көшесіне 4,0 миллион теңгеге көше жарықтары орнатылған.

Жеке кәсіпкердің демеушілігі есебінен 3,0 миллион теңгеге №11 мектеп-лицейінің асханасына қажетті жаңа жабдықтар алынып, еденіне толықтай кафель төселген. Ал 2 миллион теңгеге кенттегі негізгі көше бойларына жасанды жол кедергілері орнатылып, кент әкімі аппаратына қажетті құралдар, яғни планшет, моторлы шөп шапқыш секілді құрал-саймандар алынды.

Кәсіпкерлікке қолдау көп, ауылшаруашылығында алға жылжу бар

2021 жылы кенттегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1253-ті құраса, 2022 жылдың басынан бері тағы 173 кәсіпкер қосылып, олардың саны 1426-ге жетіп отыр. Оның 1073-і жеке кәсіпкер, 335 заңды тұлға және 18-і шаруа қожалығы.

Соңғы жылдары Тасбөгетте кәсіпті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу қарқыны артып келеді. Биыл да көптеген тұрғындарға бағдарламалардың игілігін пайдаланып, кәсіптерін ашуға, кеңейтуге кеңес берілуде. Нәтижесінде ұлттық жоба аясында 10 ай ішінде 82 тұрғын өз жобаларын қорғап, 313,8 миллион теңге көлемінде қаражат иеленді.

Атап айтқанда, «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында субсидиялау бағыты бойынша 155,3 миллион теңгені құрайтын 8 жоба қаржыландырылды. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Іскер» бағдарламасы бойынша 62,0 миллион теңгені құрайтын 9 жоба қолдау тапқан.

«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы жоба құны 8,0 миллион теңгені құрайтын 3 жоба қаржыландырылды.  «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Atameken Qyzylorda» МҚҰ-ы арқылы 10,0 миллион теңгеге 1 жоба қолдау тапты.

«2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында қайтарымсыз мемлекеттік грант (1,2 млн теңге) бағыты бойынша құны 73,5 миллион теңгені құрайтын 60 жоба, сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында құны 5 миллион теңгені құрайтын 1 жоба қайтарымсыз 5 миллионға дейінгі мемлекеттік грантты ұтып алды.

2021 жылы Тасбөгет кентіне 2 миллиардқа жуық инвестиция тартылып, 140 жұмыс орны ашылса, 2022 жылдың соңына дейін де осыған шамалас инвестиция тартылып, жаңадан 300-ден аса тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарда бар. Қазіргі таңда кентте ашылған жаңа жұмыс орындарының саны 10 айлық көрсеткішпен 200-ге жетіп отыр.

2022 жылдың 10 айында кентте 340 гектар егін егілді. Оның ішінде 40 гектар картоп, 170 гектар көкөніс, 130 гектар бақша дақылдары құрайды. Биыл мал саны 1159 басқа өсіп, барлығы 5380 басқа жетіп отыр. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара – 2163, уақ мал – 1536, жылқы – 638, түйе – 3, құс – 1040.

Кент аумағында 2 кәсіпкер жалпы ауданы 1000 шаршы метр болатын аумаққа жылыжай жұмысын жүргізіп, тұтынушыларды бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп отырса, биыл тағы да 3 тұрғын өз аулаларына 1000 шаршы метр жерге жылыжай салып, егіншілік кәсіппен айналысуда.

Әлеуметтің әлеуетін арттыру – басты мақсат

Тасбөгеттегі экономикалық белсенді халық саны – 16209 адамды құрайды. Аз қамтылған отбасы саны – 143. Ал бүгінгі таңда 2932 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Жыл басынан бері жұмыссыздық деңгейін жою мақсатында 99 адам уақытша жұмыспен қамтылған. Оның ішінде қоғамдық жұмысқа – 41 адам, әлеуметтік жұмысқа – 6 және жастар тәжірибесімен 14 адам орналастырылды.

Сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандарда ашылған жұмыс орындары есебінен барлығы 206 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

13 сәуір күні жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және кәсіпкерлікті дамыту, жастардың сұранысындағы қажеттіліктерді қамтамасыз ету мақсатында Тасбөгет кентінің орталық алаңында «Мүмкіндіктер керуені» ұйымдастырылды. Шарада бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен тұрақты жұмысқа 12 азамат, ал арнайы жұмыс орындары бойынша 5 жұмыс беруші мекемемен шарт жасалып, 6 мүгедектігі бар азамат арнайы жұмыс орындарына жолданды. Жастар тәжірибесі бағдарламасы аясында 15 жас маман уақытша жұмыс орындарына жолдама алса, қоныс аудару бағдарламасы аясында өзге өңірлерге 1000 бос жұмыс орны, бұдан бөлек, 30 жұмыс беруші мекемелерден 200-ден аса бос жұмыс орындары ұсынылған.

Қазан айында қалалық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге қала аумағындағы 15-ке жуық мекеме қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынды. Бүгінгі күнге кентте жұмыссыздардың саны азайып,  56 адамды құрап отыр.

Жыл басынан бері әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін берілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алуға барлығы 525 отбасы құжат тапсырып, оның ішінде 511 отбасындағы 2470 адамға тиісті көмек тағайындалған. 25 отбасы тұрақты түрде ыстық аспен қамтылуда. Кентте тұратын 36 отбасыдағы 147 адамға тұрғын үй көмегі берілген.

Тасбөгет кенті бойынша жалпы мүгедектігі бар жандардың саны – 949, оның ішінде ересек жастағылар – 697 адам. Үйден арнаулы әлеуметтік қызмет алушы 45 мүмкіндігі шектеулі бала және жалғызбасты 7 қарт бар. Оларға әлеуметтік қызметкерлер 8 түрлі қызмет көрсетеді.

Кенттегі мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдеу, мәдени және спорттық шараларға тарту мақсатында апта сайын түрлі шаралар өткізілуде. Жыл басынан бері өткізілген мұндай шараларға 500-ге жуық жан тартылды.

Үстіміздегі жылы мерекелік даталарға орай аз қамтылған отбасыларға кәсіпкерлер демеушілігімен 4,5 миллион теңгеге жуық қаржыға түрлі шаралар ұйымдастырылып, қайырымдылық көмектер және сыйлықтар үлестірілді. Құрбан айт мерекесінде де қайырымды азаматтар қолдау білдіріп, 4 ірі қара мен 20-ға жуық қой сойылып, мұқтаж отбасыларға таратылған.

Сондай-ақ, демеушілер есебінен 12 отбасыға тұрақты және уақытша жалдамалы пәтер иеленуіне мүмкіндік жасалып, 2 отбасыға үй салу үшін құрылыс материалдары мен қаржылай көмектер көрсетілді.

1 қыркүйек – Білім күніне орай тұрмысы төмен отбасындағы 100 отбасына оқу формалары және құралдарынан көмектер көрсетілсе, 1 қазан – Қарттар күніне орай ардагерлерге арнап мерекелік концерт беріліп, сыйлықтар табысталды.

Қоғамдық өмір назардан тыс қалмақ емес

Тасбөгеттегі жалпы білім беретін мемлекеттік 5 мектепте барлығы 5666 оқушы, 2 жеке мектепте 500-ге жуық оқушы білім алуда. 2021-2022 оқу жылында кент бойынша 234 оқушы мектеп түлегі атанып, 19 оқушы алтын белгі, 31 оқушы үздік аттестат иеленді.

217 бала ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, олардың 157-сі грант иегері атанды. ҰБТ-ға қатысушылардың жалпы есеп бойынша орташа балы – 82,4-ті құрайды.

Ал кенттегі мәдениет мәйегіне айналған С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде 8 үйірме, 23 қызметкер халыққа қызмет жасап келеді. Мәдениет үйінде жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес, 2022 жылдың 10 айында 51 мәдени-көпшілік іс-шара өткізілсе, бұл шараларға барлығы 13 500-ге жуық көрермен қатысқан.

Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінен бас жүлдесін жеңіп алған тасбөгеттік Ермановтар әулеті облыстық кезеңге жолдама алып, өңір бойынша І орынды иеленді.

Кентте аталып өтетін мерекелік-көпшілік шаралармен қатар, ерікті де белсенді азаматтардың бастамасымен қолға алынған «Талант тұнған Тасбөгет» атты жоба аясындағы концерттік бағдарлама апта сайынғы дәстүрлі өнер кешіне айналып отыр.

Кентте орналасқан қалалық №1 және №13 кітапханаларда барлығы 120189 дана кітап қоры, 5923 тұрақты оқырманы бар.

Кент аумағында жастарды өнерге баулу, шеберлікке үйрету мақсатында қосымша 3 өнер мектебі және үйірмелер ашылып, 400-ден астам балаларды тегін қабылдауда.

700-ге астам тұрақты тәрбиеленушісі бар №5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 65-ке жуық оқушысы жыл басынан бері күрес, дзюдо, байдарка және каноэ есуден Қазақстан Республикасы, Азия және Әлем чемпионаттарынан жүлделі орындарды иеленген.

2022 жылдың қазан айында қала әкімінің қолдауымен Республика күніне орай ұйымдастырылған қалаға қарасты кент және ауылдық округтер арасындағы спартакиада ойындарында Тасбөгет кенті жүлделі І орынды иемденді.

Жуырда кент аумағынан ашылған 4 спорт клубында 600-ге жуық балалар мен жасөспірімдер спорттың 10 түрімен тегін шұғылдануда. 2021 жылы облыс бюджетінен бөлінген 340,3 миллион теңгеге кент аумағынан байдарка және каноэ есу базасы салынды.

Қылмыспен күрес үздіксіз жүргізіледі

Тасбөгет кенті бойынша 2022 жылдың басынан бері 53 қылмыс орын алып, оның 36-ы сотқа жолданған. Бұл қылмыстың өткен жылғы көрсеткішімен салыстырғанда 25 пайызға төмендегенін көрсетеді. 2021 жылы 71 қылмыс орын алып, 46 іс сотқа жолданды.

Кентте 10 ай ішінде 689 әкімшілік құқық бұзушылық орын алса, соның 81-і көше ластағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. 198 азаматқа айыппұл салынып, 96-ына ескерту жасалды. 155 азаматтың ісі сотқа жолданса, 32 азамат қатаң тәртіп бұзғаны үшін әкімшілік қамауға алынған.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: