Сенбі, 18 мамыр, 16:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Тазалық халық үшін бе, әлде әкім үшін бе?

27.08.2022

1033 0

Бұл − қала әкімі Асылбек Шәменовке халықпен кездесуінде «Сырдария» шағын ауданы тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтың бірі. Президент тапсырмасына сай халықпен жиі кездесуді қолға алған қала басшысының кездесуі алдында үйлердің ауласы жиналып, тазартылғаны көпшілікті таңғалдырды. Одан бөлек, «Сырдария» шағын ауданының тұрғындары модернизация, жол қауіпсіздігі мен балалар алаңына қатысты сұрақтарын тікелей қала басшысына қоюға мүмкіндік алды.

Жиында айтылған мәселенің бірі үйлердің сыртқы келбеті мен ішкі жағдайы. 2007 жылы қолданысқа берілген көпқабатты үйлердің бүгінде сыртқы сылағы түсіп, келбеті кеткен. Одан бөлек шатырдың да тозығы жетіп, жоғарғы қабаттағы пәтерде су кету жағдайы көбейген. Махаббат Мусаев есімді тұрғынның айтуынша, белсенді тұрғындар қол жинап, әкімдікке жүгінгенде модернизация 2024 жылға жоспарланғаны туралы жауап алған. Қала әкімі бұл мәселені ШЖҚ «Қызылорда Су жүйесі» МКК директоры Талғат Құлмағанбетовке тапсырды. Сондай-ақ тұрғын қоқыс мәселесін де қозғап, тұрмыстық қалдықтар 2-3 күн алынбаған соң шашылып жататынын айтты. Бұл мәселеге байланысты «Қызылорда су жүйесі»  басшысы «Техника бұзылғанда қоқыс әрі кетсе 1 күн тұрып қалуы мүмкін. Басқа жағдайда барлық қалдықтар уақытылы шығарылып отырады», – деп жауап берді.

Шағын аудандағы аумақ та аз болғандықтан авто­тұрақ жасау мүмкін емес, бірақ ойын алаңдары қажеттігі айтылды. Бұл мәселеге байланысты қала әкімі демеушілік есебінен салынатын 50 балалар ойын алаңы тізіміне енгізуді қарастыратынын айтып, осы шағын аудандағы 7 үйдің алдында салынып жатқан балалар алаңын мысалға келтірді. Тағы бір мәселе – қараусыз иттер. Тұрғын кешкі мезгілде топтасып жүретін иттердің кесірі балаларға тимес үшін алдын алу керектігін жеткізді.

Бұл мәселеге байланысты қала әкімі: «Қаңғыбас иттер – республикалық деңгейдегі мәселе. Жаңадан қабылданған заңға байланысты иттерді атуға тыйым салынған. Заң бойынша оларды аулау, ұстауға бай­ланысты шарттары бар. Дегенмен әлі толықтай жүйеге енгізілмеген заңға қарап отырған жоқпыз. Қауіпсіздікті реттеу мақсатында біз иттерді атпай ұстап, арнайы шараларды жүзеге асырудамыз», – деп жауап берді.

Кездесу барысында тұрғын Мария Лұқпанова шаһар басшысына Сұлтан Бейбарыс көшесімен жағалай орна­ласқан аллеяға орындықтар орналастырып, жарық шам­дарын реттеуді және арнайы баспалдақтардың жағдайын жақсартуды ұсынды. Бұл мәселеге байла­нысты қала әкімі назарға алынғандығын және алдағы уақытта жұмыс жасалатынын айтты.

 «Сырдария» шағын ауданындағы 9 үй тұрғындары модер­низацияның қымбаттылығына байланысты ағымдағы жөндеу жұмыстарын өздері жасамақ. Осы орайда тұрғындар қаражат жинап, жұмысты істейтін мамандарды да тапқан. Ал әкімдікке жүгінгенде жауаптылар арнайы техника бөлуге дайын екендігін айтқан. Осыған байланысты кранмен қамтамасыз етуді сұраған тұрғынның өтінішіне байланысты қала басшысы жауапты мамандарға техника бөлуге жағдай жасауды тапсырды.

Жиында аулаға келетін аяқ су мәселесі де сөз болды. Жаз бойы тазартылмаған арықтарға әкіммен кездесуден 2-3 күн бұрын су келгені, түбіндегі қоқыс бетіне шығып жат­қаны ашық айтылды. Бұл сұраққа байланысты қала әкімі ең алдымен негізінен су тапшылығы мәселесі барын назарға салып, дегенмен әр аумаққа аяқ су жеткізу үшін жағдай жаса­лып жатқанын жеткізді. Ал «Small» супермаркеті алдындағы жаяу жүргіншілер жолағының түнде жарық шамы жанбауы, көлік қатты жүретіндіктен қауіп көп екеніне байланысты мәселеге Асылбек Шәменов қалалық полиция басқармасы басшысына бағдаршам немесе жасанды жылдамдық бәсен­деткіш құрылғы қоюды қарастыруды тапсырды.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: