Сенбі, 27 сәуiр, 06:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Тұрғындарды толғандырған мәселе көп

02.07.2022

507 0

Бейсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала халқымен кездесу өткізді. Жиынға Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Эльдар Күзенбаев арнайы қатысты.

Кездесу барысында аймақты дамытудың не­гізгі қадамдары сараланды. Ең маңызды деген инфрақұрылым, қоғамдық көлік жайы қозғалды. Халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұ­мыстарға басымдық берілетіні айтылды.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өз сөзінде қалада заманауи ғимараттардың салынатынын ерекше атап өтті. Оның ішінде кәсіпкер Болат Өтемұратовтың демеушілігімен әуежай терминалы бой көтереді. Осылайша қала халқын толғандырған әуежай жайы оң шешімін табады.

Медицина саласын дамытуда да бірқатар шара қолға алынады. Жақын күндері облыстық қан орталығының іргесі қаланса, алдағы жылы 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана салынады. Облыс халқының игілігіне арналған жаңа жобалар мұнымен бітпейді. Неке сарайы, өнер орталығы, демеуші есебінен дарияның сол жағалауынан «Оқушылар сарайын» салу алдағы жылдардың еншісіне енген.

Өңірдегі ең ірі жобаның бірі – жылу электр станциясы болғалы тұр. Құны 215 млрд теңге, қуаттылығы 240 мегават болатын жоба тікелей Ұлттық экономика және Энергетика министрлігінің  қолдауымен іске асады. Бұйыртса, бұл бастама 2025 жылы қолға алынады.

Аймақта қазіргі таңда су тапшылығы маңызды мәселеге айналған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен бұл бағытта 4 жоба, облыстық бюджет есебінен тағы 4 жобаны жүзеге асыру күн тәртібінде тұр. Сол жағалаудың сәнін келтіруде тыс қалмақ емес. Жаңа ауданды  абаттандыру мақсатында «Гүл бульвары» жобасының құжаты әзірленуде.

Кездесуде ауыл-аймақ, аудан, қала төңірегіндегі негізгі мәселелер қозғалды. Тұрғындарды толғандырғаны газ, жол жөндеу, көшені жарықтандыру жайы. Мұның бәрі күн тәртібінен түспейтін, тек кезең-кезеңімен орындалатын мәселе екені белгілі. Аймақ басшысы бұл ретте арнайы іс-қимыл жоспары бекітілгенін жеткізді. Жұмыс жоспар бойынша атқарылады. Мәселен, қала шетіндегі Наурыз, Махамбетов елді мекенін газдандыру жұмыстары келер жылы аяқталады. Ал Қосшыңырау ауылдық округіне газ жүргізу үшін тиісті орындарға бюджеттік өтінімдер берілген.

Аймақтың инфрақұрылымын дамытуда жол жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салуға басымдық берілген. Бүгінде қаланың негізгі көшелерінің көбі асфальтталған. Десе де жөндеу қажет ететіндері де баршылық. Аталған бағытта қаланың 34 шақырым жолын жөндеуге 5,1 млрд теңге бөлі­ніп­ті. Одан бөлек 19 жаяу жүргінші жолы, 13 көшеге орташа жөндеу жұмысы жасалады. Жарықтандыруда орталық көше­лер диодты шамдармен безендіріледі. Облыстық бюджет­тен 10 көшенің қиылысына бағдаршам орнатылады.

Аймақ басшысы атқарылатын жұмыстарды халық алдында осылайша саралады. Көпшіліктің бұдан өзге де сұрағына жауабын берді. Сонымен қатар азаматтарды жеке қабылдап, мәселесіне мән берді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: