Дүйсенбі, 17 маусым, 12:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47-2057
15.06.2024
PDF мұрағаты

Зейнеткерлік демалысқа – зор құрметпен

25.11.2022

454 0

Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов Ақжарма ауылдық округінде тұрғындармен кездесуден кейін, ауыл әкімі қызметін атқарған Әлиев Жұмабек Төлешұлын салтанатты түрде құрметті демалысқа шығарып салды.

​Жұмабек Төлешұлы еңбек жолын 1975 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы «Қазақстан» кеңшарында жұмысшы болып бастады. Қызметтің түрлі сатысынан сүрінбей өткен кәсіби маман, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы Сырдария ауданы комсомол комитетінің меңгерушісі, аудандық білім бөлімінің методисі, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, Қызылорда облысы әкімі аппаратының консультанты, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының директоры, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының, қалалық білім, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшысы лауазымында абыройлы еңбек етті.

​Қызметтік сатысында түрлі жауапты салада тер төккен Жұмабек Төлешұлы 30 мыңнан аса тұрғыны бар Тасбөгет кентін басқарғанда ұтқыр ұйымдастырушылығымен дараланып, 2013-2017 жылдар аралығында көптеген ілкімді істерді атқарды.

​2017 жылдан бүгінге дейін Ақжарма ауылдық округінің әкімі болған Жұмабек Төлешұлы Ақжармалықтар үшін ұзақ жылдан бері түйіні шешілмей келген ауыз су, жарықтандыру, жол жөндеу секілді мәселелердің шешімін тауып, ел құрметіне бөленді. Сондай-ақ, Жұмабек Әлиев әкім болған тұста ауыл төрінен типтік жобадағы жаңа мәдениет үйі бой көтерді.

​Жұмабек Төлешұлын құрметті демалысқа шығарып салу салтанатында қала әкімі Асылбек Шаменов ауыл әкімінің азаматтық болмысы мен іскерлік қабілетіне ерекше тоқталып, «Сіздің Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі, Сыр өңірінің өсіп-өркендеуі жолында еткен еңбек, төккен тер, қажыр-қайратыңыз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін» деп, қазақы дәстүрмен шапан жауып, ең жоғарғы марапат «Құрмет» грамотасын тапсырды.

​Жұмабек Төлешұлы зейнетке шықса да, Сыр елінің қоғамдық-саяси өмірінен тысқары қалмасы анық. Өйткені, халық қадірлеген мұндай азаматтың кейінгі толқынға берері мол деп білеміз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: