Сенбі, 18 мамыр, 11:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Жаяудың да жолы бар

11.04.2023

433 0

Бұған дейін Қызылорда қаласында көше салу, жөндеу жұмыстарын жүргізу өзекті болса, қазір қалада жаяу жүргіншілер жолын салу қолға алынуда. Бұл – тұрғындардың сұранысы.

Жаяу жүргіншілер жолын салуға облыстық бюджеттен 690 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға қала бойынша жалпы ұзындығы 34 шақырымды құрайтын 19 жаяу жүргінші жолы салынбақ. Қазіргі таңда конкурс талабына сай жауапты мердігер мекемелер анықталған. 10 жаяу жүргінші жолын «Қызылорда жолдары» ЖШС мекемесі салса, қалған тоғызы «Ақнұр-Авто» ЖШС мекемесінің жауапкершілігінде.

Қазіргі кезде аталған 10 жаяу жүргінші жолының құрылысы аяқталуға жақын.

– Халықтың сұранысы ая­сында биыл жаяу жүргіншілер жолын салуға басымдық бе­рілді. Осыған орай 19 жаяу жүргінші жолын салуға тиісті қаражат облыстық бюджеттен бөлінді. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге екі мердігер мекеме бекітілген. Қазіргі таңда 10 көшеге жауапты «Қызылорда жолдары» ЖШС мекемесі 7 жаяу жүргінші жолының не­гізгі бөлігін салып бітірді. Енді асфальт төсеу жұмыстары қалды. Қазір қаланың Шанхай аталынып кеткен шағын ауданындағы Ж.Шанин көшесі мен қаладағы СПМК-70 шағын ауданындағы Тараз көшесі және Халыққа қызмет көрсету орталығы аумағындағы Оты­рар көшесінің аяқ жағына бордюрлер орнату, қиыршық тас төсеу сын­ды жұмыстар істелуде, – дейді қалалық тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­­шылығы, жолаушылар кө­лігі және ав­то­мобиль жол­дары бөлімі бастығының орын­басары Дархан Бақтияр.

Жаяу жүргіншілер жолы талап бойынша әлеуметтік нысандар орналасқан, халық көп шоғырланатын аумаққа салынады. Сондықтан бұл жолдарды ұзақ уақыт ел игілігіне жарағаны жөн. Жол салушы мамандар қаржы, құ­рылыс материалдары жағынан ешқандай тапшылық жоғын айтады. Сондай-ақ жұмыс ба­рысы да кестеге сай уақытылы жүргізілуде. Мамандардың сө­зінше, жаяу жүргіншілер жолы келер айға дейін толық пай­далануға беріледі.

Қалған 9 көшедегі жаяу жүр­гіншілер жолының құрылысы әні-міне басталады деп күтілуде. Оған жауапты «Ақнұр-авто» ЖШС мекемесімен тиісті құ­жаттар жақында рәсімделген. Сондықтан істің барысы ке­шіктіріліп жатқан көрінеді. Ал жалпы құрылыс жұмыстары мамыр айына дейін аяқталып, ел игілігіне берілуі керек.

– Алда жаз маусымы. Бұл кезеңде жұртшылық кешкі уа­қытта жаяу жүргенді жөн көреді. Сондықтан жаяу жүргіншілер жолы қажет. Ал балалардың, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін мектеп, аурухана сынды нысандар орналасқан аумаққа салынғаны дұрыс. Жазда не­мерелермен бір уақыт есік алдына шығасың. Алайда көшеде жүйткіген көлік, қолды-аяққа тұрмайтын кішкентай балалар жүгіріп кете береді. Көлік қағып кете ме деп қорқасың. Амал жоқ үйдің ауласынан шығармаймыз. Жаяу жүргіншілер жолының салынып жатқанына қуаныштымыз. Бұл да бір қарапайым тұрғындарға жасалған қамқорлық деп бі­лемін, – дейді СПМК-70 шағын ауданының тұрғыны Жәмила Тасболатқызы.

Қала инфрақұрылымының жылдан-жылға дамып, халықтың басты қажеттіліктерінің  қана­ғаттандырылуы тұрғындарды қуантуда. Мәселен, биыл қала бойынша 231 көше жөнделеді деп жоспарлануда. Бүгінде мер­дігер мекемелер анықталып, бірқатар көшенің жөндеу жұ­мыстары басталған. Қала мен оған қарасты кент, ауылдық округ көшелерін жөндеуге бар­лық бюджеттен және мемлекеттік бағдарламалармен 10 млрд 246 млн теңге қаражат бөлінген.

Сала мамандары кей кө­ше­лердегі жеке тұрғын үй иелерінің есігінің алдын жаяу жүргіншілер түсетін жолға дейін асфальттап алғанын айтады. Бұл өз кезегінде құрылыс заттарын үнемдеуге мүмкіндік берген. Осы үнемделген материалдарды мердігер мекеме жаяу жүргінші жолы жоқ басқа да көшелерге төселмек.

А.СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: