Жұма, 29 наурыз, 12:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Жаңа автобустағы жолақы: Картамен арзан, қолма-қол қымбат

14.01.2023

822 0

Жазда салқын, қыста жылы, орындығы жайлы, билетті заманауи түрде төлеп, әр аялдама сайын жағымды әуен мен маңызды ақпарат естіп отыратын жаңа автобуспен қатынағым келеді. Жақында бұл да орындалады. Сенбейсіз бе?

Жыл басында осындай жағымды жаңалықты «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Мақсат Жүсіп және осы мекеме директорының қауіпсіздік қызметі бойынша орынбасары Әмірбек Шаймағанбетов жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің үлкенді-кішілі қалаларында қоғамдық көліктің жай-күйін жақсартып, бұл бағыттағы қызметтің сапалық деңгейін одан әрі көтеру қажеттігін жергілікті атқарушы органдарға жүктеген болатын. Жалпы қоғам арасында жиі сынға ұшырап отырған мәселенің бірі осы қоғамдық көлік болғанымен, біз барған мекеме өз жұмысын бір жүйеге келтіріп, халыққа сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуді қолға алуда. Иә, «Қызылорда автобус паркі» серіктестігінде жаңа серпін бары байқалады.

Қалаға тағы да жаңа автобус келеді

Бұл мекеме 2013 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Күні бүгінге дейін «Автобус паркіне» қарасты автобустармен бірге жеке қызмет көрсетушілер бірге жұмыс істеді. Ал 2021 жылдан бастап «Қызылорда автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып, өз алдына бөлек мекемеге айналды. Бүгінде қалаішілік 12 бағытты қамтамасыз етуде. Олар №1,№11,14,№17,№18,№19,№20,№22,№25№28,№29 және қосымша жүктелген «Ягодка» саяжай бағыты бойынша қызмет көрсетеді.

– Облыс әкімдігінің қолдауымен серіктес­тікке «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жаңадан лизингке 150 автобус алуға облыстық мәслихат шешімімен алдын-ала төлемге 1 млрд 434 млн теңге бөлініп, оның 100 автобусын алуға шарт жасалып, жұмыс жасауда. Қалған 50 автобус бойынша тиісті құжаттар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен шарт жасалып, авто­бустардың келуі үстіміздегі жылдың ақпан айында күтілуде, – дейді аталмыш серіктестік директоры Мақсат Жүсіп.

Негізі әр бағытқа кемі 12-15 автобус бөлінген.  Биыл тағы 150 үлкен сыйымдылықтағы автобус қалаішілік маршрутқа қосылады. Сонымен қалаішілік тасымалдың 70-80 пайызы жаңа үлкен сыйымдылықтағы автобустармен қамтылады. Алдағы уақытта тағы бес бағытқа жаңа замануи автобустар беріледі. Олардың қатарында №12, №16 және пандемия кезінде мүлде жұмысын тоқтатқан №3, №9 бағыттағы маршруттар қарастырылуда.

Сонымен қатар бүгінде бұл серіктестікте автобустардың көбеюіне байланысты штат бірлігі де арта түсуде. Қазір мұнда 300 адам жұмыс істесе, оның 200-і автобус жүргізушілері. Сондай-ақ жүргізушілердің D-1 категориядағы кемінде 5 жыл еңбек өтілі болуы тиіс. Олардың өзі арнайы формамен қамтылады.

Жолақы

Қымбаттай ма?

Серіктестік басшысының айтуынша, 2020 жылы электронды билетті «Alempay» ЖШС енгізген. Сараланған тариф 2021 жылдың қаңтар айынан электронды түрде төлем 85 теңге, қолма-қол төлем 90 теңге болып бекітілген.

Енді мекеме басшылары алдағы ақпан айынан бастап, автобус паркіне қарасты қоғамдық көліктердің жүру ақысын қолма-қол төлеммен 130 теңге, ал электронды түрде 85 теңге етуге ұсыныс беруде. Жасыратыны жоқ, қолма-қол төлем әлдебіреулердің қалтасына түсуі мүмкін. Ал электронды түрде төлем жасалса, ол тікелей мекеменің есепшотына аударылады. Халық оған түсіністік танытуы тиіс. Сонымен бірге «SMS BUS» мобильді қосымшасын кез келген телефоннан жүктеп алуға мүмкіндік бар. Ол арқылы көліктің қай аялдамадан шыққанын, уақытын бақылай аласыз. Тағы бір жаңалық алдағы уақытта оқушылар тасымалын да осы автобус паркі өз иелігіне алып, сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуді жауапкершілігіне алмақшы.

Электронды карта тегін таратылды

Бүгінде желтоқсанның 15-і мен қаңтардың 15-і аралығында «Халыққа сапалы қызмет және қауіпсіз жол» акциясы өтуде. Сондай-ақ алдағы уақытта да осындай акциялар жалғасын таппақ. Осыған орай қоғамдық көліктерде халыққа тегін карталар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

– Бүгінде қалаішілік 12 бағытта жолаушылар автобусы қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта олардың қатарын жаңа автобустар толықтыра түседі. Біздің мақсат – халыққа қалтқысыз қызмет көрсету. Электронды жүйеге көшу қызметін жолға қойып жатырмыз. Алдағы уақытта электронды карта арқылы төлем  жасауды толыққанды енгіземіз, – дейді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС қауіпсіздік қызметі бойынша директор орынбасары Əмірбек Шаймағанбетов.

Әңгіме соңында…

Жаңа қоғамдық көліктер қызылордалық­тардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыт­тылған маңызды қадамның бірі. Ал мұны жүзеге асыруға аталмыш серіктестік ұжымы кірісіп те кетті. Тіпті мекеме басшылығы әңгіме соңында мынадай жақсы ұсынысымен де бөлісті.

– Алдағы уақытта жаңа автобустарда қай аялдамаға келгендігі, келер аялдаманың атауы айтылып, жағымды әуен немесе қазақтың күйі орындалып тұрады. Біз осыны қолға алып жатырмыз, – деді мекеме директоры. Осы орайда журналистер де жалпы Сыр өңірі жайлы, Қызылорда туралы қажетті ақпараттарды да қосса артық болмас еді деген ұсынысын білдірді.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: