Сейсенбі, 23 сәуiр, 22:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жаңғырған қала, жасампаз ел

09.10.2021

1034 0

1996 жыл. Алматыдан біржола аттанған бетім. Табаным Ақмешітке тиді. Бұрын болмаған белгісіздеу, беймәлім қала. Көшесін жаяу кезіп келемін. Жан-жағыма жалтақтап, әрбір ғимаратқа үңіліп көз саламын. Көне шаһардың күйі қайтқан екен, ел елең-алаң шақта. Көшіп кетуші көп, келуші кем. Қыж-қыж қайнаған тіршілік тек ескі базарда ғана. Басқасынан бақ тайғандай меңіреу, маңайына мұңдана қарайды.

Орталық бөлікте Қоқанның сарқытындай тоқал там әлі бар екен. Шатырын кәдімгі балшықтан құйған, онысын арам шөп басқан, көненің көзіндей болса да қала келбетіне шіркеу болып тұрған-ды. Кеңестік кезеңнің көпқабатты үйлерінде тұрғын толық емес, кешкі шам жағылғанда ғана терезенің саңылауынан санамалап шығуға болады. Қараңғы бөлмелер қаңырап қалғанның қамытын білдіріп тұр. Үй бағасы құлдырап кеткен.

Қызылорданың бағына Еркін Нұржанұлы «обкомға» бірінші хатшы болып келді. КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты ретінде Мәскеудің мүмкіндігін аймаққа жақсы пайдаланды. Ең табыстысы – Құмкөл мұнайын игеруге қол жеткізді. Онсызда өндірісі құлдыраған Қызылордаға Құмкөл құт болды. Облыстың негізгі асыраушысы – «Южнефтегаз» АҚ болды.

Аймаққа бірінші басшы болып бірнеше қайраткер азамат келді. Олар өңірді өркендетуге барынша күш салды. Өтпелі кезеңнен өтіп, кәсіпкерлікті дамытуға ден қойды. Қызылорда қаласы арнайы экономикалық аймақ мәртебесін иеленді. Осы жылдардан бастап өріс кеңейді.

Уақыт өтіп жатты. Қала, аудан қарыштап өркен жайды. Бір кездері тиын болатын күріштің де бағасы өсті. Балық, мал шаруашылығының табысы артты. Өнер, мәдениет, денсаулық, білім саласы серпілді. Өңірдегі ең айтулы жаңалық – Кіші Арал теңізі қалпына келді, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы іске қосылды, инфрақұрылым жаңарды, тұрғын үй саясаты шешілді, республикада тұңғыш рет көпсалалы облыстық медицина орталығы салынды, Қызылорда әлемге ашылған терезеге айналды.

Міне, тәуелсіздіктің 30 жылдығы осындай жетістік жылдарына ұласты. Үкімет басшысы Ұзақбай Қарамановтың араласуымен аймақ тұрғындары экологиялық аймақ статусын иеленіп, әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізді. Бүгінде Сыр өңірінің салтанат көші жыл сайын ажарланып, жаңғыру үстінде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіз Қазақстанның дамығанын бір ғана Қызылордадан көруге болады» деуінде үлген негіз бар.

Тәуелсіз Қазақстан бұдан әрі де дами береді деп сенемін және соған тілекшімін.

Қаныбек ӘБДУОВ,

журналист

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: