Сәрсенбі, 24 сәуiр, 00:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жұмабек ӘЛИЕВ, Ақжарма ауылдық округінің әкімі: «Менің басты ұстанымым – елге етене жақын болу»

22.06.2021

1900 0

Әсілінде, адамзат баласының қалыптасуы туған жерімен тығыз байланысты болады. Өйткені оның тұла бойы туабітті табиғат анадан берілген ізгі қасиеттерден тұрады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы сөзімізді айқындай түскендей. Себебі оның ішкі рухани жан-дүниесі Сыр суындай мөлдір әрі терең. Білім парасаты биік, өзіндік көзқарасы қалыптасқан азамат. Әлиев Жұмабек Төлешұлы

2006 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған. 2019 жылдың қорытындысымен «Үздік мемлекеттік қызметші» номинациясының жеңімпазы атанған. Қазіргі таңда Ақжарма ауылдық округі әкімі қызметін абыроймен атқарып келе жатқан білікті басшы.

Ол 1958 жылы 1 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1965-1975 жылдар аралығында №1 Май орта мектебінде білім алып, алтын ұясын үздік бағамен аяқтайды. Алғашқы еңбек жолын 1975-1976 жылдары Жалағаш ауданына қарасты ЛК «Қазақстан» атындағы совхозда жұмысшы болудан бастайды. Кемел келешек көкжиегін біліммен байланыстырған жас жігіт мектеп қабырғасында алған тәлімін тереңдетіп оқу мақсатында Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагоги­калық инс­титутында жалғастырады. 1977-1981 жылдар ара­лығында осы институттың физика-математика факуль­тетінің сту­денті атанады. Бұл білім ұясында өзінің жоғарғы қарым-қабілетін көрсетіп, кейіннен институттың физиканы оқыту методикасы кафедрасының аға лаборанты болып қызмет атқарады.

1982-1983 жылдары Кеңес әскері қатарында Грозный, Майкоп қалаларында Отан алдындағы борышын өтейді. Жауынгерлік жолында шарболаттай шыңдалған ол елге оралған соң өмір жолын білім саласына бағыттайды. Тасбөгет қыстағындағы №11 орта мектептің комсомол комитетінің хатшысы қызметін де абыройлы атқарады. 1984-1988 жылдары Сырдария аудандық комсомол коми­тетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болса, 1988-1992 жылдары Сырдария аудандық білім бөлімінің әдіскері қызметін атқарды. 1992-1997 жылы №174 орта мектеп директоры болып еңбек етеді.

Өмір жолында жинаған мол тәжірибесін аудан әкім­­дігінде жалғастырып, Сырдария ауданы әкімінің орын­басары болып тағайындалып, сол жерде жемісті еңбек етеді. 1997-1998 жылы облыстық ақпарат және қоғамдық келі­сім басқармасының бөлім бастығы Жұмабек ағамыз еңбек жолында мәдениет саласында жемісті еңбек етті. 1998-1999 жылы облыс әкімі аппаратының кеңесшісі. 1999-2006 жылдары об­лыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының дирек­торы, 2006-2007 жылы об­лыстық мәдениет басқар­ма­сының бастығы болған жыл­дары өңір халқының өнері мен мәдениетін дамытуда да ай­тарлықтай еселі еңбек ет­кенін әлі күнге дейін жұрт­шылық ризашылықпен атап жүр.

2013-2017 жылы Тасбөгет кенті әкімі қызметін атқар­ған кездері кентте тұралап қалған күрмеулі мәселерді шешу жолында өз біліктілігі мен шеберлігін ұштастырып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақ­саруына мүмкіндік жасай білді.

Қазіргі таңда Ақжарма ауылдық округінің әкімі ретінде халыққа қызмет етіп келеді. Сонымен қатар кәсіпкерлік саласы мен жастар ұйымының алдағы жылдарға жасалған жоспарларын жиі қадағалап, соның іс жүзінде жүзеге асуына ықпал етіп келеді. Бұл – білікті басшының басты бағыттары.

Жұмабек Төлешұлы зайыбы екеуі 3 ұл, 5 немере тәр­биелеп отырған отбасы. Бүгінде отбасы тәлімін сіңіріп өскен балалары да әулет абыройын асқақтатып, ел игілігі жолында қызмет жасап келеді. Міне, мұның барлығы Жұмабек ағамыздың азаматтық һәм адамдық ұстанымынан туын­даған тағылым таралымы болатын.

Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында бір аза­маттың бойына біткен біліктілік пен алғырлық туралы азғантай ғана тоқталып өттік. Дегенмен оның осыншама өмір тәжірибесінде толысқан кемел шағы көпке үлгі-өнеге.

– Мемлекетік қызметші алдымен кішіпейіл болуы керек. Мемлекеттік қызметші халықтың алдында қарапайым мінезімен көрінсе, әрбір жасаған жұмысын ертең елі атап жүрсе, адамның шыққан шыңы сол болмақ. Қазір технология дамыған дәуір. Сондықтан мен жастарға заманға бейімделуді қолға алу керек деп ойлаймын. Егемен еліміздің нұрлы болашағы жастардың қолында екені даусыз. Ал жастардың келешегі білімде. Менің басты ұстанымым – елге етене жақын болу, – дейді Жұмабек Төлешұлы өз сөзінде.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: