Сенбі, 20 сәуiр, 13:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Жылу маусымына дайындық пысықталды

19.07.2022

850 0

Енді біршама уақыттан соң жылу беру маусымы басталады. Оған жаз бойы дайындық жүргізілуде. Қала әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде осы және қаладағы құрылыс жайы пысықталды. Жиынды қала әкімі Асылбек Шәменов жүргізді.

Мәжіліс алдымен тағайын­даудан басталды. Шаһар басшысы қалалық құрылыс бөлімінің бас­шысы қызметіне бұған дейін құрылыс саласында жауапты қыз­меттер атқарған Әнуар Айдын Серікұлын тағайындағанын мәлім етті.

Ал мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қала­лық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғалымжан Қайназаров баяндама жасады. Оның айтуынша, қаладағы барлығы 815 көпқабатты үйдің 711-і  орталықтандырылған жылу жүйе­сіне қосылған. Ал 104 үй автономды-блокты модульдік жылу қазандықтары  арқылы жы­лы­тылады екен.

– Қала бойынша 190 шақырым жылу магистралі бар. Оның 35,7 шақырымы магистральды, 154,3 шақырымы кварталдық жылу жүйесі. Өткен жылы ме­кеме өз қаражаты есебінен 35 млн теңгеге жылу құбырларын ауыстырған. Қазіргі таңда алдағы жылу беру маусымына дайындық барысында жылу жүйелерінің оңтүстік-солтүстік магистральды құбырларының тығыздығы мен беріктігін байқау үшін гидрав­ликалық сынақ жүргізілді, – деді бөлім басшысы.

Сынақ жүргізу кезінде жылу жүйесінен 146 ақау анықтал­ған. Оның тоғызы магистраль­ды, қалған 137-сі кварталдық жылу жүйесінен шыққан. Атал­ған кемшіліктерді жоюда «Қы­зылорда жылу электр» орталы­ғы­мен бірлесіп тиісті жұ­мыстар жүргізілген. Бүгінгі күні квар­талдық жылу жүйесінде ақаулар жойылған. Ал күрделі жөндеуді қажет ететін құбыр­ларды жөндеу ағымдағы жұмыс кестесіне ен­гізілген. Бөлім бас­шысының сөзінше, барлық 190 шақырым жылу жүйесінің 46 процентінің тозығы жеткен. Осыған байла­нысты биыл «Қы­зылорда жылу орталығы» инвес­тициялық бағ­дарламасы негі­зінде 41,2 млн теңге қаржы бөлініп, 5,1 жылу құбыры қайта жаңғыртылмақ. Өз кезегінде қала әкімі сала бойынша шешілмей тұрған мәселе бар-жоғын сұрады.

– Ертеңгі күні тұрғын үйлерге жылу беріліп, соңында осынша үйден ақау шықты, дайын емес екен деп жүрмеңіз. Жеме-жемге келгенде қолымызға құра­лы­мызды ұстап, жүгіріп жүретін жағдайда болмайық. Шешілмей тұрған мәселе болса осы кезде айтыңыз. Барлық көппәтерлі үй­­лер, әлеуметтік нысандарға тек­­серу жасадыңыз ба? Қазан айының 10-ынан бастап істеген жұмысыңыздың нәтижесі белгілі болады. Сол кезде кемшіліктер анықталса жауабы сізден сұра­латынын ұмытпаңыз, – деп ескерту жасады.

Осы орайда қала әкімі ТЭЦ басшысы Медет Усайнға да бір­шама міндеттер жүктеді.

– Жылу беру маусымына дайындық барысында қай жер­де қандай кемшілік барын сіз­дің мамандарыңыздан артық бі­летіндер жоқ. Осы тұрғыда  тиісті мекемемен бірлесіп анализ жасаңыздар, – деді қала басшысы.

Сонымен қатар қаладағы көп­­қабатты тұрғын үйлердің өжі­ресіне су толу мәселесі де өзек­ті болып отыр. Осы мәселе бойынша қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Абзал Рысбекке де бірқатар тапсырма берілді. Ал оның орындалу уа­қыты бір апта деп белгіленді.

Бұл саладағы кемші­ліктер жыл сайын жылу беру кезеңінде көзге көрініп-ақ қа­лады. Тұрғын үй­­лердің жылуға дайындығын, өжі­­релерді су­дан тазарту ісін бағамдағын қала басшысы тиісті сала басшыларына қатаң тап­сырма берді. Уақыт созып жүре бер­мей, дер кезінде аяқтауды да нықтап айтты. Сондай-ақ қала­­лық мәдениет, білім, спорт бөлі­мінің басшыларына өзі­не қа­расты әлеуметтік нысандар­дың жылу дайындығын пысықтау­ды міндеттеді.

Жиында тұрғындарды қатты отынмен қамту жайы да қозғалды. Бұл ретте қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Амангелдиев айтып өтті.

– Жылу беру маусымына қа­ланы қатты отынмен қамтамасыз ету  бойынша биыл екі жеке кәсіп­кермен меморандум жасалды. Қалалық тұрғын үй ком­муналдық шаруашылығы, жо­лаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сәйкес, 2022-2023 жылдары жылу беру маусымына қажет етілетін қатты отынның көлемі 35 мың тоннаны құрап отыр. Бірақ қыс мезгілінде қала аумағындағы көмір тасушы кәсіпкерлермен барлығы 66 мың тонна қатты отын әкелу жос­парлануда, –деді.

 Қазіргі таңда меморандумға отырған кәсіпкерлердің бірінде 130 вагон, яғни 8970 тонна шұ­баркөл көмірі қоры бар екен. Оның сатылу бағасы 14400 теңге. Ал жеке кәсіпкер «Қарымсақов» көмір отынын алдағы уақытта жеткізіп, оны 13 мың теңгеден сатуға келісім жасалған. Осы орайда бөлім басшысы халық арасында жылдағыдай дүрбелең тудырмас үшін көмір отынын қа­зірден бастап тасымалдап, са­тылымға шығару бойынша көмір тасушы кәсіпкерлермен тү­сін­дірме жұмыстары жүргізіліп жат­қандығын айтты. «Көмір тап­шылығын болдырмау үшін бөлім тарапынан тұрақты түрде бақылау жүргізіледі» деді.

Осы орайда қала әкімі бөлім басшысына екі ортада жүретін алып­сатарлардың алдыға шығып кетпеуін бақы­лауды тапсырды. Кент және ауылдық округ әкімде­ріне аталған бөліммен бірлесіп тұрғындардың қатты отынды арнайы сату орны­нан алуын қада­ғалау, олармен түсіндірме жұ­мы­сын жүргізуді міндеттеді.

Ал күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық құры­лыс бөлімінің басшысы Айдын Серікұлы салада атқарылып жат­­қан жұмыстар мен алдағы жос­­парлар туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл құ­рылыс нысандарын салуға 12 млрд теңге қаржы бөлінсе, тұрғын үйге 3,3 млрд 267 млн теңге, су жаб­дықтау 2 млрд 190 млн, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарауылтөбе және Талсуат ауыл­дық округінде 100 орындық ауыл клубын салуға 574 млн теңге қаржы қаралған. Тұрғын үй құ­ры­лысы бойынша өткен жылы СПМК-70 тұрғын үй аумағында 40 пәтерлі бір тұрғын үй қабылданды. Осы  айда тағы да бір тұрғын үйді қабылдау жоспарлануда. Жыл соңына дейін осы аумақтан 50 пә­терлі 10 ипотекалық үй пай­далануға беріледі. Одан бөлек сол жағалаудан 50 пәтерлі тағы бір үй кезекте тұрған от­басылардың игілігіне жарамақ. Инфрақұрылым саласы бойынша Әл Фараби ауданындағы су құ­быры желісін жаңартуға 241 млн теңге бөлінген. Осы жоба аясында 16,5 шақырым ауыз су жүйесі ауыстырылады. Тал­дыарал елдімекеніндегі электр желісін жаңартуға бөлінген 43 млн теңгеге 7,5 шақырым желі жаңартылады. Сонымен бірге рес­­публикалық бюджет есебінен СПМК-70, Болашақ, Орбита бау-бақшасы, Тасбөгет, Эдельвейс, Арай, Шұғыла, Ақжарма, Еңбек, Сабалақ аумағын қамтитын 128,7 шақырым электр желісі қайта жаңартылмақ. Сала бойынша бұ­дан өзге абаттандыру, сумен жаб­дықтау, кәріз жүйелерін рекон­струкциялау сияқты бірқатар жұ­мыс жүргізіледі.

Қаланың құрылыс саласын бес саусағындай білетін жаңа басшыға қала әкімі құры­лыстың сапалы болуын қадаға­лауды баса айтты. Әсіресе сумен жабдықтау, кәріз жүйелерін ре­конструкциялауда бо­латын мәсе­лелерге баса мән бе­ріп, шешімін табуды тапсырды.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: