Сейсенбі, 07 мамыр, 07:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Аңызға айналған көлік

08.03.2024

103 0

Сурет:Н.Нұржаубай


Бүгінде бәрінің-ақ соңғы үлгідегі автокөлікті иемденгісі келетін анық. Тіпті көлік дүкенінен сатылымға енді шығатын темір тұлпарға жыл бұрын тапсырыс беріп, айлап күтетін жүргізушілер жетерлік. Алайда жаңа емес, ескі көліктің уақыт өткен сайын құны артып, қызығушылардың қатары артатынын білесіз бе? Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында да ерекше автокөлік келушілердің назарын аударып, жылдар бойы танымал экспонат қатарынан түскен емес. 20 жылдай мұражай көркін кіргізген жәдігердің сыры неде? Өзге көліктен нендей айырмашылығы бар? Мұны музей қызметкерлерінен сұрап көрдік.
Шынында, мұражайда өлкенің ғана емес, Орталық Азия тарихынан хабар беретін құнды жәдігер көп. Дегенмен келушілердің көбінесе қызығып, көз тастайтын нысаны өткен ғасырда жарыққа шыққан «Чайка» автокөлігі. Өткен заманның белгісіне айналған ескерткіш-көліктің ерекшелігі жоқ емес. Кеңес Одағы тұсында бұл үлгідегі көлікті тек арнайы тапсырыс арқылы ғана жасайтын көрінеді. Мұражайдың бас қор сақтаушысы Аманкүл Нұржанова жәдігердің неліктен ерекше назарға ілінетінін былайша түсіндірді.
– 1985 жылдары Кеңес Одағында қайта құру кезеңі басталғаны мәлім. Сол кезеңде Сыр өлкесін мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков басқарды. Осы жылдары «Горький» автомобиль зауытынан «Чайка» көлігінің небары төрт данасы ғана жарыққа шыққан. Осылайша төрт көліктің бірі біздің аймаққа бұйырды, аймақтағы атақты тұлғалар мен лауазымды азаматтар осы көлікке мінген. Деректер бойынша көліктің Қызылордаға келуіне бірнеше өңірінде басшылық қызметте болған, сол кездегі облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, 1989 жылдан Тәуелсіздік алғанға дейін облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Виталий Брынкин ықпал еткен, – деді Аманкүл Дүйсенбайқызы.
Байқасақ, автокөлік бағамы жоғары болған өткен ғасырда бұл темір тұлпардың қаншалықты маңызды болғанын білуге болады. 1959 жыл мен 1988 жыл аралығында жоғары техникалық деңгейгі «Горький» автомобиль зауытынан шығарылған «Чайка» ешқашан сатылымда болмаған, яғни жеке тұлға, өзге мақсатқа пайдалануға мүмкіндік болмапты. Өңірге келген «Чайка» да ұзақ жыл әкімдіктің теңгеріміндегі көлік болып, тек қызметтік сапарда жолға шыққан. Аңызға айналған темір тұлпарды тізгіндеп, әкімдіктің көлік жүргізушісі болып қызмет атқарған Бауыржан Оспанов та «Чайканың» Қызылордаға келу тарихын ерекше толқыныспен еске алады. Тіпті мұражайда өткен жиындарда көлікті әкелу үшін Мәскеуге қалай барғанын, жүк ұшағымен жеткізу жұмысын талай мәрте баяндағаны бар.
– «Чайка» автокөлігінің алғашқы жүргізушісі Бауыржан Оспановты жыл сайын мұражайға шақырып, тарихи оқиғаны айтып беруін қолқалаймыз. Мәселен, өткен жылы «Музейге сый» акциясы аясында келіп, естелікпен бөлісумен қатар 35 жылдан кейін сенімді серігі болған темір тұлпардың рөліне қайта отырды. Сол сапарда шетелдік брендтерді шаң қаптыратын, техникалық сапасы мен қуаты жоғары «Чайканы» В.Брынкиннің тапсырмасымен әкелгенін әңгімелеп, қызықты дерекпен бөлісті. Айтуынша, автокөлікті әкелуге өзімен бірге әкімдік қызметкері Мәскеу қаласына аттанады. Келіссөз сәтті жүрген соң «Внуково» әуежайынан көлікті үлкен әскери ұшаққа тиеп, өздері басқа ұшақпен Байқоңыр қаласына келген көрінеді. Елге оралғаннан кейін Байқоңыр қаласынан Қызылордаға дейін темір тұлпар тізгінін өзі алыпты. Қызылорда ғана емес, Қазақстанға бір ғана данасы бар «Чайка» көлігі құнды жәдігерге айналып, сол кездегі басшылар да көздің қарашығындай сақтаған, – деді мұражай қызметкері.
P.S. Бедел мен абырой белгісіне айналған көлік 2005 жылы сол кездегі облыс әкімі аппаратының басшысы Ғайнулла Жарқынбаевтың тапсырмасымен баланстан шығарылып, облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйға тартылады. Осылайша, аңызға бергісіз тарихы бар «Чайка» отыз бес жылдан бері музейдің құнды жәдігерлерінің бірі ретінде сақтаулы.

Аружан АМАНТАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: