Сенбі, 27 сәуiр, 07:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қарттың орны «қарттар үйі» емес

20.09.2022

4017 0

Қарт деген кім? Үйіңдегі ақ жаулықты әже мен ақ сақалды атаң емес пе? Отбасының құты, берекесі болған қазыналарымыз екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Түн ұйқысын төрт бөліп, бар тапқанын баласының аузына тосып, баптап өсіргенде қызығымызға кенеліп, ортамызда жүре берсе екен деп тілейміз. Алайда бес саусақ бірдей болмайтыны секілді, перзенттердің барлығы ата-аналарын алақанда аялап отырған жоқ. Жасы жеткенде жаратпай, кейбір безбүйрек балалар өз ата-анасын жетелеп, қарттар үйіне тапсырып жүр. Ащы да болса ақиқаты – осы.

Естіген құлаққа түрпідей тиетін «Қарттар үйіне» арнайы бардық. Қоңыр күздің мамыражай шуағына жылынып, әр жерде бүрісіп отырған қарттарды көргенде жүрегің атша тулап, көзіңе еріксіз жас үйіріледі. Бір мезет балаларының жүзін көріп, мауқын басу үшін құшағына алуды аңсаған қарттарды көргенде елжіремейтін жүрек қалмайды-ау, сірә?!

Жасым келгенде жалғыз қалдым

Қарттар үйін мекендеген қариялардың жанарынан тағдыр талқысына амалсыз көндіккен шарасыз бейнені көресің. Көресің де өмірге өкпе артасың. Жасы ұлғайған шақта төрт қабырғаға қамалып, бұлыңғыр терезеге үмітсіз телміріп отырудың қаншалықты қиын екенін былайғы адам біле бермеуі бек мүмкін. Жалғыздықтан жапа шегіп, осы орталықты мекендегеннің бірі – Рай Сақтапбергенов. (аты-жөні өзгертілді).

– Алдағыны Алла біледі деп отыратын байырғы бабалар сөзі рас екен. Мен де жас болдым. Өз ортам, өз отбасым болды. Үйлендім, жар сүйіп, бала қуанышын көрдім. Ұзақ жыл мұғалім болып, содан зейнеткерлікке шықтым. Әйелім дәрігер болып қызмет атқарды. Бір ұл, бір қызымыз болды. Өзім жеті ағайындымын. Ата-анам темір жол саласында еңбек етті. Жасым келіп, жалғыз қалғанда бір өзім тұруым қиын болды. Содан осы орталыққа келуіме тура келді. Бітеу жараны тырнап, өткен өмірімді айтқым да, ойлағым да келмейді. Бір білерім, мен жүрген жолмен ұл-қызым жүреді. Мен жатқан салқын керуетке олар да келетін күн туады. Ал орталық жайлы әңгіме мүлде бөлек. Ішер ас, жатар орнымыз дайын. Медбикелер зыр жүгіріп жүр. Күнделікті тексеріп тұрады. Орталық қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді қарт кісі.

Әр сөзін бөліп айтқан қарияның жан дүниесі алай-дүлей болып отырғанын іштей сезіндік. «Құдай қуат берсін!» дегеннен басқа ештеңе айта алмадық.

«№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мәліметіне сүйенсек, 280 орынға арналған, оның ішінде стационарлық жағдайда тұрақты тұруға 180 орын, жартылай стационарлық жағдайда 100 орын бар. Қазіргі уақытта мекемеде стационарлық жағдайда 145 қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Оның ішінде 109 ер, 36 әйел адам. Орталықта 6 тыл ардагері, 4 отбасылық жұп, 7 өзге ұлт өкілі бар. Ең үлкен қызмет алушы 87 жаста болса, ең жас қызмет алушы 38 жаста. Мұнда қарттардан бөлек мүмкіндігі шектеулі жастар да бар. Қарттар үйі сапалы заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Физио-емдеу, спорттық велотренажерлармен қамтылған. Емдік денешынықтыру, егу, оңалту және парафинмен емдеу кабинеттері бар.

Қарттар үйі қазаққа жат

– Қарттар үйі бүгінде күрделі әрі өзекті тақырыпқа айналып отырғаны өкінішті жағдай. Қарттар­дың барлығы қадірсіз деуге болмайды. Әрбір қоғамда, әр уа­қыт­та өзгеріс болып тұруы заң­дылық. Кешегі кеңес заманы мен бүгінгі тәуелсіз еліміздегі идеология әрқилы. Олардың қарт­тарға деген көзқарасын салыс­тыруға келмейді. Қарттарды құр­меттейтін де, қадірлейтін де, мүдделерін қорғайтын да әуелі өз балалары, сосын мемлекет. Ал бала тәрбиесі ұлт­тық құн­ды­лыққа байланысты. Тәрбие қай­дан шығады? Тәр­бие мектептен қа­лыптасады. Тәрбие ұжымнан да беріліп жатады. Міне, осындай орталарда ата-аналарға деген дұрыс көзқарас, оң пікір қалыптасса қарттарымызға деген құрмет артар еді. Қарт адамдардың құқықтарын қорғау, қоғамнан тыс қалдырмау оны моральдық қолдау мақсатында қала бойынша бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Сол арқылы зей­нетке шыққан қарттарды есепке алып отырамыз. Бүгінгі күні қалада 221 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Қала бойынша 31 мыңнан астам қарт адам болса, соның 26 мыңнан астамы бастауыш ардагерлер ұйымында есепке алынған. Осы ардагерлер ұйымдары қарттарды құрметтеу бағытында мәдени көпшілік іс-шаралар өткізіп, өмір, еңбек жолдарын дәріптеу мақсатында жиын­дар ұйымдастырып келеді. Соған қалалық ардагерлер кеңесі басшылық жасауда. Қарттар үйін мекендейтін қарияларымыз өзіміздің қаракөз қандас бауырларымыз. Көпшілігі зейнеткерлер, қалғаны мүм­кіндігі шектеулі жандар санатына жатады. Онда қарияларға арнайы қолдау көрсетіліп тұрады. Қарттар үйі шет мемлекеттерде де бар. Олардың түсінігі бойынша зейнеткерлікке шық­қан соң қарттар үйінде тұрады. Ал біздің менталитетіміз мүлдем басқаша. Біз мұсылман халқымыз. Қарттар үйін жабу керек деген сыңайда пікірлер де айтылып жүр. Әр бала өз ата-анасын бағу керек, әрине. Бұл – құптарлық іс. Болашақта жастарымыздың бойы­на имандылық ұялатып, ізгі тәр­биеге баули білсек, қарттар үйі деген болмайды деп есептеймін, – дейді қалалық ардагерлер кеңесі­нің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев.

Иә, расымен, қазыналы қа­рия­ларға көрсетілер құрмет түгесілмеуі керек. Өйткені олардың елдің өсіп өркендеуі жолын­да еткен еңбегі ұшан-теңіз. Ғұ­мырларынан ғибрат алу біздің боры­шымыз. Қарттарымыз қарт­тар үйін паналамауы үшін бала тәрбиесі мектеп жасы­нан бе­рілуі керек. Осы орайда Абай атын­дағы үш тілде оқытатын да­рынды балаларға ар­налған мамандандырылған мек­­теп ди­ректоры, «Қалалық әйел­дер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жаннат Садвакасованың ойын білген едік.

Ата-анаға құрмет қағидаты мектепте үйретілуі керек

– Дана халқымыз «Қарты бар үйдің  қазынасы бар», – деп әрбір шаңырақтағы қарт кісілерді баға жетпес байлыққа теңеген.  Құндылықтар  ішінде отбасы құндылығына, ата-анаға терең мән беріледі. Үлкендерді  құрметтеп,  жиын-тойларда бата бергізіп, шапан жауып, орамал тағып, сәбидің тұсауын кестіріп, жас келіннің  беташарында орамалын тағып, батасын алғанды жөн көрген. Отбасында атаның өзіндік орны болса,  әженің де рөлі өзгеше. Осындай үлкен құрметке ие болатын уақытта қадірсіздің күйін кешіп, «Қарттар үйін» паналап жүрген қазыналарымыздың бар екендігі көңілге қаяу түсіреді. Бір шаңырақ астында бала тәрбиелеп,  бар ықыласын аямаған ата-анасын бабаларымыз қашан өзгенің қолына жәудіретіп тастап еді?! Қазақта айтылатын мықты қағида «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» дейтін үлкеннің алдын кесе өтпейтін тәрбиеміз қайда қалды? Бұлай деуіміздің себебі Қазақстандағы қарттар үйінің соңғы жылдарда санының күрт өсуі. Неліктен біз безбүйрек балаларды тәрбиеледік, қай жерде қателестік, тыныш заманда ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайтындай не басымызға күн туды? Ұлтымыздың қанына сіңген қасиеттердің ішінде ата-анаға деген құрмет пен ықылас ерекше емес пе еді? Батысқа еліктеймін деп  мейірімсіз, өзін ғана ойлайтын өзімшіл балаларды тәрбиеледік пе? Ақ босағаны аттағанда «осы үйдің берекесін келтіремін, ұрпақ жалғастырамын» деп енетін келіндер неліктен екі араға жік салып, ата-ананы баласынан алыстатады? Осындай қор­да­ланған сұрақтар баршамызды мазалайды. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Қызылорда облысының өзінде қарттар үйінде қаншама қарт кісі өмір сүріп келеді. Мектепте тәрбие сағаттарында қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында ата-ананың қадір-қасиеті туралы сөз қозғалып, терең айтылып жүргенмен белең алған жат қылық мысқалдап келіп, батпандап бойымызға сіңіп кетпеуі үшін ұлттық тәрбиені күшейту қажет. Балаларының жағдайы бола тұрып,  мұңға салып қарттар үйіне өткізіп, онысымен қоймай, ай сайын зейнетақысын алып, пайдасына жаратып отырғандар ертең сол күн өз басына тумайды деп кім айта алады? Сондықтан отбасында да, мектепте де ұлттық тәлім-тәрбиені жаңғыртып,  адамгершілік, имандылық, бауырмалдық, мейірімділік, қамқорлық туралы әңгімені күшейтіп, жүректерін жылылыққа толтырып  өсуіне ықпал ету керек. Әрбіріміз өз келешегіміз үшін мейірімді қоғам орнатайық, жылулық сыйлайық,  қарт­тарымызды құрметтейік, – дейді Жаннат Мылтықбайқызы өз сөзінде.

Р.S. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Үйіңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген өнегелі сөз бар. Тарих тінін тарқатар болсақ, қазақ ұғымында қарттың орны «Қарттар үйі» емес отбасының ортасы болған. Бүгінгідей алмағайып заманда шетелдің қаңсығын таңсық етіп, тәрбие телефонға телміруден аспай тұр. Содан кейін кімге өкпелейміз. Әрине, әркімнің санасына берсін. Дегенмен атаңа істегенің алдыңа келетінін ұмытпаған абзал. Бұл – уақыт дәлелдеген өмір шындығы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: