Сенбі, 20 сәуiр, 15:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Қарыз, пайыз, оны төлеу – парыз

26.07.2022

1621 0

Қазір халықтың көбі қарызға белшесінен батқандай көрінеді. Жоқ, расымен солай. Соның ішінде өзіміздің қазекеңдердің қарызы жетіп жатыр. Банкке де қарызбыз, бір-бірімізге де қарызбыз. Қарыз алып, той жасаймыз, үй саламыз, одан бір қарызды келесі қарызбен жауып, «құтылған» сыңай танытамыз.

Иә, бұл – бүгінгі біздің күйбең тіршілік…

«Әке, «Көке-ге» кіріп кеттім»

Жақында орталықтағы А.Тоқмағамбетов көшесінің бойында келе жатқанмын. Көше бұрылысында жасы үлкен­деу келген ер кісі бір жас жігітке жұдырық жұмсап, одан айқайлап жатқанның куәсі болдық. Жерде жатқан жігіттің «Әке, мен «Көке-ге» кіріп кеттім ғой, кешірші, басқа амалым болмады» деген сөзі құлаққа анық естілді. Бірақ ашуға берілген әкесі де «Өй, «Көкеңді» ұрайын…» деп одан сайын ызалана түсті.

Көшедегі көпшілік әке мен баланы ажы­ратпады. Сірә, бір отбасының мәселесі екенін түсінген болса керек. Себебі бүгінде мұндай мәселе әр үйде кездесуі мүмкін. Сондықтан дәл қазіргі кезде күлетін нәрсе емес, қайта қолдан келгенше демеу болып, мәселені ашумен емес, ақылмен шешудің амалын қарастыру қажет секілді…

«Көкесі» кім?

Иә, осы сұрақ ойландырды. Алғашында әлгі жігітке ақша беріп тұратын бір қалтасы қалың көкесі болған ғой деген ой келетіні рас. Бірақ «көкеміз» адам емес, қарызға ақша беретін жер екен.

Бүгінде қала орталығында «Жылдам ақша», «Займ», «Көке.kz», «Tengo.kz» деп жар­намалап тастаған жазуларды жиі көреміз. Қыс­қаша тоқтала кетсек, «Онлайн несиелер – бұл қаржы қиындығын шешудің жеңіл әрі жылдам түрі. Сондай-ақ қажетті сома жеткіліксіз болып тұрған кезде бірден көмектесетін мүмкіндігі бар» деп жарнамалайды олар. Әрқайсысы шағын офис ашып, компьютер алдында отырған менеджерлер сізді күліп қарсы алады. Жұмыс тәртібі солай болса керек, ішке бас сұқ­қанның сұраған ақшасын беріп, өсімге бірнеше пайызбен қайтарып алу қажет. Бірақ олар көп мөлшердегі қаржыны бере алмайды. Беретін өз шектеулі сомалары бар. Сондай-ақ қайтарымы 1 ай уақыт. Мәселен, 15000 теңге алсаңыз, келер айда үстіне 2500 теңге көлемінде қайтаруыңыз керек. Егер ол күні төлемей, кешіктірген жағдайда кешірім жоқ, қайта өсім өсе береді. Күніне бірнеше пайыз қосылып, соңында алған ақшаңызды бірнеше еселеп қайтаруға тура келеді.

Әлгі әке мен баланың арасындағы қақ­тығыстан кейін біз де «Көкенің» бір-екі филиалын аралауға шықтық. Мекеме ішіне кірсеңіз, кезек күтіп тұрған жандар көп. Бәріне де ақша керек. Байқағанымыз, көбі орта жастағылар. Мұндағы диалог көбіне былай басталады: «Көкеге» кім соңы?, сіз «Теңгеге» тұрсыз ба?». Бұл – кезек күтушілердің сөзі.

Бір кезде сырттан «Ақшадан қиналғанда «Көкеміз» бар, бірден жетіп келеміз» деп бір аға кіріп келді. Аңқылдақ кісі екенін аңғарған соң біз де сөзге тарта бастадық.

 – Аға, бұл жердің белсенді тұтынушысы сияқтысыз ғой, – дедік ақырындап…

– Иә, банкке барып, уақытты өткізгенше осы «Көкемнен» ала салған жақсы. Осымен үшінші мәрте алайын деп тұрмын. Негізі жүз елу мың теңгеге дейін береді. Бірақ айлыққа дейін жетпей тұрған кезде өте тиімді, – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

– Пайызы көп емес пе? Төлегенде қиналып қалмаймыз ба? Біз бірінші рет кеп тұрмыз. Сосын білгіміз келгені ғой, –деп тұтынушы ретінде әңгімені жалғастырдық.

– Е, енді пайызы әжептеуір. Ауылда бір танысым елу мыңдай алып, уақытынан кешігіп қалған. Содан не керек, жүз мыңға жуық етіп төлеп құтылыпты. Егер күнінен асып кетсе, онда мың теңгеден қосылады-ау. Әйтеуір пайызы көптеу. Ақша керек кез­де оған мән берместен алғанша асығамыз, – деді ағамыз. Әңгімеміз қыза бастағанда кейіп­керіміздің кезегі келіп, ішке кіріп кетті.

Сонымен қатар мұндай орталықтан несие алу онлайн түрінде де жүзеге асады. Кейбір жастар ұялы телефон арқылы үйде отырып, несиені рәсімдеп, бірден ала береді. Содан да болар, тұтынушылары күн артқан сайын көбеюде.

Заңгер ескертеді

Қазақта «Қарыз күліп барып, жылап қайтады» деген сөз бар. Бірақ соңғы кезде қарыздар «жылап та» қайтпайтын болған сыңайлы. Статистикаға сүйенсек, қарызға алған ақшаның 50%-ы иесіне қайтарылмайды екен. Сондықтан дос-жаранға, туған-туысқа қарызға ақшаны ойланып берген артық болмайды.

Асхат Боранбайұлы, заңгер:

– Қарыз жақындардың, етене таныс жан­дар­дың, әріптестердің арасында жүреді. Бірақ бір-бірімен аралас-құралас болып жүрген жақындардың қаржылық міндеттемелерінің өзі күтпеген жағдаймен аяқталуы мүмкін. Өйткені адамның көбі жақындарынан қарыз алғанда оны қайтаруға асықпайды. Тіпті «қарыз қайда қашады дейсіз, бір ақша түскенде беремін ғой» деп, достығын, туыстығын бұлдап жүре береді екен.

Зерттеулерге сүйенсек, қарыз алған дос­тардың 75%-ы араздасатын көрінеді. Әсіресе жігіттер алған ақшасын қайтармас үшін достарынан қол үзгенін айтады. Сондықтан біреуге қарыз бермес үшін алдымен сол ақша араздыққа әкелмей ме, қарыз қайтарылмаған жағдайда достыққа сызат түспей ме?

Жалпы басқаға, мейлі ол жақын туы­сың, досың болса да қарызды қай күні қай­таратынын нақтылап алған абзал. Бұл қарыз берушіге уәделі күні ақшасын сұрауға жеңіл болады. Әйтпесе көбі етене араласатын адамына ақшаны қарызға беріп, сұрауға ыңғайсызданып, уақытты созып алады. Ал қарыз алушы да оны мерзімінде қайтара қоймайды. Осыдан келіп, арада араздық туындайды, – деп ескертті заңгер.

Осы орайда заңгерлер нотариус растаған қолхат алу керек дейді. Бірақ бұл – уақытты және шығынды талап ететін жұмыс. Себебі қазір бір қағаз толтырсаңыз – ақша.  Оның үстіне досыңа немесе туысыңа нотариусты айтып, сенімсіздік таныту тағы ыңғайсыз. Қайтармайтын адам сотқа жүгінсеңіз де қайтармайды. Ақшаға бола араздасып, істің соңы насырға шауып, сотқа дейін жеткен оқиғалар баршылық. Бірақ соттың шешімінен кейін бірден берешегін берген адам аз. Сот қарыз алушының да құқын ескеретінін естен шығармаған жөн. Оның қарызын әр айға бөліп тастаса, ай сайын мардымсыз сома алып отыруға тура келеді.

Психолог пысықтайды

Мақала дайындау барысында осы маман­дарға да жолықтық. Өйткені қарызын төлей алмай, неше түрлі жағдайға душар болатын жандар баршылық.

Психолог маман Тәттігүл Әріпханқызы:

– Қазір қоғамда мұндай мәселе өте көп. Ең дұрысы – ешкімге қарыз бермеу. Бер­ген күннің өзінде моральдық тұрғыдан қош­таса алатындай, өкініп қалмайтындай соманы ұстату қажет. Аз мөлшердегі ақшаны туы­сыңызға берер кезде «сұрауы жоқ» деп, өз-өзіңізді іштей дайындасаңыз, ұйқыңыз да, жүйкеңіз де тыныш болады. Ал біреуге берген азды-көпті қарызын күндіз-түні ойлап, жүрегінен өткізіп, қиналатын адамдар мей­лінше қарыз бермеуге тырысуы керек.

Кейде сұраған адамға қарыз бере беретін ақкөңіл адамдар да болады. Біреудің көңілін қимай, қарыз бере беретін мұндай жандар «психологиялық жағынан әлсіз адамдар тобына» жатады. Сұраған адам демекші, қазір әлеуметтік желілер арқылы қарызға ақша сұрайтындар да көбейіп кетті. Беттің арын белбеуге түйіп, бейтаныс адамнан ақша сұ-райтын мұндай адамдардың да көңілін қимай, ақша беретіндер бар. Адам қалай көзімен көрмеген, білмеген адамның сөзіне иланып, қарыз бере салады? Әрі қазір адамның аяушылық сезімін асыра пайдаланып, алдап кететін небір қулар бар, соны да ескеру керек.

Сондықтан әркім оң мен солына қарап, қарыз бен парызға абай болғаны жөн. Әлбетте, материалдық тұрғыдан да, адам­гершілік-моральдық жағынан да ешкімге қарыз болмаған жақсы-ақ, – деген тұщымды ойын ортаға салды.

Дінтанушы

не деді?

Негізі шариғатта өсімге ақша берген күнәға жатады деп жиі естиміз. Осы сұрағымызға қалалық «Құддыс ишан» меші­тінің ұстазы, дінтанушы Гүлнұр Қаржаубаева жауап берді:

– Көптің тұрмысын титықтатып, қарызға белшеден батуына бірден-бір себеп бұл – өсімге қарыз алу. Өсімқорлықты араб тілінде «риба» деп атайды, яғни «көбею» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі таңда осыған байланысты мәселелер де зұлымдықтың қатарына жатады. Себебі қаншама адам, қаншама отбасы оның зардабын тартып отыр.

Қымбатшылық пен жұмыссыздықты, табыс көзінің азаюын қанша алға тартсақ та, ислам шариғаты харам еткен нәрсені бұл мәселелер ақтай алмайды. Жаратушының тікелей харам етіп, тыйым салуының негізінде үлкен игілік жатыр. Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 130-131-аяттарында: «Уа, иман келтіргендер! Пайызды еселеген үстіне еселеп, өсім жемеңдер. Аллаға қарсы келуден сақтаныңдар. Сонда (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер», – деген аяттар арқылы тікелей мүміндерге өсім алуда, беруде тыйым салады. «Өсім жеу» сөзінің мағынасына үңілсек, «ашкөздік, елдің ақысын жеу» деген ұғым да бар. Сондықтан да кез келген қарыз түрінің үстінен пайыздық үстеме талап ету өсімге (рибаға) жатады.

Пайыздық үстемеде адамның маңдай терімен келген пайда емес, өзге біреудің дүние­сінен түскен табыс болатыны анық. Ақша өздігінен молайып, көбеймейді ғой. Жәбир ибн Абдулла риуаят еткен хадисте: «Пайғамбар өсім жегенді, оны жегізгенді, қағазға түсіргенді және оған куәлік еткен екі адамға лағнет айтып, олардың барлығы күнә арқалауда тең деді» делінген.

Қазір банктер өсімге ақша беру үшін түрлі жарнама жасайды. Мысалы, «Ең аз пайыздық үстеме» деген сияқты. Мұнан «өсімнің аз мөлшері харам емес» деген пікір туындамауы тиіс. Қандай да бір банк операциясында өсім жүзеге аса ма, онда Құранда айтылған үкімге қарсы әрекет орын алды деген сөз. Пайғамбарымыздың: «Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деген хадисіне мән берсек, өсімқорлықтың көп зиянынан бас тартуға болар еді. Өсімқорлықтың әлеуметтік зардабының салдарынан күйзеліске түскен­дер көп. Өзі аз жалақыны айдың соңында банкке төлеу,  төлей алмағаны үшін тағы да үстеме төлем жасау, мұның барлығы адамды шаршатады.

Ислам діні адамдар арасында өшпенділікті емес, мейірімділікті насихаттайды. Керісінше дінде қиналған адамның қарызын кешіктіру, қарыз алған адамның жағдайы оңалғанша күте тұру деген мәселелер бар. Мұның барлығы адамдар арасында шынайы адамгершіліктің орнауын көздейді.

Тіршілік болған соң адамдар түрлі мақсатта қарыз алып жатады. Біреулер қажеттіліктерін өтеу үшін тұтыну мақ­сатында қарыз алады, бірі кәсібін ілгерілету мақсатына жұмсайды, тіпті қазір ұлын үйлендіріп, қызын тұрмысқа беру үшін, оның дүниесін беру үшін де банк­ке қарызданып жатқандар аз емес. Қалай болғанда да өсім болған жерде бәрібір береке болмайтыны анық. Сол себепті де Алла Тағала мүминдерді бұл әрекеттен бекер тоспады, – деген пікірімен бөлісті дінтанушы.

Қарсы болған

кімдер?

Ал ұлы тұлғалар өсім мен несие жайлы қандай өсиет айтқан екен?

Өсімге көне грек философтары қарсы болған. Адамзаттың бірінші ұстазы атағына ие болған Аристотель өсімге түбегейлі қарсылық білдіріп, өзгелерді де оны қабылдамауға шақырған. Оның айтуынша, өсім ақшаның өзін пайда көзіне айналдырады, ал бұл ақшаның негізгі қызметіне қайшы нәрсе. Ақша тауар айырбасын жеңілдету үшін пайда болған деп, ақшаның негізгі мақсатын сол ескі заманда белгілеп кеткен. Сондықтан ақшаны саудаға салып, табыс көзіне айналдыруға болмайды деген. Аристотель «Ақша – тұл. Ақшадан ақша тумайды» деген сөзін осының негізінде айтса керек.

Бізде де дамыған елдер сияқты несиенің өсімін ең төменгі деңгейге түсірсе құба-құп болар еді. Себебі қазір қоғам несиемен ғана күн көріп тұрған сыңайлы. Олай болатын себебі де бар, Қазақстанда күнкөріс деңгейіне, айлап тапқан теңгесі тіпте де сәйкес келмейді. Әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақы мөл­шері де төмен. Мұндай жағдайда халық несие алмай қайтсін…

Жалпы «харам» деген сөзді несие алу­шыға емес, несиені үлкен өсімдермен беретін банктерге, қаржы орталықтарына қарай бұрсақ дұрыс болар еді.

Тілші түйіні:

Дәл қазір несиесіз күн жоқ. Бірақ шектен тыс қарызға бата беруге де болмайды. Себебі соңы уайым, одан дертке, тіпті ажалға апаратын жайттар да кездесетіні жасырын емес. Жақында қарызға батқан қазақстандықтардың арасында өз мүшесін сатып, қарыздан құтылудың жолын қарастыратындар саны артып барады деген ақпаратты көзім шалды. Ойланатын жағдай.

Әңгіме басындағы әке мен баланың арасындағы дау-дамай да осы «Көке» секілді жылдам ақша беретін орталықтардың кесірінен туды емес пе… Әдепкіде жиырма мыңнан бастап шағын несие ала бастаған. Одан кейін елу мың алған. Кейін жүзге жеткен кезде төлей алмай, үйіндегі ата-анасының ақшасына қол сұққан. Ол сәтте өсімге алған ақша шарықтап өсіп кетеді. Мұны білген әкесі ашуланады, баласын тепкінің астына алады, ал соңында қарызын төлейді. Одан басқа амал жоқ еді. Ал ұлы соңында әкесінен кешірім сұрайды. Бірақ одан кейін баласының бұл әрекеті қайталанды ма, ол жағы белгісіз… Лайым, қайталанбасын деп тілейміз.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: