Жұма, 29 наурыз, 17:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

«Той жасағанның ғана емес, тойға барғанның да жауапкершілігі қаралады»

20.04.2021

4152 0

Сәуір тәуір болмай тұр. Вирустан «сарғайған» қалада карантин талаптары күшейді. Індеттің беті бері қарады деген желеумен ел ішінде той-томалақ, жиын-тойлар қарасы көбейе бастаған еді. Алайда вирус сақтық шараларын сақтамаса күш алып кететінін тағы байқатты. Өткен жылғы жағдайдың оңай болмағанын тағы да еске алып, өзіңнің де, өзгенің де амандығы үшін тәртіпке бағыну керек. Немқұрайлылықтың, тығылып той жасағанның салдары сезілуде. Карантин талаптарының сақталуын бақылайтын қаладағы арнайы құрылған мониторингтік топ тынбай жұмыс істеуде. Күн сайын тексеру тобының жұмыс нәтижесі айтылуда. Алайда індеттен сақтану бір ғана топқа керек пе? Рейд жасалғанмен, той неге тоқтамайды, ел тәртіпке неге бағынбайды? Қала әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топтың жетекшісі Бектас Нұридиновпен қарбалас сәтінен уақыт тауып, сұхбаттасудың сәті түсті.

– Бектас Балғабайұлы, қаламыздағы эпидахуалдың мәз емесін күн сайын­ғы статистика көрсетіп отыр. Тұр­ғын­дардың сақтық шараларын сақтау деңгейі қандай?

– Жыл басынан бері қаламызда ко­ро­на­вирус инфекциясымен 727 жағдай тір­келді. Оның 474-і жазылып шықты. Үй бақылауында – 160 адам, 75-і ем қабылдауда. Қазіргі таңда инфекциялық стационарлардағы 230 орында 143 науқас ем алып, оның 14-і жансақтау бөлімінде. 14 адамның 13-і қала тұрғыны болса, 1 тұр­­­ғын Жаңақорған ауданынан.

Еліміздің бас мемлекеттік санитарының ескертуі бойынша, вирустың таралу ықтималдығы жоғары бірден-бір орын – көпшілік жи­налған жер, яғни жиын-тойлар. Бір ғимарат ішінде жиналған жүздеген адам бір дас­тарханда отырып тамақтанады, сол жерде 2-3 сағаттап отырады. Сол себепті жиын-тойларды тоқтату әрдайым айтылып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да, арнайы мамандар да насихаттағанымен той тоқтар емес. Әрине, қазақ үшін тойдың орны бөлек. Қуанышын ағайын-туысымен бөлісіп, бірге тойлағысы келеді. Оның үстіне оқшауланудан да шаршады. Дегенмен елдің амандығы үшін түсіністік, сабырлық қажет қой. Індетпен күресте мониторинг топ жұмысының нәти­жесінен бұрын әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігі керек дер едім.

– Мониторингтік топтың тынымсыз жұмысына қарамастан қаламызда әлі де сақтық шаралары сақталмай келеді. Бұл туралы жуырда өткен қала әкімдігінің мәжілісінде де айтылды. Мониторингтік топтың мысы қанша­лықты басым?

– Қала әкімдігі жанынан құрылған санитарлық-дезинфекциялық бақылау бойынша мониторингтік топ өткен жылы меншік нысанына қарамастан 14 мыңға жуық нысандарды аралап, карантин талаптарын бұзған 192 кәсіпкерлік нысан мен жеке тұрғын үйлердің иелеріне әкімшілік шара қолданды. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін мобильдік топпен карантин талаптарының орындалуы бойынша түсіндірме жүргізу барысында 1500-ден астам нысанды аралап, құзырлы органдарға шара көру үшін 110 хабарлама (оның 25-і той) жолданып, оның 59-на шара көрілді. Атап айтар болсақ, оның 51-і жеке тұлға, оның ішінде 16 той, жеке тұрғын үйде 3 той, 6 жеке кәсіпкер, 2 лауазымды тұлғаға карантин талаптарын сақтамағаны үшін шара көрілді. Бүгінде қалада 13 мониторингтік топ санитарлық-дезинфекциялық режим талап­тарын сақтау бойынша талапқа сәйкес жұмыс істеуде.

– Ел арасында «әкімдіктен келісім алдық» деп той-томалағын жайбарақат жасап жатқандар да жоқ емес. Ащы да болса, шындық, айыппұлын төлеп, тойын әрі қарай жалғастыра беретіндер де бар екені айтылып жүр. Бұл тексеру тобының «көңіл жықпас» жұмсақтығын білдірмейді ме?

– Біріншіден, «рұқсат алдық» де­геннің бәрі алып-қашпа әңгіме. Әкімдік тарапынан той жасауға ешкімге рұқсат берілмейді. Қаламыздың бас санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілгендей, отбасылық, мерекелік іс-шараға рұқсат берілмеген. Бұл шектеу, талаптың барлығы айналып келгенде халық денсаулығы үшін. Алайда халық өз денсаулығының жауапкершілігіне әлі де атүсті қарайды. Рейд барысында көріп жүргеніміздей, жиын-тойды анықтаған мониторингтік топ қатаң тапсырып, хаттама толтырып жатса да бұл шараларға селқостық танытатындар бар. Өзіңнің, айналаңның, жақындарыңның амандығынан артық не бар? Осыны халық жете түсінсе екен.

– Есік-терезесін қымтап, артқы есік­тен кіргізіп, кәсібін жүргізген мей­рамханалардың «тығылмақ тойын» тап­қан сәттер болды ма?

– Тексеру тобы анықтағанның барлығы да «тығылмақ тойлар ғой». Терезені қым­тап, есікті жауып, сыртқа жарық сәулесі түс­пейтіндей амал жасайды. Бұдан кім ұтты, кім ұтылды?! Мейрамхана иелері айып­пұл төлей қалсам деп, қазір бағаны да қымбаттатып жіберген. Сонда да ел жи­налып, тығылып той жасауға ықыласты. Мұның зардабын кім тартатынын түсіне­тін уақыт жетті. Енді той жасаған адам­ды ғана емес, тойға барғандардың да жауап­кершілігі алдағы уақытта қаралатын болады. Жауапкершілікті осындай шара­лар­мен күшейтпесек болмайды. Қазір күн жылынғалы бері есік алдына той жасау фактілері де орын алуда. Қазір қаламызда әр аймақ бойынша 13 топ бар, осы топ­тың құрамындағы учаскелік полиция инс­пекторы той болып жатқанын анықтаған жағдайда сол жерге мониторингтік топ барып, құзырлы органдармен хаттама тол­тырылып, заң аясында шара қолданады. Тағы бір атап айтарлығы, жиын-тойды анықтап, дер кезінде тоқтату үшін «Beeline», «Activ» орталықтарымен келіс­сөз жүргізіліп, адам көп шоғырланған жерлерді ұялы байланыс жүйесі арқылы анықтап, хабар беру жұмысы қолға алынуда. Бұл да ел денсаулығына нем­құрайлы қарап, жауапкершілікті сезін­бей той жасайтындарға шара көру үшін тиімді шараның бірі.

– Елге тексеруден емес, вирустан «тығылу» керек екенін түсінетін кез келді дейсіз ғой…

– Вирустан сақтануға жауапкерші­лік­пен қарайтын кез жетті. Жиын-тойды тоқтату бір амал болса, тағы бір амал – вак­цина салдыру. Вакцинациялау бас­талғалы бері ел ішінде түрлі пікірлер кө­бейіп кеткені рас. Ауруыма ауру қосып аламын деп немесе ауырып қаламын деп күдік қарайтындар бар. Алайда елде ұжымдық иммунитет қалыптаспай індетті жеңу мүмкін емес. Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, Англияда ұжымдық иммунитетті 50 процентке жеткізген кезде вирустың таралуы 14 есеге төмендеген. Вакцинадан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, вирусқа қарсы иммунитет қалыптастыру үшін вакцина салдыру керек. Саналы, ерікті түрде. Өз басым вакцина салдырдым, ешқандай ауырсыну, қолайсыздық сезілген жоқ. Қаламызда халыққа ыңғайлы болу үшін көшпелі вакцинациялау жүргізілуде. Елдің сұранысына қарай, сол аумақтағы мәдениет үйлерінің ғимаратында ұйым­дастырылуда. Ең бастысы, халыққа қолайлы жағдай жасау, кезек күтіп қалуды болдырмау. Алдағы уақытта елімізде «Ашық портал» жүйесі іске қосылады. QR код арқылы қоғамдық орындарға келушілердің денсаулық жағдайын білуге бұл өте тиімді.

– «Ашық порталда» адамдардың денсаулық жайын анықтайды ма?

–  Бұл – қоғамдық орындарға келуші­лерді тіркеу қосымшасы. Ғимараттың кіреберісінде келушілер арнайы QR кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды.Статус ПТР зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы covid-19 бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде та­ғайын­далады. Мәселен, сіз ПТР-тест тапсырдыңыз, вакцина салдырдыңыз не­месе вирус жұқтырған адаммен жақын қатынаста болғаныңыз анықталып, оқшаулауда болдыңыз. Бұл мәліметтің барлығы бағдарламаға енген. Көпшілік орынға барған кезде OR кодыңызды сканерлеген кезде бұл мәліметтер ашық портал арқылы алдыңыздан шыға келеді. Статус түстермен белгіленген. Атап айтқанда, қызыл түс – ПТР тестін тапсырып, оң нәтиже шықса беріледі. Бұл статустың иесіне үйде оқшаулану режимін қатаң ұстану керек деген сөз. Сары түс – науқас адаммен байланыста болған адамдарға беріледі. Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат беріледі, бірақ басқа нысандарға баруға тыйым салынады. Көк түс – ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан басқа барлық жерге рұқсат. Жасыл түс – жүріп-тұруға толығымен рұқсат деген сөз. Бұл жоба бір жағынан қоғамдық орындарда карантин талабы қаншалықты сақталды, рұқсат етілген орын саны сақталғанын білу үшін де ыңғайлы. Бір сөзбен айтқанда, вирустан сақтану үшін де, алдын алу үшін де өте тиімді жоба. Ашық портал жақында іске қосылады. Қазір «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен келіссөздер жүргізілуде. Бұл әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына септігін тигізеді.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: