Жұма, 29 наурыз, 10:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

«Үтірім қайда?» немесе мен көрген баспахана

28.06.2022

753 0

Менің өмір жолым баспасөз­бен байланысты өтуде десем қате­леспеймін. Он тоғыз жастағы мені 1989 жылы облыстық баспаханада жұмыс істейтін Базаркүл Қайруллаева апай жанына жұмысқа шақырды. Өзі сол баспаханада линотип терімшісі. Мені де линотип терімшісі етіп үй­рететінін айтты. Үлкен баспаханаға ол кезде Болат Қарғабаев басшылық жасайтын.

Жұмысқа алғаш келгенде маған баспахана іші қыж-қыж қайнаған үлкен зауыт секілді көрінді. Цех іші үлкен әрі өте биік болатын. Қағаздың, баспаға қолданатын қара майдың, жанармайдың иісімен қоса неше түрлі моторлы машиналардың дүрілдеген дауы­сын жақтырмай, өз-өзіме келе алмай тұрған маған Базаркүл апай күле қарап: «Әлі-ақ осы дауысқа да, иіске де үйреніп кетесің, осы дауыспен ұйқыңнан оянып, жұмысыңа асығатын боласың, әйтпесе, сенен баспагер шықпайды» деген еді. Барлық жұмысшылар бірдей үлгідегі қара түсті форма киген. Ішімнен «әй қайдам-ау, мынаған шыдамаспын» деп жүрексіне цехқа беттедім. Сол кезде мені қарсы алған баспагерлер цехының бригадирі  Қызылгүл Әлменова: «Осы қызды маған бер, өзім газет басатын машинаға үйретейін», – деп Базаркүл апайдан  мені сұрап алды. Содан Қызылгүл апай мені өзінің басқаруындағы баспагерлер цехына шәкірт етіп алды.

Цех ішінде жұмысшылар бір-біріне дауыс­тап, айқайлап сөйлейді екен. Машиналардың жарыса гүрс-гүрс еткен дауысынан құлақ тұнады. Менімен бірге жұмысқа жаңадан кел­ген Өмірбек деген жігіт екеуміз жарнамалық плакаттар шығаратын машинамен плакат басуға үйренуші болдық. Өте үлкен бір трактордың көлеміндей машинаның төбесіне мені шығарып қойды. Плакатты басуға Өмірбек жауапты, менің жұмысым басылып жатқан плакаттардың сапасына, санына мән беру. Машина қосылғанда дүрілдеп жүріп келе жатқандай сезіледі, мен қорықсам да үндемей басылған плакаттарды қадағалап отыра беремін. Бір-бірімізге дауыстап сөйлейміз. Жұмыс барысында қанша айқайлап сөйлесем де  дауысым шықпай ма, «дауысыңды шығарып сөйле, сыбыр­ламай» деген ескерту аламын. Сырттай қара­ғанда күлкілі болуым керек, менің отырысыма қарағандар күлетін де: «Әй, мына қызды келмей жатып жұмыстан бездіріп жібересіңдер-ау», – дейтін. Сонда да күнде уақытылы жұмыстан қалмай, берілген тапсырманы орындап, жүгіріп жүрдім. Кинотеатр, спектакльдердің түрлі-түсті жарнамалық плакаттарын басу үшін әртүрлі майлы бояулар жеке-жеке қолданылатын. Бояуларын ауыстырған сайын машинаның валиктері өте ауыр, екеуміз екі жағынан көтеріп аламыз. Әлсін-әлсін орнынан алған сайын шелектегі жанармайға батырылған шүберекпен бояудан тазалап сүртіп беремін. Өте қиын жұмыс. Беті-қолым қара май боп жүремін. Басымда орамал, үстімде қара халат. Сонда да шыдамдылық танытып жүрдім.

Бұл баспа цехынан облыс бойынша барлық мекемелер пай­даланатын бухгалтерлік есеп қа­ғаздарының түр-түрі, кітаптар, шағын кітапшалар (брошюра), журналдар, құттықтау қағаздары, тіпті арнайы сандары көрсетілген театр, спектакль билеттері де басылатын. Баспагер қыздар маған «мынау шпонка, гранка, валик, кілттер» деп күнделікті тұрақты пайдаланатын әртүрлі металдан жасалған жұмыс құралдарымен таныстырып, оларды қалай қол­дану керектігін үйретті. Арасында А3 форматтағы газетті басатын машиналарға барып, қалай жұмыс істейтінін көріп жүрдім де, ша­ғын газеттер, бланкілер баса­тын машинаға ауысып кеттім. Маған бәрі қызық. Ұжымда ең кішісі мен болғандықтан бәрі мені жұмсайтын. Айтқандарын екі ет­пеймін, жүгіріп жүремін. Олар да мені жылы қабылдады. Қызылгүл апай біз сияқты жастарға жан-жақты болуды, қай машинада болсын еркін жұмыс істеуге жағдай жасап, білгенін үйретті. Ол кісінің қамқорлығын ұмыту мүмкін емес. Қасымда Күнсұлу, Гүлнәр, Зәуре, Шолпан, Күләнда, Шынайбек тағы басқа да көптеген баспагерлер болатын. Ұлмекен, Баршан, апайлардан үйренгенім көп болды. Екі ауысыммен жұмыс жасадық. Жұмысқа келгенде қолы­мыздағы жеке жетонымыз бола­тын, соны жұмысқа келген бойда күзетшіге өткіземіз. Сол жетон арқылы жұмысшылардың жұмысқа келу-кету уақыты  белгілі болатын. Оған қоса әр жұмысшының бас­па­ханаға кіруге арнайы фото­су­ретімен мөрленген жеке рұқсат қағазы болатын. Кез келген адам­ды баспаханаға кіргізбейтін, жұ­мыс барысында қатаң тәртіп пен тия­нақтылық талап етілетін. Күн­делікті жұмысты қалай, қанша жасағанымыз жайында мәлімет өткіземіз. Таңғы сегізде келеміз де, кешкі бесте қайтамыз. Екінші ауысым кешкі бесте қосылып, түнгі бірде кезекші көлікпен үйімізге жеткізетін. Газеттің шығуына қарай көбіне таңға қарай қайтамыз. Екінші ауысым уақытпен санаспайтын.

Газеттің кейде ерте, кейде кеш шығуы белгілі жайт еді. Оған да үйреніп алдық. Түсіністікпен қарап газет­тің баспаға дайын болуын күтіп, дайын кезде газетті қағазға басып, орап, реттеп болған соң ғана үйге қайтамыз. Өйткені сол күнгі газетке жауаптымыз. Газет басушыларда 2-3-беттерді ауыс­тырып теріс басып қоятын жайттар да кездесіп тұратын. Мен де түнгі ауысымда 1000 дана газетті теріс басып қойып, дұрыс емес екенін байқап қалып жылағаным есіме түссе қазір күлкім келеді. Сол кез­де қыздар мені жұбатып газет беттерін қайта дұрыстап, машинаға салып берген, сол жағдайдан кейін әр газетті басарда беттердің дұрыс­тығын қарау әдетім болды. Әр жұмысшының жеке киім шкафы мен түскі үзілісте шахмат ойнауға, газет-журналдар оқуына мүмкіндік жасалған әр цехта арнайы демалыс бөлмелері болатын. Түскі үзілісте жастар жағы магнитофон қосып қоямыз. Сол кездері Қызылгүл апай мың бұрала үнді биін билеп бе­ре­тін. Жұмыстың ауырлығына, зиян­дылығына байланысты күнде­лікті жұмысшыларға қатық-сүт, басқа да тағамдар міндетті түрде беріліп тұ­ратын. Түскі үзі­лісте 50 процент жеңілдікпен баспахана асханасынан түскі ас іше­тін­біз. Екінші ауысымға да арнайы ас дайындалатын. Кезекті еңбек демалыстарында курорт-са­натория­­ларға жолдама беріліп, ай­лық жалақымыз жұмыс жасаған жоспарға сай төленіп тұрды. Жал­пы жұмысшыларға жағдай жаса­лып, қосымша сыйақылар мен кө­термелеу сыйлықтары берілетін. Мерекелерде түрлі жиындар мен іс-шаралар болып тұратын. Баспасөз мерекесінде маған ең жас маман ретінде алғыс хат пен қомақты ақшалай сыйлық беріліп, барлығы мені құттықтағанда «Мен осыған лайықпын ба?» деп ұялғаным есімде.

«Romayor» деген шағын ма­шинамен жұмыс жасауды Құдияр Әлменовтен үйрендім. Қалада азық-түлік пен тұрмыстық заттар карточкамен беріліп жатқан кезде «Romayor» машинасымен бүкіл қалаға жетерліктей қант, май, сабын дегендей күнделікті қолданыстағы заттарға карточка басып жүрдім. Қасымда арнайы бөлінген екі миллиционер тұрады. Ешкіммен сөйлесуге, рұқсатсыз жұмыс ор­нынан қозғалуға болмайтын. Қатаң тәртіппен жұмыс жасадық. Кейіннен сол машинамен кітап басушы болдым. Қай машинамен болса да жұмыс жасауыма бау­лыған аға-апалардың еңбегі өл­шеусіз. Баспахананың екінші қа­батында бірнеше цех қатарласа орналасқан. Баспагерлер мен бет жасаушылар цехы, сосын кітап дайындаушылар (переплет) цехы болып бөлінетін. Олардың жұмысы көбіне қол еңбегін қажет ететін. Кезектесіп кітап түптеушілерге кітап беттерін реттеуге, клей жағуға көмектесіп тұратынбыз. Баспагерлерді Қызылгүл Әлменова басқарса, беттеушілер цехын Рақыш Алманова апай басқаратын. Татьяна Агальцова, Шахмаран Исмайлов ағайлар үнемі цехты аралап жұмыс барысын қадағалап, Қызылгүл апай мен Рақыш апайға күнделікті өз нұсқауларын беріп жүретін. Баспахананың үшінші қабатында машиналары қаз-қатар тізілген үлкен линотип цехы, газет жасаушылар орны болатын. Ол жерлерде де жұмысшылар екі ауы­сыммен жұмыс істеді. Газет бет­теуші Базарбай ағай газет бет­терін жасайды. Өте мықты маман болатын. Бір қарағанның өзінде үлкен еңбекпен жасалатын жұмыс екені көрініп тұрады. Әр­бір мақаланың тақырыбын ар­найы әріптермен қолмен теретін еді. Қара маймен бастырылған қағаздағы газет бетінің қателерін реттеп салу корректорларға да, бет жасаушыға да өз алдына бір жауапкершілікті талап ететін. Газет беті дайын болғанда дайын беттерді арнайы арбаға салып, екінші қабатқа лифтімен алып ке­те­тінбіз. Қорғасынмен құйылып, шпондармен құрастырылған бет­терді абайлап жеткізбесек ша­шылып қалуы да мүмкін еді. Сол үшін аса мұқият болуға тура келетін. Баспахананың төменгі қа­батындағы алып машинада об­лыстық газеттер басылатын. Ол жерде біраз жігіттер қызмет жаса­ды. Әр цехтың өз тапсырмасына сай орындайтын күнделікті жұ­мыстары болатын. Қағаз қиятын машинамен күнделікті жұмысқа қажетті қа­ғазды белгілі өлшеммен кесіп, бізге жеткізіп тұратын тұ­рақты жұмысшылары болды.

Біздің цех орналасқан екінші қабатта екі линотип машинасы бар. Мені ең алғаш Базаркүл апай линотип машинасына терімші боласың деп әкелгендіктен бе, линотипке қызығушылығым басым еді. Флора деген (ұлты есімде жоқ) құрбы қыз мені әріп теруге үйретті. Науқандық жұмыстың көп болатын кезеңдерінде, мысалға, сайлау нау­­қанында жұмыстың арасында линотип машинасына отырып әріп теретінмін. Алып машинаның қазанында ыстық қорғасын қай­нап тұрады. Электр жарығы өшсе, бірден қатып қалады, оны ері­тіп жұмысқа кірісу үшін кем дегенде бір жарым, екі сағаттай уақыт өтетін. Қорғасынның еруін күтуге тура келетін кездер де бо­лып тұратын. Қорғасын ерімей линотипті қосуға мүлдем бол­май­­ды. Біз таңертең келгенде арнайы бөлінген мамандар лино­типті қосып, қорғасынын ерітіп, жұмысқа дайындап қояды. Жаңа құйылған әріптер оқы­ған­да көзіңе шағылысып, қорға­сын­­ға баты­рылып, ыстық күй­ін­­­де гранкілерге (линотип маши­­­на­­­сының бір бөлігі) жинала­ды. Соған қарап терген мақаланың сөзде­рі­нен қате кетіп қалмады ма деп бір оқып аламыз да, келесі қатарды тереміз. Мақаланың әр қатарын теру біршама уақыт алатын. Оның да өзіне сай өлшемі болады. Ол өлшемді макет сызу­шы­ның тапсырмасына сай ала­мыз. Әр мақаланың өлшеміне сай теріп береміз. Кей кездері ма­шина­ның қазанында балқыған қорғасын атқылап аяғымызды, қолымызды күйдіріп те алатынбыз. Машинкамен басылған сөздерді линотип клавиштарын басқанда латуннан жасалған әріптер маши­наның магазинінен (бұл да маши­наның бір үлкен негізгі бөлігі) тарсылдап төмен түсіп сөз болып өріледі. Кей кездері майда, көлемі жіңішке болып келетін үтір, нүкте, сұрақ белгісі сияқты тыныс белгілер  мага­зиннен түспей майысып қалып, жұмысқа кедергі келтіретін. Сол кезде арнайы машинаның жоғары жағындағы тепкішіне мініп, ұзын сыммен төбесінен әріптерді қоз­ғап, майысқанын ұрғылап жөнге келтіреміз. Жөнге келген әріптер сартылдап төмен түсіп жұмыс жасауға ыңғайлы болатын. Жұмыс барысында неше түрлі қызық болып тұратын. Сол өзіміз түзеп алған, күнделікті жиі пайланып жүрген майда әріптерді егеленіп, қалтамызға салып жүретінбіз. Кейде әріптерді іздеп бір-біріміздің  шкафқа іліп кеткен халатымыздың қалтасынан алатын кездер де бо­лады. Енді қайтейік, жұмысты тоқ­татпауымыз керек. Содан кезекті ауысымға келгенде «үтірім қайда?» деп қалтамыздағы әріптерді іздеп жүргеніміз. Кей кезде «кешір, үті­ріңді алдым» деп қағазға жазып (әзіл ретінде) қалтасына салып кетеміз. Күліп-ойнап жүріп, талай ауыр да қиын жұмыстарды жа­садық. Машина бұзылып қала­тын, бір жері сынып кететін кез­дер де болып тұрады. Наладчик (машина жөндеушілерді осылай атайтын) Оспан ағай, Жақсылық ағайлар қай машинаның болсын тоқтамай жүріп, жұмыс жасауын қадағалап жүретін. Ұйымшыл ұжым болдық. Барлығы бір-біріне кө­мектесе кететін. Екінші ауысымға келгендер міндетті түрде дайын газеттерді басуға аламыз. Жаңа шыққан газетке бір шолу жасап оқып алуды әдетке айналдырып алдым. Кейде қате тауып алып, қателерін жөндетіп алатынмын. Қорғасынмен құйылған әріптермен жасалған газет макетінің гранкідегі салмағы 20 келіден асатын. Мен бір өзім көтере алмаймын, содан қасымдағы баспагерлер көмектесіп, газет макетін баспа машинасына орналастыруға жәрдемдеседі.

Га­зет бетіне шығатын фото­лар да арнайы клишелермен жасала­тын. Фотографтың фотосын кли­шелерге құйып беретін арнайы бөлім болды. Фото дұрыс шығу үшін клишенің астына картон қағазда­рын жабыстырып, суреттің газет бетіне анық шығуына жағдай жасаймыз. Ол да бір жұмыс бола­тын. Машинаны тұрақты түрде күнде бензинмен сүртіп аламыз. Әріптер майланып қап-қара боп тұрады. Ауыр қағазды да маши­­­на­­ға орналастыруға бір-біріміз­­ге жәр­дем жасаймыз. Ал қан­­­дай бланкі, газет бассақ та, қа­ғаз­­дың әрбір түйірін санап тұ­ра­мыз. Ол маған үйреншікті жайт­қа айна­лып кеткен. Қай цех­та болсын міндетті жоспарды орын­дау үшін жауапкершілікпен жұ­мыс жа­саймыз. Айдың аяғында кім қан­ша жоспар орындағаны ар­найы тақтада жазылып тұратын. Жа­саған жұмыстың барысы­на қа­рай үстемақы төленіп тұрады. Жұ­мыстың ауыр­лығы, зиянды­лығына сай зейнеткер­лікке шыға­тын бас­пахана жұмысшы­ларына мем­лекет тарапынан өз алдына жеңіл­діктер те жасалып тұратын еді.

Баспаханадағы қызметкерлер­ден көп нәрсе үйрендім. Жұмыс істеп жүріп, тұрмысқа шықтым, балалы болдым. 1994 жылы лино­тип машинасына әріп теруші керек­тігіне байланысты «Сырдария» аудандық газетінің баспаханасына теруші болып жұмысқа ауыстым. Ол кезде Тасбөгет Сырдария ауда­нының орталығы болатын. Ау­дандық баспаханада үлкен баспа үйінен үйренген жұмыстарымның пайдасын көрдім. Газет шығару барысында теруші, газет басушы, корректорлық жұмыстарын қатар алып жүрдім. 1998-1999 жылда­ры Тасбөгет баспаханасына компью­терлер келіп, компьютерге отыр­дым. 2003 жылдары республикалық «Халық» газеті редакциясында теруші болып, газет бетін жасауға бейімделіп, қазір «Сыр медиа» ЖШС-да «Ақмешіт апталығы» газетінің дизайнерімін. Қазір компьютермен газет макетін жасау бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жеңіл. Ал  бұрын осындай газеттің макетін қағазға басуға дайындау үшін қорғасын балқытып, оны теріп, жасау барысында уақытты алатын қиын жұмыспен қаншама адам еңбек етті. Қаншама маңдай тер кетті. Үлкен алып машиналар жұмыс жасап тұрды.

Мен үшін Қызылорда облыстық баспаханасы еңбек жолымның ал­ғашқы баспалдағы болды, отыз жылдан астам уақы­тым газет шығарумен тікелей байланысты екен. Қазір бұрынғы баспахана үйінің қасынан өткен сайын сол кездегі баспа цехының жұмысы, алып машиналар мен линотип әріптерінің тысыры құла­ғыма кел­гендей болады. Үлкен ұжым, алып баспахана бір кездері қайнаған қызу еңбектің ордасы еді. Жүздеген адам жұмыс жасаған баспахананы сөз маржаны өрілген киелі орын­ға балаймын. Әрбір жасаған жұ­мысым мен үшін қым­бат. Ол уақыттар енді естелік болып қана қалды.

Мира Рахметова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: