Бейсенбі, 09 мамыр, 01:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Ұн бағасы қымбаттай ма?

16.04.2022

1524 0

Нарықты тағы қымбатшылық күтіп тұр. Бұл жолы дүкендерде астық өнімдерінің бағасы өсуі мүмкін. Ұн қымбаттап, нан бағасы тағы да көтеріледі. Онсыз да арзан емес әлеуметтік маңызды тауарлар құнының өсуі қарапайым халыққа қиын соғатыны анық. Бұл жаңалықты естіген халықтан тағы да маза кетті. Көпшіліктің көкейінде сол бір сұрақ. «Ұн тапшылығы бола ма»?

«Астық өңдеушілер» одағының деректеріне сүйенсек, елімізде бір жарым аптаға ғана жететін бидай қоры қалған. Алдағы уақытта бидай таусылса барлық диірмендер жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Мұның салдары ұн мен нанның қымбаттауына әкеліп соғады.  Ұйым ұсынған деректерде бұрын диірмендер бидайдың бір тоннасын 114 мың теңгеден сатып алса, қазіргі баға 160 мың теңгеге жеткені жазылған. Ал ұнның  бір тонна бағасы қазірдің өзінде 224 000 теңгені құрайды. Бұл нарықтағы бағасы 235 000 теңгеге жеткенін көрсетеді.

Қазіргі уақыттың өзінде бидай тапшылығының кері әсерінен Қостанай облысында диірмендердің жартысынан астамы, Қарағандыда 15 диірмен жұмысын тоқтатқан. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан, Павлодар мен Алматы облыстарында да диірмендердің басым бөлігі жұмыс істемей тұр. «Себебі ұсыныс жоқ. Осының нәтижесінде ұн бағасы қымбаттайды. Қымбатшылықтан қашып құтылу мүмкін емес. Анығын айтқанда, біз өндіретін өнімнің өзіндік құнының 85% шикізатқа тәуелді» деп мәлімет таратып отыр «Астық өңдеушілер» одағы.

Ал біздің аймақта бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстық тұрақтандыру қоры жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ «айналым» схема бойынша бағаны тұрақтандыру механизмі аясында заем беру арқылы шаралар қабылдануда. Мәселен, облыста нан бағасын тұрақтандыру мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі және облыс әкімдігі арасында арзандатылған бидай алуға меморандумға қол қойылып, астық сақтау қоймаларынан ұн өндіруші кәсіпорнына ақпан-тамыз айлары аралығына 13,6 тонна ұн бөлінген. Қазіргі кезеңде алғашқы 340 тонна ұн жеткізіліп, 544 тонна ұн тасымалдану үстінде.

– Облыс тұрғындары 478,7 тонна нанмен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 261,5 тонна ұн бар. Жалпы бірінші сортты нанның қымбаттауы астық нарығында сұраныстың ұлғаюынан болып отыр. Бүгінде облыста нан бағасы 80-85 теңгеден, бөлшек саудада 90 теңгеден сатылуда. Ал әлеуметтік дүкендерде 55 теңгеден аспайды, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Қалтаны қысқан қымбатшылық жөнінде айтсақ, жыл басынан бері ұн 7,9%, нан 13%, макарон өнімдері 16%, күріш 7,8%-ке өскен. Ал көкөністердің бағасы тіптен қымбаттағаны байқа­лады. Мәселен, пияз 72%, қырыққабат 93%, картоп 23%, қант 35% қымбат­таған.  Бұдан бөлек соңғы бір аптаның ішінде азық-түлік өнімдерінің бес түрі 1,5% өсіп отыр.

Базар бағасын бағамдап қайттық. Дүкен жағалаған жұрт қай жерде арзан деп баға салыстырады. Ұн­ның бағасы өскен. Ескі базар маңындағы дүкендерде 50 келілік 1 сортты ұнның бағасы 10-11  мың теңге аралығында. Дүкен­де тұрып байқағанымыз «Да­рад» ұнына сұ­раныс көп. Ал оның 50 ке­лі­лік 1 сорты 11 мың теңге болса, жоғарғы сорты 12 мыңнан сатылуда. 

– Соңғы бір аптада күннен-күнге бағасы қосылып келуде. Ұн келген сайын 200 теңге қосылып келеді. Сондықтан біз де қосуға мәжбүрміз. Әзірге түрлі сорттағы ұн бар. Халық көптеп алып жатқан жоқ. Сауда бұ­рынғыдай, – дейді «Асқар» көтерме дүкенінің сатушысы.

Базардағы екі адамның басы қо­сылса, алдағы уақытта ұн мен нанға тапшылық болатынын айтуда. Се­бе­бі қарапайым халық та бүгінгі ахуалды түсінген. Бір айналдырса шыр айналдырған қымбатшылық бұқараның бүйірінен қысып тұр. Тұр­мысты түзейміз деген ой ертегіге айналатын секілді. Күн­нен-күнге баға­ның шексіз өсуі айлықтан-ай­лыққа күнелтіп отыр­ған қарапайым халықтың қалтасына салмақ.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: