Сейсенбі, 17 мамыр, 05:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38 (1843)
14.05.2022
PDF мұрағаты

Цифрландыру: Мекеме жағалаудың қажеті жоқ

26.03.2022

2664 0

Әр уақыттың өз талап-тілегі бар. Цифрлы дәуірде жұрт жаңа технологияны меңгеруге көшкен. Себебі электронды қызмет – уақыт талабы. Осы қызмет арқылы үйде отырып-ақ жұмыстарды бітіре беруге болады. Уақыт үнемдейтін тиімді тәсілді үйренуге халықтың ынтасы зор.  Қазіргі уақытта халыққа көрсетілетін қызметтің басым бөлігі цифрланған. «Қалалық жұмыспен қамту орталығы»  электронды қызметке көшкен. Қала тұрғындары цифрлы қызмет  түрін пайдаланып, уақыт талабынан қалмауды жөн көреді. Бұл жөнінде «Қалалық жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Жақсылық Төлегенов

айтып берді.  

– Орталық халыққа қандай қызмет көр­сететінін айтып өтсеңіз?

– Жұмыспен қамту орталығы  арқылы  азаматтарға жұмыс іздеуші және жұмыссыз ретінде тіркелу, жұмыссыз ретінде анықтама алу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, жолдама беру, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, өтініш берушінің атаулы әлеуметтік көмек алушыларға анықтама беру туралы мемлекеттік қызмет көрсетеді.

– Бүгінде тұрғындар бұл қызметті мекеме жағаламай, үйде отырып-ақ ала алады. Бұл цифрландырудың игілігі. Осы орайда электронды қызметті қалай пайдаланатыны жөнінде айтсаңыз?

– Бұл қызметтерді орталыққа келіп, кезек күтпей, үйде отырып-ақ алуға болады. Ол үшін интернетке қосулы компьютер мен жеке электронды цифрлы қолтаңба болса жеткілікті. Электронды үкімет (egov.kz) және электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) веб порталдары арқылы қызметтер қолжетімді. 

– Электронды үкімет порталы арқылы жұмыс іздеуші онлайн сұраныс қалай береді?

– Сұраныс беру шарты оңай. Алдымен egov.kz веб порталындағы жеке кабинетке кіреді. Содан кейін басты беттегі «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамтылу» бөліміне өтіп, «Жұмыссыз ретінде тұлғаларды тіркеу» қызметін таңдайды және қызметке «Онлайн сұраным» жібереді. Өтініш беруші 4 қадамнан өту керек. Бірінші қадам – жеке мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізу және жұмыспен қамту орталығын таңдау. Екінші қадам – деректерді толықтай толтыру. Үшінші қадам – ЭЦҚ көмегімен қызметке қол қою, төртінші қадам – мәртебесін қадағалау

Электронды үкімет веб порталы арқылы жіберілген сұраныс азамат көрсеткен жергілікті жұмыспен қамту орталығына келіп түседі және 1 жұмыс күні көлемінде жауап беріледі. 

– Орталық арқылы тұрғындарға  тиімді қандай қызмет түрлері бар?

–  Жұмыссыздық анықтамасы электронды үкімет (egov.kz) порталы арқылы қолжетімді. Қызмет көрсету уақыты – 20 минут. Сонымен қатар жұмысқа тұруға жәрдемдесу үшін жолдама беріледі. Бұл қызметке 1 күн ішінде жауап қайтарылады. 

Өтініш бірнеше мемлекеттік органдардың авто­маттандырылған ақпараттық жүйелеріне жіберіледі және тіркелу мүмкін болған жағдайда порталда жұмыс іздеуші толтыруы тиіс сауалнамалық бет пайда болады.

Азамат тарапынан толық мәлімет берілгеннен соң электронды цифрлық қолтаңба көмегімен «Жұмыс іздеуші азамат» ретінде тіркеледі, 3 жұмыс күні ішінде портал арқылы жұмыс іздеушіге лайықты жұмыс ұсынылады. Жұмыс орны табылмаса, аза­мат­қа «Жұмыссыз» мәртебесі беріледі. Міндетті әлеумет­тік сақтандыру қорының салымшысы саналатын жұмыссыз мәртебесі бар азамат жұмысынан айы­рылуына бай­ланысты тағайындалатын әлеуметтік төлемге өз өтінімін қалдыруына және жұмыспен қамтудың бел­сенді шараларын таңдауға мүмкіндігі бар.

– Жұмыспен қамту орталығында жыл көле­мінде қандай жұмыстар атқарылды?

– Жыл басынан бері қызметтерді электронды түрде  алу мүмкіндігін 3073-тен астам адам пайдаланып үлгерді. Оның ішінде 2466  азамат жұмыссыз мәртебесін алды. Ал 584 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ 1869 азамат жұмыспен қамтудың бел­сенді шараларына жолданса, 662 жұмыссыз адам жұмысынан айырылған жағдайда тағайындалатын әлеуметтік төлем түріне ие болды. Сонымен қатар орталық тарапынан өзін-өзі қызмет көрсету бұрышы жасалып, 3 компьютер қойылған. Осыған орай, қала­лық жұмыспен қамту орталығының мамандары қызмет алушыларға жәрдем көрсетуде. Электронды қызмет алуды біз әрбір келушіге насихаттаудамыз. Бұл жұмыс нәтижесін беріп, оң өзгерістер бар. Алдағы уақытта заман талабына сай электронды қызметтің ауқымы кеңейе түседі деп ойлаймын. Тұрғындардың үйде отырып, жұмысын тез бітіретін қызметтің тиімді тәсілін үйренуге ынтасы зор. 

– Сұхбатыңызға  рахмет.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: