Бейсенбі, 18 сәуiр, 22:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Эльмира Азатбаева, Байзақ Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицей директоры: «Ұстаз болу үшін үлкен жүрек керек»

01.10.2022

1752 0

Еліміздің еңсесін көтеріп, несібесін еселеп жүргендердің алдыңғы шебінен әрқашан да ұстаздар табылатыны ақиқат. Ұстаз – шәкірт үшін жәй ғана ақпарат жеткізуші тұлға емес, ол оның жүрегіне білімге деген ықылас, адамға деген мейірім мен махабат нұрын себуші, ұлық тұлға. Мереке қарсаңында Байзақ Момынбаев атындағы №278 ІТ мектеп-лицейінің директоры Эльмира Азатбаевамен сұхбаттасып, мәртебелі мамандық иесі болудың қыр-сырына қанықтық. Бала тәрбиесіне, білім сапасына жауапкершілігі мол  қызметтің жүгі ауыр екенін ұқтық. Десе де ұстазға деген құрмет ерекше болуға тиіс.

– Эльмира Кеделқызы ең алғашқы еңбек жолыңыз қашан, қайда басталды? Жас ұстазды қандай қиындықтар күтіп тұрды?

–  Ең алғаш ұстаздық жолымды 1992 жылы қаладағы №2 ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепте 9-10 орыс сыныптарына қазақ тілі пәнінен сабақ беруден бастадым. Мектеп атауы 2008 жылы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар «Мұрагер» мектебі болып өзгертілді. Ол кезде орыс мектебі болатын. Ең алғаш мектеп табалдырығын ұстаз болып бастаған күннен білім ошағында темірдей тәртіптің бар екенін сезіндім. Мектеп директоры  Зоя Уполходжаева болған. Қазір ойлап отырсам, білгім келеді, үйренем деген адамға әр уақытта жолда ашылады, мүмкіндікте болады, уақытты да жеткізуге болады. Әр мамандықтың өз қиындығы бар, ауыртпашылығы  жетерлік. Ең алғаш оқушымен жұмыс жасаған күннен бастап жауапкершілікті сезіндім. Өйткені оқушымен бетпе-бет келгенде айтар сөзің болмаса, білімің болмаса сен түкке тұрғысыз боласың. Әр сабақты түрлендіріп, қызықты етіп отыру өте маңызды. Жас ұстазға сыншы да көп, сыни көзқарас та жетеді, бірақ сабағымызға мұғалімдер кіріп талдаған сайын, шыңдала түстік. Біз осылай жетілдік.

Ал жас ұстаздарға айтарым, қиындықсыз ешнәрсе болмайды. Тек соны жеңе білу үшін өз мамандығыңа деген сүйіспеншілік болса, білімің болса, баланың жүрегіне жол таба білсең, сен жақсы мұғалім бола аласың. Ал тәжіриебені жылдап жинайсың.

– Еңбек жолыңыздағы бұрынғы жүйе мен қазіргі жүйенің айырмашылығы қандай?

– Заманауи өзгерістерге толы қоғамда бұрынғы сарынмен жұмыс жасау әрине қиын.  Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау болса, білім беру жүйесінің басты міндетінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу.

Бұрын сабақта тек кітап, көрнекілік болса, қазір заманауи технологиялар бар уақытта неге өзгермеске, баланың ой-өрісі жоғары интернет заманы, оқушы кез келген сұрақтың жауабын мұғалімнің көмегінсіз интернет желісінен ала алады. Сондықтан да қазіргі мұғалімді «бағыт-бағдар беруші» деп айтамыз. Ақпараттық-техно­логиялар арқылы мұғалімдер түрлі сабақтар беріп, жетістіктерге жетуде. Қай жүйе болмасын өз артықшылығы мен ерекшелігі бар.

– Қатал директорсыз ба? Мектеп ұстаз­дарына қандай талаптар қоясыз?

– Білім жолы қиын да киелі жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табысқа жете алады. Сондықтан ең алдымен оқушы алдындағы жауапкершілікті ойлау қажет. «Қандай мектепті бітірген?» деген теріс пікір қалыптаспаса екен деймін. Яғни оқушылардың сауатты да сапалы білім алуы маңызды. Тәртіпке қатаң қараймын. Оқушылардың сабаққа келген-келмегенін міндетті түрде қада­ғалап отырамын. Ата-ананың да баласының толық білім алуына жауапты екенін түсінсе деймін. Қатал директормын деп айта алмаймын, бірақ талапшылмын деп ойлаймын. Өйткені талап қойылмаса, жұмыстың сапасы болмайды. Қойылған талапты әркім  әртүрлі қабылдайды, меніңше талап қою қызметтегі жауапкершілікті арттыруға, мақсаты мен міндетіне жетуге итермелейді.

Мектеп – келешек ел басқарар, елі мен халқын гүлдендірер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де қасиетті ұя. Осындай қасиетті ұяның артына кір келмесін деймін. Оқушыларым тек үлкен белестерден көрінсе біздің еңбегіміздің ақталғаны.  Ол үшін мектеп ұстаздары білімді де білікті болуы керек. Міне, менің негізгі талабым да – осы.

– Мектебіңізде қанша ер мұғалім бар? Ер мұғалімнің аздығы ұрпақ тәрбиесіне әсер етпей ме? 

– Қазір уақытта біздің мектепте 23 ер мұғалім ұстаздық қызмет етеді. Осы жерде қосымша айта кетейін, қазір қоғамда жас отбасылар тез ажырасып жатады, олар отбасындағы бала құқығын сонымен шектеп жатқанын байқамайды. Меніңше бала үшін ата-ананың екеуі де қымбат. Балаға әкенің де, ананың да тәрбиесі қатар керек, әкенің орны, оның махаббаты бөлек, ал ананың ыстық алақаны бала үшін айтып жеткізе алмайтын құндылық. Ұжымға да үнемі айтар әңгімем, отбасын сақтап қалу, киелі шаңырақ, отбасы құндылығы және бала тәрбиесі жайлы. Жалпы оқу-тәрбиеде де, отбасында да ер азаматтардың өзіндік орны ерекше екенін мықтап ескеру қажет.

– Әңгіме арасында жұмысқа тұруға кел­генде құжатты қате толтыратын болашақ мұғалімдер бар дедіңіз. Шындығын айтқанда, қазіргі уақытта мұғалім болғысы келетіндер бала жауапкершілігін, білім сапасын ойлай ма әлде ұстаз жалақысына қызыға ма?

– Ия, ең өкініштісі де сол, ондай жағдайда көбіне жоғары білімі бар маманды қайтадан ұстаздыққа тәрбиелеп отырамыз. Ұстаз болу оңай, «не қиындығы бар» деп келгендерге, «баламен жұмыс жаса, ата-анамен жұмыс жаса, әріптестеріңнің арасындағы абырой үшін сабақта­рын талдап, өзіңді дәлелде» деймін.Ұстаз болу үшін – үлкен жүрек керек!

– Мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін ең алдымен мұғалім мықты маман иесі болу керек. Қазіргі уақытта мұғалімнің мәртебесін көтеру мақсатында жалақыны көбейтті, басқа жұ­мыстарға жүктеуге шектеулер қойылды. Де­генмен  мұғалімнің білімі, ұстанымы мықты болу керек, сол кезде оқушы мен ата-ананың және қоғам алдында мәртебесі жоғары болады демекпін.

Ұстаз, ең алдымен өзін-өзі құрметтеуі керек. Мұғалім сыйлы болуы үшін оның тұлғасы шәкірттерге қызықты болуы шарт. Оның білім-білігі, психологиялық келбеті, дағдылары заманға сай болуы қажет. Мойындау керек, бұрынғыдай мұғалімнің айтқанын ұйып тыңдап отыратын оқушылар жоқ қазір. Себебі, заман өзгерген. Бала өзгерген. Бүгінгі бала бұрынғы тәсілді қабылдамайды. Сондықтан мұғалімдер бала тілін тауып, сол тұрғыда түсіндіре алатындай болуы керек.

– Білім саласында қарапайым мұғалімнен директорлық қызметке дейінгі түрлі қызмет баспалдағынан өттіңіз. №278 ІТ мектеп-лицейіне басшы ретінде миссияны қалай қойдыңыз, бағдарыңыз қандай?

– Жарқын болашақтың бастауын бүгіннен қалайтын білім ордамыз шәкірттерін шыңдаудан еш жалыққан емес. Оқушыларымыз да облыс, қала көлемінде өз білімдерін көрсетіп келеді. Мектебіміздің мәртебесін көтерген мақтанышпен айтатын түлектеріміз баршылық. Алдағы уақыт­та негізгі мақсатымыз, бағдарымыз – білім сапасын көтеру, шәкірттеріміздің болашақта өзіндік ойы бар, ұстанымы мықты  азамат болуына жұмыс жасау. Мектебіміздің әрбір ұстазы – оқушыларының бойындағы білімге деген құштарлықтан туған шырақты жалынға айналдыра білетін нағыз еңбекқор жан болса деймін. Сондай-ақ мектеп ұстаздары осы мақсатпен еңбек етіп келеді.

– Ұрпақ тәрбиесі – ұлт мәртебесі екенін алға тартсақ, қазіргі заман ағымының үздіксіз дамуымен бірге адамдардың мінез-құлқы, психологиясы да күн сайын өзгеріп жатыр. Бала тәрбиесіне көбіне кім жауапты болғаны дұрыс?  Мектеп мұғаліміне барлық жауапкершілікті артып қойған жоқпыз ба?

– Ең алдымен бала тәрбиесіне жауапты ата-ана. «Тәрбие – тал бесік» деп бекер айтпаған. Ал мұғалім балаға рухани азық беретін, бағыт бағдар беретін, ең жақын адамы болуы тиіс. Мектеп пен ата-ана бірігіп, бала үшін жұмыс жасаса болашағымыз жарқын болары анық. «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген сөз бар. Сондықтан ұлы мамандықтың артында зор жауапкершілік тұрғанын ұмытпағанымыз дұрыс.

Бар саналы ғұмырын, жастық жолы мен күш қайратын, терең де телегей білімдерін шәкірт­теріне арнаған ұстаздар қауымын мерекемен құттықтаймын!

– Әңгімеңізге рақмет.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: