Сейсенбі, 24 желтоқсан, 01:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жазда Қазақстанда қайда демалуға болады?

06.06.2023

732 0

Демалысты ерте жоспарлап, қонақ үйді алдын ала брондау арқылы үнемдеуге болады.

Оқушылардың жазғы каникулы басталды. Ата-аналар да жазда демалғысы келеді. Кейнгі жылдары Қазақстанда туристік маршрурттар көбейіп, әуе рейстері, қонақ үйлер ашыла бастады. 

Осы орайда Информбюро порталы жазда демалатын бес туристік бағытқа шолу жасады. 

Бурабай

Щучье-Бурабай курорттық аймағында демалушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Бурабай туристерді табиғатымен тамсандырып қана қоймай, мұнда емделуге, тарихпен танысуға келетіндер көп. Курортта қайық есіп, қармақ салып, аң аулап, көлдің жағасындағы арнайы жолда велосипед теуіп, суға шомылып, жағажайда жай ғана тынығуға болады. Экстримді ұнататындар құзға өрмелеп, Оқжетпес шыңына шығып, Бурабайды үстінен қарай алады.  

Астана мен Бурабай арасы 250 шақырымдай. Көлікпен 2-3 сағатта жетуге болады. Одан бөлек Астанадан Бурабай курорты станциясына 8 пойыз барады. Билеттер 1000 теңгеден басталып, 10 мың теңгеге дейін. Ең баяу пойыз 4,5 сағатта жетеді. Ал жүрдек пойызбен 2 сағат 16 минутта жетуге болады. Темір жол вокзалынан түскеннен кейін курорттың өзіне автоуспен не таксимен жету қажет. 

Бурабайда қонақ үйлер көбейген. Әркім қалтасына қарай 10 мың теңгеге де, 100 мың теңгеге де қонақ үйден орын таба алады. Ерте брондаса жатын орын арзанға шығады.

Алакөл

Алакөл Алматы облысы мен Абай облысының шекарасында орналасқан. Сондықтан көлге баратыдар қай жағалауда демалатынын анықтап алу қажет. Өйткені демалуға ыңғайлы екі жағалау бар. Бірі – Абай облысындағы Үржар ауданындағы Қабанбай жағалауы, екіншісі – Алматы облысындағы Алакөл ауданына қарасты Ақши және Көктұма жағалауы.

Қабанбай ауылының қонақ үйлерінде екі ересек адамға арналған нөмірлердің бір күндік бағасы қазір 20 мың теңгеден басталады. Бұл – маусым айының басы мен тамыз айының соңындағы баға. Шілденің ортасында бағалар жоғары болады. Дегенмен, одан да арзан қонақ үйлер, жеке үйдің бөлмесін табуға болады, бірақ оны да  алдын ала брондау қажет. Ал, туристік операторлар алдын ала брондау арқылы Алакөлге тур алатын болса, адам басына бір күн үшін 10 мың теңгеден басталатын турлар бар екенін айтады.

Каспий теңізі

Кейінгі жылдары Ақтауда туризм дамып, жер-жерден келетін туристер қатары көбейе түсті. Ақтауда көбіне адамдар Каспий теңізіне түсіп, жағасында күнге қыздырынады. Емдік мақсатта радон суы шығатын демалыс орындарында демалады. Жағалаудағы мейрамханаларда тамақ ішіп, күннің батқанын тамашалайды. 

Ақтаудың айналасында туристер баратын табиғи орындар өте көп. Соның бірі – Ақтаудан 300 шақырым жерде орналасқан Бозжыра шатқалы. Ертеректе бұл аймақта Тетис мұхиты болған деседі. Ал Бозжыраны мол мұхиттың табаны дейді. Кезінде бұл маңнан киттің сүйегі, акуланың тісі табылған көрінеді. Бозжыраға арнайы көлікпен барған жөн немесе Ақтаудан, басқа да қалалардан тур сатып алып баруға болады.

Маңғыстау жерінен Шерқала, Қапамсай, «Торыш» шар тәрізді  конкрециялар алқабын, Ыбықты каньонын, Жығылған, Тамшалы, Саура, Айрақты секілді ерекше орындарды көре аласыз. Оған қоса, 362 әулие жатқан Маңғыстауда Бекет ата, Шақпақ ата, Қошқар ата, Қараман ата, Сұлтан Епе, Сисем ата секілді бабалардың басына барып, тәу етеді. 

Ақтауда хостелде бір адамға орын 2300 теңгеден басталады. Таңғы асы бар қонақ үйлердегі нөмір бағасы 10 мың теңгеден басталады. Ақтауда жаңа үйлерден пәтер жалдауға болады. 

Балқаш

Балқаш көлінің жағалауы да жыл өткен сайын туристер көптеп баратын орынға айналды. Мұнда да демалысқа қажеттінің бәрі бар. Көлге суға түсіп қана қоймай, балық аулауға болады. Белсенді демалыстарды ұнататындар желкенді спорт, байдарка есу секілді спортпен шұғылдана алады. Көл айдынында жиі кездесетін шағын аралдар жүзуден әуесқой жарыстар өткізілетін кезде ақтық мәре ретінде жиі таңдалады.

Балқаш көлінде шомылу маусымы маусым айында басталып, қыркүйекте аяқталады. Демалыс орындарының құнына демалыс аймағының орналасқан жері, жағалаудан алыс-жақындығы, жасалған жағдайы да әсер етеді. Балқашта қонақ үйлерде орын 10 мың теңгеден басталды. 

Түркістан

Түркістан облыс орталығы болғалы туристерге жағдай жасала бастады. 2020 жылы желтоқсанда халықаралық әуежай ашылды. Жұлдызды қонақ үйлер көптеп бой көтерді. Ашық аспан астындағы «Кеурен» сауда және ойын-сауық орталығы салынды.

Туристер Түркістанға көбінесе «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесін көруге барады. Кейбіреулер қазақтың ханары мен батырлары жерленген киелі орынға тәу етуге арнайы келеді. Ескі қала стилінде салынған «Керуен» орталығы да кесенеге жақын орналасқан. Сол жерде тамақтанып, шоу тамашалап, қайыққа мініп, шопинг жасауға болады.

Қалада қонақ үйлердегі нөмірлердің бағасы жазғы маусымда 7 мың теңгеден басталады. Тәулікке пәтерлер де жалға беріледі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: