Сенбі, 04 мамыр, 07:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Отызыншы жылдар зары…

30.05.2023

775 0

«Озбырлардың қылған лаңы,

Орға құлап кіл ардағы.

Опынтады елді мәңгі

Отызыншы жылдар зары…» Ашаршылық, қуғын-сүргін туралы жазатын мақаламыздың бастауында ақын Ғайсағали Сейтақтың қасиетті қара қаламынан туған бір шумақ өлеңнен мысал келтіруіміз бекер емес. Иә, тауқыметті жылдар туралы қаншама ақын, жазу­шы қалам тербеді. Көптеген кітап жазылды. Ұлт үшін ұмытылмайтын кезеңдердің жұртшылық жадынан кетпейтіні де ақиқат.

31 мамыр. Бүтін бір ұлт үшін трагедиялық күн. Ашаршылық пен саяси қуғындар құрбандарын еске алатын сәт. Тұңғыш Президент Жарлығы шыққан болса, биыл сол Жарлықтың қабылданғанына 26 жыл. Алаш баласы мамырдың соңғы күнін қара жамылып қарсы алады.

1915 жылға шегінсек Ахмет Байтұрсыновтың қазақтың саны 6 миллионға жеткенін айтып, Аллаға шүкіршілік қылғаны еске оралады. Ұлт қайраткерінің бұл сөзін патшалық Ресейдің 1887 жылы жүргізген санағы да айғақтай түседі. Халқымыздың саны сол кезде 4 млн 980 мың деп жазылыпты. Бірақ 1916-1945 жылдар аралығында сол қайран 6 миллион қазақ мың өліп, мың ті­рілді. Бірінші жаһан соғысы, ақпан, қазан төңкерісі, әскери коммунизм бір-бірімен мінгесе келген қос бірдей ашаршылық нәубеті. Саяси репрессия одан кейінгі екінші жаһан соғысы тауқыметі ұлтымыздың қастерлі дәуренін қасіретті дәуірге айналдырды. Бас-аяғы отыз жыл­дағы осынау ойранда ормандай жұртымыз, орны толмас шығынға ұшырады. Қазақтың үштен екісі қы­рылып, бір жарым миллиондайы аман қалды.

Мұстафа Шоқайдың айтуынша: «1930-жылдары аш­тан өлген халықтың саны – 2 млн 287 мыңға жеткен». Ал бүгінгі тарихшылар қос ашаршылықтан қы­рылғандар 4 миллионнан асады деп жүр. Саяси қуғын көріп, қорлықпен көз жұмғандарға келсек, 1921-1954 жыл­дар аралығында Қазақстанда 118 мың адам репрессияға ұшыраған. Оның 25 мыңнан астамы атылған. Кеңес Одағы бойынша 1930-1953 жылға дейін саяси пиғылмен 3 млн 778 мың 254 адам сотталған. Оның 786 мың 98-і ату жазасына кесілді. 

Сол зұлмат заманды бастан өткермегенде қазақтардың саны бүгінгіден үш есе көп  болар ма еді. Қазақ жерінде кеңестік саяси тұтқынға арналған 11 лагерь болды. Оларда 25 мыңдай адам атылып кетті. Бұл ресми дерек. Астана іргесіндегі «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешені. Лагердің орнына тұрғы­зылған мәдени нысан. Мұнда 20 мыңнан астам әйел отырып шықты. Сол кезеңдегі қанды қырғынды бейнелейтін мұражайға келуге кез келгеннің жүрегі дауаламайды. Себебі қамаудағылардың бастан өткізген қиыншылықтары айқын көрсетілген.

Зерттеушілер «Алаш» партиясы­ның құрамында мыңға жуық адам болған деген дерек айтады. Ал идеяға берілгендердің саны одан да көп болған. Кеңес дәуіріндегі қуғын-сүргін саясатына байланысты мәселелерді тек 1936-1937 жылдар­дағы кезеңмен ғана шектеп қоюға бол­майды. Себебі қуғын-сүргін үр­діс­терінің алғышарттары кеңес дәуіріне негіз болған төңкерістен кейін басталған болатын.

Расында да, қазақ халқы бұған дейін де күштеп ұжымдастыру мен байлардың мал-мүлкін жаппай тәркілеу кезінде қиындық көрді. Өткен ғасырдың зобалаң жылдары 4 миллионға жуық қазақ қырылды. Аман қалғаны шекара маңындағы қазақтар болатын. Олар үдере көшуге мәжбүр болды. Сол жылдардағы қасіретті нәубет бүгінгі қазақ хал­қының ұрпақ жалғастығын үзген кезең болды. Адамзат тарихында бір халықтың 70  пайызы қырылған сұмдық болмаған оқиға еді. Бүтіндей бір әулет пен отбасының мүше­лері ажал құшты. Ашарлықтың құрбаны болды.

Мұндай қасіреттің тарихын тану, құрбандарға тағзым ету жа­зылмаған заң. Сондықтан да мың­даған адам мамырдың соңғы күні құрбандарға құран бағыштап, олар­ды еске алады.

Қуғын-сүргін құрбандарын ақ­тап алуға тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қол жетті. Бүгінге дейін 340 мың­нан астам  адам ақталды. Олардың өмір жолы зерттеліп, та­рихи баға беріле бастады. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғаса бермек.

Жадыра МӘдиқызы,

Қызылорда қаласының тарихи музейінің ғылыми қызметкері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: