Сәрсенбі, 16 қазан, 06:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

Үйсіз жүрген қазақ көп

25.11.2023

839 0

Сурет: forumdaily.com

Өз елінде жүріп, үйі жоқ не үй саларлық жері жоқ бір ұлт болса, ол – өзіміздің қазақ. Ащы да болса, шындық осы. Бір кездері арман қуып елордаға барған біздер: «Бермесең берме баспанаңды, бәрібір тастамаймын астанамды» деп, Қасымша өлеңдетіп жүрдік. Бірақ Қасым Аманжоловтың өмір сүрген дәуірімен біздің уақыт мүлдем салыстыруға келмейді екен.

Нарықтық кезеңде үйсіз-күйсіз, бар тапқан-таянғаныңды несие мен пәтерге әрең жеткізіп, ертеңгі күнге деген үміттің өзі тас-түнектегі сіріңкенің жарығындай ғана жылт етер шақта Қасымша қасқайып, соңына дейін шыдау қиынның-қиыны. Елдегі жағдайдың осындай мүшкіл халде екенін біле тұра, баспанаға кезекке тұрғандарды үй бермей азайтудың жолын ойлап тауыпты. Жоғарыдағылар жаңа тәсілді заңға енгізбек болып, Парламентте талқылаған көрінеді.

Осы аптада Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, онда тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері қаралды. Жиында бірінші оқылымға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат шығарылған. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндама жасады.

Шарлапаевтың сөзіне сенсек, заң жобасы 2021 жылғы 31 желтоқсанда Мәжіліс қарауына енгізілген-мыс. «Егемен Қазақстан» газетіндегі дерекке сүйенсек, осы күнге дейін жұмыс тобының 20 отырысы өтіпті. Бұл мәлімет Абай Асанкелдіұлының «Баспана – өзекті мәселе» атты мақаласынан алынып отыр. Иә, 20 отырыс аз емес. Талқылайды, толықтырады, түзету енгізеді. Жауапты істі қолға алған жұмыс тобына да оңай емес. Түсінеміз, бірақ олар халықтың жанайқайын, басты мәселе болған баспана машақатын түсіне ме?

– Бүгінгі күні қолданыстағы заңнама бойынша жергілікті атқарушы органдар тұрғын үйге есепке қою және оны жүргізу, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды жүзеге асырады. Заң жобасы шеңберінде бұл функцияларды «Отбасы банкіне» беру ұсынылған. Бұл ретте азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы ор­гандардың құзыретінде қалады. Оны тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асырады. Осы­ған байланысты «Отбасы банкін» ұлттық даму институтына айналдыру көзделіп отыр, – деген министр «Отбасы банкіне» аталған функ­цияларды беруді ескеріп, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару көзделгенін мәлім етті.

Ведомство басшысының сөзін негіз етсек, жаңа жоба бойынша тұрғын үйді бөлу аза­маттардың есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылмақ.

– Табыс деңгейіне қарай азаматтар­дың жалдау ақысын субсидиялау, арендалық тұрғын үй немесе жеңілдетілген ипотекалық қарыздар түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Бұған қоса, азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою кезінде негізгі талаптың бірі олардың меншігінде баспана болмауы керек, – деді Қ.Шарлапаев.

Министрдің бұл талабы қолданыстағы заңда да бар. Тұрғын үй алу мақсатында кезекке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде баспанаң болмауы керек. Бұл өзіңе де, жұбайыңа да қатысты. Жаңа заң жобасында 5 жылды 10 жылға ұзарту көзделіпті. Яғни кезекке тұру үшін соңғы 10 жыл ішінде баспанаң болмауы шарт. Бұл ерлі-зайыптылардың екеуіне де қатысты.

Қарап отырсақ, жаңа заң жобасы бойынша талап күшейетін сияқты. Атыңда 5 жыл түгіл 10 жыл үй болмауы керек деген түсінік құлаққа оғаштау естіледі екен. Қазірдің өзінде үйі жоқ, бар мәселесі баспана болған отандасымыз көп. Статистикаға сүйенсек, елімізде 646 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Министр осы 646 мыңның 232 мыңы кезектен шығарылуы мүмкін екенін мәлім етті. Шарлапаевтың айтуынша, биылғы 1 тамыздан бастап 21607 адам кезектен шығарылыпты. Сонда айналдырған екі-үш айдың ішінде 20 мыңнан аса азаматты кезектен шығарса, екі-үш жылда өздері айтып отырған 232 мыңдық межені орындайды деген сөз. Бұл үйсіз жұртты кезектен мәжбүрлеп шығару емес пе?.. Екінші жағынан үкіметтен ештеңе сұрамаңдар дегеннің заңмен бекітілген нұсқасы іспетті екен. 

Ары қарай министрдің не айтқанын талқыламай-ақ қояйық. Тек елдің үмітін арқалап, халықтың қалаулысы болып отырғандар не деді? Бұл сөз маған да, біздің газетке үңілетін оқырманға да қызық деп ойлаймын. Сұрақтың жауабын табу үшін Парламенттің ресми сайтына зер салайық.

Мәжілістегі қызылордалық депутат Мархабат Жайымбетов не себепті 232 мың адамның баспана кезегінен шығарылатынын сұрады. Сұраққа жауап берген министр Қанат Шарлапаевтың айтуынша, қазіргі заңнамада баспана кезегінде заңды тұрғанын түгендеу жылына бір рет жүргізіледі екен. Жаңа заң бойынша мұндай тексеру әр үш ай сайын жасалатын көрінеді.

– Баспана кезегінде тұрған 646 мың адамның 232 мыңы кезектен шығарылады. Оның 90 мыңы бұған дейін пәтер иесі болған. Олар заң бойынша баспанадан үмітті бола алмайды. Тіпті бес жылдық мерзім аясында да оларға баспана беруге хақымыз жоқ, – деді ведомство басшысы.

Елнұр Бейсенбаев азаматтарды кезектен шығарып тастау мүмкін еместігін алға тартты. Ол бұрынғы министр заң жобасын таныстырғанда 240 мың адамның кезектен шығарылатынын айтқанын мәлім етті.

Министр мен депутаттың сөзін сараласақ, бұл заң жобасының Мәжіліске ұсынылғанына шамамен екі жыл болған. Халық қалаулысы Шарлапаевтың бұрынғы министрдің сөзін қайталап тұрғанын жеткізді.

Заң жобасын басқа депутаттар да сынға алып жатты. Мәселен, Дәулет Мұқаев жастардың проблемасын көтерсе, Екатерина Смышляева «Отбасы банкін» екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығаруға қатысты алаңдаушылық білдірді. Депутаттың сөзінше, жоба дәл осы күйінде қабылданар болса «Отбасы банкі» банктерге қойылатын барлық лицензиялық талапты орындауды автоматты түрде тоқтатады екен. Бұдан жауапты министрлік не ұтады? Министрлік осы заң жобасы арқылы елдегі тұрғын үймен қамту мәселесін «Отбасы банкіне» түбегейлі аудара салуды көздеп отырған секілді. Біздің пайым мәселенің мәнісі осында жатыр дегенге саяды. Әйтпесе, елдегі үйсіз жүрген адамның санын, олардың жағдайын, әлеуметтік ахуалын біле тұра осындай қадамға бара ма? Баспанасыз жүрген отандастарымызды кезектен алып тастап жатса, басқа қандай уәж айтамыз?.. Шындап келгенде, Алматы мен Астанамыз үйі жоқ қазаққа толы ғой.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: