Бүгінде «Отбасы банкті» қарапайым халық жақсы біледі. Себебі баспана алу үшін де, қаражат жинау үшін де «Отбасы банкке» келетіндер аз емес. Дегенмен баспанаға ақша жинау, бағдарламалар арқылы үй алу, депозит ашу бойынша оқырман сұрағы жетерлік. Осы орайда, «Отбасы банк» АҚ Қызылорда филиалының басшысы Әділжан Рахымжанұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– «Отбасы банк» бүгінде ұлттық даму институтына айналды. Бұл мәртебе банке қандай өзгеріс әкелді? Сонымен қатар баспана кезегінде тұрғандар мен салымшылар үшін қаншалықты тиімді?
– 2025 жылғы 24 мамырда «Отбасы банк» ұлттық даму институты мәртебесін алды. Осылайша, банк мемлекеттің ең маңызды әлеуметтік міндеттерінің бірін – тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алуды, кезекке қоюды және пәтерлерді бөлуді өз мойнына алды. Осы уақыт ішінде банк еліміз бойынша шашыраңқы болған тізімдерді біріктіріп, оларға инвентаризация жүргізді. Сонымен қатар баспананы ашық, әділ және автоматты түрде бөлуге мүмкіндік беретін «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» атты жаңа ақпараттық жүйені іске қосты.
2025 жылдың қазан айынан бастап «Отбасы банк» тұрғын үйді белсенді түрде бөле бастады. Нәтижесінде, 2025 жылдың қазаны мен 2026 жылдың маусымы аралығында 22856 қазақстандық отбасы баспаналы болды. Олардың барлығы жалға берілетін пәтерлерге ие болды немесе 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдікті несиелік тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін алды.
Процестерді автоматтандыру мен цифрландырудың арқасында «Отбасы банк» тұрғын үйді бөлу көрсеткішін үш есеге арттырды. Деректердегі қайталанулар мен қателіктерді жоюға, адам факторын және мұқтаждар тізімін қолмен басқаруды барынша азайтуға дәл осы цифрландыру мен бірегей процестерді енгізу көмектесті.
Тұрғын үйді бөлудің негізгі критерийлері – кезекке тұрған күн, табыс деңгейі және халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) тиесілігі. Заң бойынша, тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70%-ы бірінші кезекте құқығы бар азаматтарға беріледі. Олардың қатарына мыналар жатады:
1. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері және жеңілдіктері бойынша соларға теңестірілген тұлғалар;
2. Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
3. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар (бұл санат үшін заңнамалық деңгейде бөлінетін тұрғын үйдің 20% көлемінде квота белгіленген);
4. Көпбалалы отбасылар;
5. Ерекше қажеттіліктері бар (мүмкіндігі шектеулі) балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
6. І және ІІ топтағы мүгедектігі бар тұлғалар;
7. Жесір әйел және ер.
Қалған бөлігі (30%-ға дейін) тұрғын үйге мұқтаж деп танылған, бірақ жеңілдікті топтарға жатпайтын басқа санаттағы азаматтар арасында бөлінеді.
– Тұрғын үй кезегінің бірыңғай базасы жергілікті әкімдіктерден банкке берілгені белгілі. Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету үшін қандай қадамдар жасалуда? «Менің кезегім жылжымай қалды» деп күмәнданатын тұрғындар бар ма?
– 2025 жылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үй кезегі орталықтандырылған жүйе бойынша жүргізіліп келеді. Бұған дейін кезекте тұрғандардың есебін әкімдіктер жүргізетін. Оларда жетім балалардан бастап әскери қызметшілерге дейінгі санаттар бойынша бірнеше бөлек тізім болды.
«Отбасы банк» бұл шашыраңқы тізімдерді біріктіріп, «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» атты бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізді. Бұл келесідей нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді:
• Деректердегі қайталанулар мен қателіктер жойылды;
• Меншігінде баспананың бар-жоғын автоматты түрде тексеру іске қосылды;
• Адам факторы мен кезекті қолмен басқару мүмкіндігі барынша азайтылды.
Кезекте тұрғандардың тізімі «Отбасы банкке» өткеннен кейін, кезекті инвентаризациялау, яғни кезектегі азаматтар туралы мәліметтерді тексеру және нақтылау процедурасы басталды. Бұл процесс азаматтың өзекті мәртебесін, отбасы құрамын, санатын және оның атында тұрғын үйдің бар-жоғын көрсетеді. Бүгінгі таңда тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтардың шамамен 70%-ы инвентаризациядан өтті. Нәтижесінде 75 мыңнан астам адамға есепке тұрудан бас тартылды. Бас тартудың ең жиі кездесетін себептері:
• Кезекте тұрған азаматтың немесе оның отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүліктің болуы;
• Отбасы мүшелерінің бірінің тұрғын үй кезегінде бұрыннан тұруы.
Есепте тұрған азаматтардың тізімі ай сайын банктің ресми сайтында жарияланып тұрады. Әрбір адам тізімнен өзін көре алады, Бұл баспана бөлу процесін барынша ашық етеді.
Тұрғын үйді бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Отбасы банктің» әлеуметтік желілерде парақшалары бар.
Банктің Instagram-дағы @orken_otbasybank.kz және Telegram-дағы @orken_otbasybank.kz – ресми парақшалары тұрғын үйді бөлу туралы жедел ақпарат көзіне айналды. Бұл парақшаларда өңірлердегі өзекті жаңалықтар жарияланып, бағдарламаларға қатысу шарттары түсіндіріледі, сондай-ақ азаматтардың сұрақтарына жауап беретін тікелей эфирлер өткізіліп тұрады.
Әлеуметтік желілердегі парақшаларда ақпаратты қарапайым және түсінікті тілде жеткізу – басты назарда. Әрбір оқырман бағдарлама шарттарын, баспана алу тәртібін және басқа да өзекті мәселелерді оңай түсінуі үшін контент күрделі терминдерсіз, аудиторияның сұранысын ескере отырып, нөлден бастап жасалды. Бұл тәсіл өте тиімді болды: күн сайын парақшаларға ресми дереккөзден ақпарат алуға мүдделі 1200-ге жуық жаңа оқырман қосылады.
Бұл азаматтармен байланысты неғұрлым мақсатты және жедел етуге мүмкіндік берді. Енді олар тұрғын үй бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы, қатысу шарттары және баспана бөлу нәтижелері туралы мәліметтерді уақытылы ресми дереккөзден ала алады. Банктің әлеуметтік желілердегі парақшаларына жарияланған жаңалықтарды 122 мың оқырман бақылап отыр.
– Бүгінде ипотекалық бағдарламаларды екінші деңгейлік банктер де беруде. Бұл «Отбасы банкіне» қалай әсер етті? Отбасы банк ипотекалық несие беруде несімен ерекшеленеді?
– «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асырып келеді. Бұл жүйе 23 жыл бойы тұрақты жұмыс істеп тұр. Ол Германия үлгісінің (Bausparkasse) мысалында құрылған. Германияда жинақ жүйесі өзінің белсенді дамуын 1920 жылдары бастады. Яғни, бұл жүйенің тарихына 100 жылдан асқан және бұл – азаматтардың баспана мәселесін шешудің негізгі механизмі. Бүгінгі таңда Германияда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында 26 миллионнан астам қолданыстағы келісімшарт бар.
Дәл солай, 2000 жылы «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» заң дайындалып, қазақстандық тұрғын үй құрылыс жинақ банкін ашу жоспарланған кезде Германияның табысты тәжірибесі негізге алынды.
«Отбасы банк» жүзеге асыратын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің неміс үлгісі жабық сипатқа ие, яғни салымшылардың қаражаты тек олардың өзіне несие беруге ғана бағытталады. Салымшылар жалпы портфельді қалыптастырып, қаражат жинап жатқанда, басқалары тиімді несиелерге қол жеткізеді. «Отбасы банктің» 23 жылдық жұмысы барысында тұрғын үй несиесі бойынша мөлшерлемелер еш өзгерген жоқ. Депозитке 2% мөлшерлемемен қаражат жинай отырып, банк клиенттері болашақта жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейінгі мөлшерлемемен тұрғын үй несиесін алуға әрдайым кепілдік алады. Сондай-ақ «Отбасы банк» салымшыларына мемлекеттік сыйлықақы төлеу де өзгеріссіз қалады. Қазіргі уақытта Қазақстанда тұрғын үй салу мен сатып алуға арналған несиелердің 65%-ын «Отбасы банк» береді. Банктің елдегі ипотекалық портфельдегі үлесі 53%-ды құрайды. Жыл басынан бері біз 47 306 несие бердік.
– Шынында, халыққа ақша жинауды үйреткен «Отбасы банк» талаптары десек артық айтқандық емес. Бүгінде банктің құрылғанына 20 жылдан асты. Осы уақыт ішінде салымшылар қаншалықты өсті? Негізінен қай жастағылар ақша жинауға ынталы?
– Біздің миссиямыз былай жазылған: «Отбасыларды меншікті баспанамен қамтамасыз ете отырып және ұзақ мерзімді әл-ауқатын арттыра отырып, Отан сезімін нығайтамыз».
«Отбасы банк» 23 жыл бойы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асырып келеді. Бұл жүйе қазақстандықтарға тиімді шарттармен өз баспанасын сатып алуға көмектеседі.
Осы уақыт ішінде банк 679644 қазақстандықтың қоныс тойын тойлауына септігін тигізді. Егер бұл көрсеткішті отбасы құрамының орташа коэффициентіне (4 адам) көбейтсек, онда банктің қолдауының арқасында 2,7 миллион адам өз пәтері мен үйінде тұрып жатыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында «Отбасы банкте» 485252 қазақстандық жаңа депозит ашты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,9%-ға көп. Жаңа салымшылар санының артуы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі жинақтар болашақта нарықтағы ең тиімді мөлшерлемелердің бірімен – жылдық 3,5%-дан (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) 8,5%-ға дейін (ЖТСМ 9%-дан 9,6%-ға дейін) ипотека алуға мүмкіндік беретіндігімен түсіндіреді.
«Отбасы банктің» халықтың ұзақ мерзімді салымдарындағы үлесі 39%-ды құрайды. Бүгінгі таңда клиенттердің жинақ шоттарында 3,3 триллион теңге жинақталған. Бұл қазақстандықтардың баспананы тек маңызды өмірлік мақсат ретінде ғана қарастырып қоймай, оған жинақтау арқылы жоспарлы түрде жетуге дайын екендігін көрсетеді. Жоғары сұраныс несиелендіру көлемімен де дәлелденеді. Күн сайын «Отбасы банктің» арқасында 320-ға жуық қазақстандық тұрғын үй несиесін алып, қоныс той тойлайды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында банк 38,1 мың несие берді, ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 34 мың болған еді. Несие беру көлемінің өсуі отбасылардың жинақтау кезеңінен өз баспанасын сатып алу кезеңіне өтіп жатқанын көрсетеді.Банк өнімдерін ешқандай ерекшеліксіз барлық азаматтар пайдалана алады. Олар: жас отбасылар, көпбалалы ата-аналар, бюджеттік сала қызметкерлері, өңір тұрғындары. Өз үйіне ақша жинауға дайын кез келген қазақстандық баспана мәселесін шеше алады.
Біз жастарға ерекше көңіл бөлеміз, оларды қолдаймыз. Соның ішінде «Наурыз» бағдарламасы арқылы да көмек көрсетілуде. Осы бағдарлама бойынша тиімді несиелерді негізінен жас азаматтар алды. Бағдарлама жүзеге асырылған бүкіл кезең ішінде 20302 несие берілді. Оның 61%-ын немесе 12450 несиені 35 жасқа дейінгі қазақстандықтар алды.
Бұл ретте көмек тек белгілі бір тұрғын үй бағдарламаларымен ғана шектелмейді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қазақстандықтарға баспаналы болуға мүмкіндік береді. Жинақтардың арқасында салымшылар нарықтағы ең тиімді мөлшерлемелер бойынша несие ала алады.
Қазіргі уақытта банкте 4 миллион депозит ашылған, оның ішінде 1,5 миллион депозитті 18 бен 35 жас аралығындағы жас қазақстандық ашқан. «Отбасы банктің» көмегімен 283 357 жас қазақстандық өз баспанасын сатып алып үлгерді.
– Отбасы банк арқылы тұрғын үйге қол жеткізу қаншалықты оңай немесе қиын?
– Мақсатқа қарай жүйелі түрде ұмтылып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің шарттарын орындаған жағдайда, «Отбасы банк» арқылы баспана сатып алу өте тиімді.
Жүйенің мәні өте қарапайым: ең алдымен адам депозитте қаражат жинайды, содан кейін жылдық 3,5%-дан (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) 8,5%-ға дейін (ЖТСМ 9%-дан 9,6%-ға дейін) өте төмен әрі тиімді мөлшерлемемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Салымшы ақшаны неғұрлым ұзақ әрі белсенді жинаса, несиелендіру шарттары да соғұрлым тиімді болады. Бүгінгі таңда 4 миллионнан астам қазақстандық өз жинақтарын «Отбасы банкке» сеніп тапсырды. Күн сайын 320-ға жуық отбасы тиімді тұрғын үй несиесін алып, қоныс тойын тойлайды. Бұл жүйенің нақты жұмыс істейтінін және мыңдаған адамға баспана мәселесін жоспарлы түрде шешуге көмектесетінін дәлелдейді.Ең бастысы, жинақтауды бастау, депозитті тұрақты түрде толықтырып отыру және өзінің қаржылық міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарау.
Ең бірінші кезекте депозит ашып, қаражат жинауды бастау керек. Банк сыйақысы мен мемлекеттік сыйлықақыны есепке алғанда, депозит бойынша ЖТСМ жылдық 14%-ға дейін жетеді.
Көпшілігі баспана сатып алу үшін бірден үлкен сома керек деп ойлайды. Шын мәнінде, баспана алуға әрекет тұрақты жинаудан басталады. Тіпті ай сайынғы шағын жарналардың өзі бастапқы жарнаны қалыптастыруға, мемлекеттік сыйлықақы алуға және болашақта барынша тиімді несиеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі дәл осы орташа табысы бар адамдар үшін жасалған. Ол депозитте қаражатты біртіндеп жинақтауға, содан кейін несие алуға мүмкіндік береді.
Біз қарапайым ережеден бастауды ұсынамыз: депозит ашып, оған ай сайын өзіңізге ыңғайлы соманы салып отыру қажет. Бұл 20, 30 немесе 50 мың теңге бола ма, ол жағы маңызды емес. Ең бастысы, тұрақты түрде ақша жинау әдетін қалыптастыру. Тәжірибе көрсеткендей, бүгінде қоныс тойын тойлап жатқан көптеген қазақстандық дәл осындай шағын депозиттен және тұрақты жинақтардан бастаған. Сондықтан өз баспанаңызға жасалатын алғашқы қадам несие алу емес, дәл бүгіннен бастап ақша жинауды қолға алу туралы шешім қабылдау.
– Отбасы банктен ақша жинамай-ақ ипотекалық бағдарламалармен үй алуға бола ма?
– «Отбасы банктегі» депозиттегі жинақ – бұл негізгі қор. Жинақтар отбасылық бюджетке үлкен салмақ түсірмей, тиімді несие алуға мүмкіндік беретін бастапқы жарнаны қалыптастырады. Сонымен қатар «Отбасы банкте» жинағыңыз әлі аз болса немесе мүлдем болмаса да, баспаналы болсам деген арманыңызға жетуге жақындататын бағдарламалар бар. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы. Мұнда жинақтың болуы мүлдем талап етілмейді. Несие бойынша мөлшерлеме – небәрі 1%. Несиенің ең жоғары сомасы 2500 АЕК-ке дейін. Бұл бағдарлама дипломы бар және ауылда сұранысқа ие салаларда жұмыс істегісі келетіндерге арналған. Олар: білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, агроөнеркәсіптік кешен, мәдениет, спорт, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері аппараттарындағы мемлекеттік қызмет (әкімдер мен олардың орынбасарларын қоспағанда).
Қажетті мамандардың тізімін жыл сайын жергілікті әкімдіктер қалыптастырады. Сондықтан қатысушылар тізіміне ену үшін әкімдікке өздігінен өтініш білдіруі керек. Содан кейін өтінім Baspana Market (otbasybank.kz) порталында беріледі және несие алу процесі онлайн форматта өтеді.
«Наурыз» бағдарламасы болашақ баспанасына ақша жинай бастағандарға тиімді. Осы бағдарламаның қатысушысы болу үшін екі негізгі критерийге сай болу керек:
• Өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншік құқығында баспанасы болмауы тиіс;
• «Отбасы банктегі» депозитте 2 миллион теңге қаржы болуы шарт.
Егер қазақстандық бағдарламаға қатысушылар тізіміне енсе, несие алу үшін оған таза, әрленген жаңа тұрғын үй сатып алуға 10% көлемінде ең төменгі бастапқы жарнасының болуы жеткілікті. Егер пәтер бастапқы әрленбеген күйде сатып алынса, онда бастапқы жарна 20%-ды құрайды.
Несие мөлшерлемесі – жылдық 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін). Сонымен қатар несие сомасына пәтерді жөндеуге жұмсалатын шығындарды да қосуға болады.
«Отбасы банкте» 10 жылдан бері өңірлік жастар бағдарламалары жұмыс істеп келеді. Мұнда белгілі бір мамандықтарға: дәрігерлерге, мұғалімдерге, мәдениет, спорт, халықты әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлеріне, журналистерге, полицейлер мен құтқарушыларға басымдық беріледі.
Бастапқы жарна 10%-ды, несие мөлшерлемесі жылдық 5%-ды құрайды (ЖТСМ 5,2%-дан 5,7%-ға дейін). Бағдарламаға қатысу үшін «Отбасы банк» депозитіне ақша жинап, бағдарламалардың басталар уақытын бақылап отыру қажет.
– Тұрғын үйге қол жеткізуде депозит мерзімі маңызды ма, әлде жинаған қаражат көлемі бірінші орында ма? Бағалау көрсеткіші жақсы болса, үй алу оңай деп жатады салымшылар. Оқырманға осыны түсіндіріңізші…
– «Отбасы банк» жүзеге асыратын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі азаматтарға қаржысын барынша үнемдеуге көмектеседі. Бұл жүйе ел тұрғындарына жылдық 3,5%-дан (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) 8,5%-ға дейін (ЖТСМ 9%-дан 9,6%-ға дейін) төмен мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте әлеуетті қарыз алушы несие мөлшерлемесін өз жинағының көмегімен өзі реттей алады.
Бүгінгі таңда ипотека бойынша ең тиімді мөлшерлемелер және оны әрбір азамат пайдалана алады. Оның атында баспананың бар-жоғы маңызды емес. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің көмегімен тиімді шарттармен алғашқы пәтерді сатып алуға, тұрғын үй жағдайын кеңейтуге, екінші немесе үшінші баспананы сатып алуға болады. Сондай-ақ жер телімін сатып алып, оған үй салуға да мүмкіндік бар.
«Отбасы банк» беретін ең тиімді несие тұрғын үй несиесі деп аталады. Ондағы мөлшерлеме жылдық 3,5%-дан (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) 5%-ға дейін (ЖТСМ 5,1%-дан 6,9%-ға дейін) құрайды.
Оны алу үшін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің бірқатар шарттарын орындау қажет (бұл шарттар Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы заңда бекітілген):
1. «Отбасы банкте» депозит ашу қажет.
2. Депозитте тұрғын үй құнының 50%-ын жоспарлы түрде жинау керек. Мысалы, егер сатып алынатын жылжымайтын мүлік 20 миллион теңге тұрса, банк салымшысы кемінде 10 миллион теңге жинақтау қажет.
3. Жинақтау мерзімі – кем дегенде үш жыл, бірақ одан да ұзақ жинауға болады. Әдетте, тәжірибе көрсеткендей, «Отбасы банк» салымшылары тұрғын үй несиесін алу үшін орташа есеппен 6 жыл ақша жинайды. Депозитте қаражат жинақталып жатқан уақытта, банк оларға жылдық 2% көлемінде сыйақы есептейді және 200 АЕК-тен (2026 жылы 865000 теңге) аспайтын сомаға 20% көлемінде мемлекеттік сыйлықақы беріледі. Осылайша, 2026 жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы 173000 теңгені құрауы мүмкін.
4. Бағалау көрсеткішінің (БК) 16 мәніне жету. Бұл – өзіндік қаржылық тәртіп коэффициенті. Бұған қол жеткізу үшін ай сайын тұрақты түрде жарна құйып тұру қажет.
Банк неліктен бағалау көрсеткішіне (БК) баса назар аударады? Себебі жинақ ақша – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің негізі. Ал тиімді жинақтау үшін қаржылық тәртіп керек. Дәл осы тәртіпті бақылау үшін бағалау көрсеткіші (БК) енгізілген. Сонымен қатар БК мәні несие бойынша мөлшерлемеге тікелей әсер етеді. Мысалы, егер бағалау көрсеткіші 16-ға тең болса, клиент жылдық 5% мөлшерлемемен 6 жылға дейінгі мерзімге ипотекалық несие ала алады. Ал егер БК 20-ға тең болса, мөлшерлеме 0,2%-ға төмендеп, жылдық 4,8%-ды құрайды, бұл ретте несие мерзімі 7 жылға дейін ұзартылады. Несие бойынша ең төменгі жылдық 3,5% мөлшерлемені бағалау көрсеткіші 48-ге жеткенде алуға болады (бұл, мысалы, депозитті баланың атына ашып, ол кәмелетке толғанға дейін біртіндеп жинаған кезде мүмкін болады). Яғни, БК неғұрлым жоғары болса, несие мөлшерлемесі соғұрлым төмен болады.
БК банк салымшысының жинағына есептейтін сыйақы көлемімен тікелей байланысты. Салымшы өз депозитін неғұрлым жиі әрі көп мөлшерде толықтырып отырса, оның жинағына соғұрлым көп сыйақы есептеледі және БК-де тезірек өседі. Депозитті үлкен сомалармен белсенді түрде толықтыру БК-нің жылдам өсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ БК-нің өсуіне қаражаттың депозитте жату ұзақтығы да әсер етеді. Сыйақы жинақталған ақшаға күн сайын есептеледі, сәйкесінше сыйақының жалпы сомасы да, БК де күн сайын өсіп отырады.
Жылдық 5% мөлшерлемемен тұрғын үй заемын алуға мүмкіндік беретін ең төменгі 16 бағалау көрсеткішіне жету үшін үш жыл бойы ай сайын банктің ұсынған айлық жарнасы көлемінде салымын толықтырып отыру қажет. Депозитке ай сайын салынуы керек сома былай есептеледі: депозит мерзімі 3 жылға толғанда клиент ең төменгі БК 16 мәніне жетіп, тұрғын үй құнының 50%-ын жинақтайды және тиімді мөлшерлемемен несие ала алады.
Жалпы алғанда, депозиттің ең ұзақ қолданылу мерзімі шектелмеген, қажетті 50%-ды жинақтау үшін қанша уақыт керек болса, сонша уақыт бойы ақша жинай беруге болады.
Егер салымшы қажетті 50% бастапқы жарнаны бірден құйса және үш жыл бойы ақша жинағысы келмесе, ол ипотекалық несиені әлдеқайда тезірек, жарты жылдың ішінде ала алады. Бұл жағдайда несие алу мерзімі бағалау көрсеткішіне (БК) де байланысты болады. Аралық заем үшін БК-нің ең төменгі мәні 5-ке тең болуы керек. Бұл көрсеткішке депозитті тұрғын үй құнының 50%-ы көлемінде толықтырған сәттен бастап кемінде 6 ай өткенде қол жеткізуге болады.
Аралық заем бойынша мөлшерлеме жылдық 8,5%-ды (ЖТСМ 9%-дан 9,6%-ға дейін) құрайды. Бұл ретте аталған мөлшерлеме банк қарыз алушыға 100% көлемінде беретін заем сомасына есептеледі. Ал оның енгізген 50% жарнасы депозит мерзімі 3 жылға толғанға дейін шотта тұрады. Тек осы мерзім өткеннен кейін 50% жинақ заемды өтеуге бағытталады, ал несие мөлшерлемесі жылдық 3,5% (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) – 5%-ға (ЖТСМ 5,1%-дан 6,9%-ға дейін) дейін төмендейді. Сондықтан бұл несие «аралық заем» деп аталады, ол клиентке депозит қажетті мерзімге дейін «жетілгенше» аралық уақытта беріледі.
Банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асырады. Ал жүйеде салымшылардың қаражаты кем дегенде үш жыл бойы жүйеде болуы және оған жұмыс істеуі керек деген ереже бар. Бұл талап «Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» заңда жазылған. Осы уақыт ішінде банк басқа азаматтарға тиімді шарттармен баспаналы болуға көмектеседі.
Бағалау көрсеткішінің (БК) өсуін жеделдетудің, яғни тиімді несиені тезірек алудың бірнеше жолы бар:
1. Бастапқы кезеңде мерзімінен бұрын жарна құюға тырысу керек. Егер депозитті тұрғын үй құрылыс жинақ келісімшартында көрсетілген мерзімнен бұрын толықтырып отырсаңыз, БК мәні арта түседі.
2. Депозитті тұрақты түрде толықтыру маңызды! Оны бір айдың ішінде бірнеше рет, қаржылық мүмкіндік туған сайын толықтырып тұруға тырысыңыз, айына бір рет қана толықтырумен шектелмеңіз.
3. Төлемдер төмендеу ретімен есептелгенде жоғары БК мәніне қол жеткізуге болады: яғни жинақтау кезеңінің басында көбірек жарна құйып, кейінгі жылдары азырақ сома салу қажет.
4. Ақша қалдығын дөңгелектеу ұстанымын қолданыңыз. Мысалы, картаңызда 153500 теңге бар делік. Осы соманы 150000 теңгеге дейін дөңгелектеп, 3500 теңгені депозитке бағыттаңыз және мұны тұрақты түрде жасап отырыңыз. Мұндай шағын сомалар қалтаңызға салмақ салмайды, бірақ депозитіңіз үшін өте пайдалы болады. Дәл осындай тәсілді депозиттің өзіне де қолдануға болады. Мысалы, депозитіңіздегі жинақ 1585000 теңге болса, бұл соманы 1600000 теңгеге дейін дөңгелектеу үшін қосымша 15000 теңге салыңыз. Депозиттегі қомақты сома сіздің ынтаңызды арттырып, мақсатыңызға тезірек жетуге көмектеседі.
– Қазір банк қандай бағдарламалар бойынша үй беруде?
– Бүгінгі таңда «Отбасы банк» арқылы тұрғын үйді тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша сатып алуға болады, бұл жүйе әрбір қазақстандыққа бастапқы жарнаны жинақтауға және тиімді мөлшерлемелермен несие алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, азаматтардың әртүрлі санаттары үшін арнайы бағдарламалар жұмыс істейді. Кезекте тұрғандар үшін «2-10-20» және «5-10-20» мемлекеттік бағдарламалары, ал жұмыс істейтін азаматтар үшін «Наурыз» бағдарламасы қарастырылған. Сондай-ақ көптеген облыста жас мамандар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары жүзеге асырылуда, сонымен қатар «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да жұмыс істеп тұр.
– Баспаналы болуды армандап жүрген жас отбасыларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі дәл осы орташа табысы бар адамдар үшін жасалған. Ол депозитте қаражатты біртіндеп жинақтауға, содан кейін тиімді мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік береді.
Мен әрқашан қарапайым ережеден бастауды ұсынамын: депозит ашып, оған ай сайын өзіңізге ыңғайлы соманы салып отыру қажет. Бұл 20, 30 немесе 50 мың теңге бола ма, ол жағы маңызды емес. Ең бастысы, тұрақты түрде ақша жинау әдетін қалыптастыру. Уақыт өте келе жинақталған қаражат адамның игілігіне жұмыс істей бастайды.
Тәжірибе көрсеткендей, бүгінде қоныс тойын тойлап жатқан көптеген қазақстандық дәл осындай шағын депозиттен және тұрақты жинақтардан бастаған. Сондықтан баспанаға қол жеткізуге жасалатын алғашқы қадам – несие алу емес, дәл бүгіннен бастап ақша жинауға шешім қабылдау.
– Салымшылардың ең ұзақ жинақ жинау мерзімі қанша? Ұзақ уақыт ақша жинау қаншалықты тиімді? Инфляция әсер етпей ме?
– Негізі «Отбасы банк» депозитінде жинақтаудың орташа мерзімі 3 жылдан 6 жылға дейінгі уақытты құрайды. Бірақ депозиттің ең ұзақ қолданылу мерзімі шектелмеген, қажетті бастапқы жарнаны жинақтау үшін қанша уақыт керек болса, сонша уақыт бойы ақша жинай беруге болады.
Банк сыйақысы мен мемлекеттік сыйлықақыны есепке алғанда, депозит бойынша ЖТСМ (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі) жылдық 14%-ға дейін жетеді. «Отбасы банкте» мемлекеттік сыйлықақы 200 АЕК-ке дейінгі сомаға 20% көлемінде есептеледі. 2026 жылы 173000 теңге көлеміндегі ең жоғары мемлекеттік сыйлықақыны алу үшін 31 желтоқсанға дейін депозитті 865000 теңге сомасына толықтыру қажет. Осылайша, мемлекет те өз азаматтарына ақша жинауға көмектеседі.
Ең бастысы, жинақты тұрақты түрде жасап отыру. Тіпті ай сайынғы шағын жарналардың өзі бастапқы жарнаны қалыптастыруға, мемлекеттік сыйлықақы алуға және болашақта барынша тиімді несиеге қол жеткізуге септігін тигізеді.
Бүгінгі таңда банкте 4 миллион депозит ашылған. 2026 жылдың басынан бері 563 049 депозит ашылды. Осы уақытқа дейін банк 680 мың несие берді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушы экономикалық белсенді халықтың үлесі 30,9%-ға жетті. Яғни, елімізде жұмыс істейтін әрбір үшінші қазақстандық тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін «Отбасы банкте» қаражат жинап жатыр. Банкте бастапқы жарнасы 10%-дан басталатын бірқатар бағдарлама бар. Сондықтан бастапқы жарнаны жинау – әркімнің қолынан келетін іс.
– Үйі барлар үшін үй алуға қандай жеңілдіктер бар?
– Меншікті баспананың болуы азаматты тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін пайдалану мүмкіндігінен айырмайды. Егер азамат тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келсе, яғни кең пәтер сатып алуды, басқа ауданға немесе қалаға көшуді жоспарласа, ол «Отбасы банкте» депозит ашып, қаражат жинай алады және болашақта тиімді мөлшерлемелермен несиеге қол жеткізе алады.
Бұл ретте кейбір мемлекеттік бағдарламаның тек баспанасы жоқ азаматтарға ғана арналғанын түсіну маңызды. Дегенмен, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің өнімдері салымшылардың кең ауқымына, соның ішінде меншігінде жылжымайтын мүлкі бар және өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін жандарға да тиімді.
– Зейнетақының жеткілікті мөлшерінен асқан қаржыны «Отбасы банкіне» үй алуға алғашқы жарна ретінде аударуға болатыны белгілі. Бұл банк салымшыларын көбейтуге әсер етті ме?
– Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асқан бөлігін пайдалану мүмкіндігі көптеген қазақстандық үшін «Отбасы банкте» депозит ашып, баспанаға бастапқы жарнаны қалыптастыруды бастауға қосымша серпін берді.
Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану механизмі іске қосылған сәттен бастап қазақстандықтар бұл қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға белсенді түрде бағыттап келеді. Салымшылардың бір бөлігі бұл ақшаны баспана сатып алу кезінде толық есеп айырысу үшін пайдаланса, енді бір бөлігі ипотекалық несиені өтеуге немесе бастапқы жарна жинауға жұмсауда.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!