Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 07:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тарихы терең мәдениет мекені

16.07.2022

909 0

Қала іргесінде орналасқан Тасбөгет кенті сонау 1948 жылы алып құрылыстың басталуы негізінде бой көтерген еді. Сырдария өзенінің су тоспасын салу үшін шақырылған мамандар сол аумаққа қоныс теуіп жаңа ауданның негізі қаланған.

Содан бері 70 жылдан астам уақыт өтіп, тарихы терең тамыр жайған кенттің өзіндік мәртебесі, мәдениеті қалыптасқан.

Кент бастапқыда жан-жақтан тартылған құрылысшыларды орналастыру үшін ежелгі Қатынкөл мен Тасарық ауылының орнына салынған. Құрылыстың қарқын алуы, мамандардың күн санап артуы солай жаңа ауданның бой көтеруіне түрткі болды. Су бөгеті тоғыз жыл көлемінде салынды. Оған дейін мұнда құрылысшы отбасының балалары үшін мектеп, сондай-ақ мамандар даярлайтын оқу орны ашылды. Ал су бөгеті 1956 жылы ел игілігіне беріліп, Тасбөгет поселкесі Сырдария ауданының орталығы болды. 

Руханият бастауы

Тасбөгет поселкесі құрылмай тұрып, бұл аумақ Сырдария ауданы болғаны белгілі. Сондықтан мұндағы руханияттың өзегі әрі­ден бастау алған деуге негіз бар. Ауданда 1926 жылдан клуб үйлері қызмет көрсеткен. Уақыт өткен сайын мәдени сала өркен жайып, кітапхана, клуб үйі, қызыл мүйіс деп аталатын мәдени орындар пайда бола бастайды. Көр­кемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейді. Бұл ретте мектеп оқушылары белсенді болып, көркемөнерпаздар ұжымы қалыптасады. Оларды халық ерекше ықыласпен қабылдап, танымалдылық артқан.

Ауданның аталған саладағы дамуы соғыс жылдарынан кейін жанданды. Мәселен, 1945-1955 жылдар аралығында онда 9 ауыл клубы, 14 кітапхана, 1 қызыл отау, 30-дан астам үйірме болған. Осылайша жыл өткен сайын жұртшылық рухани толысып, мәдени сұраныс артты. Әсіресе көркемөнерпаздар жұмысы жетіле түсті. 1955-1965 жылдары ауданда 40 көркемөнерпаздар ұжымы, 1 «халық театры» болды. Театрда О.Әбді­момынов, Ы.Рахманқұлов, Б.Қуанышев, З.Арынова сынды өнерпаздар шынайы өнерімен көпшілікке танылды. Халық арасында таланттардың топ жаруына сол тұста аудандық мәдениет бөлімін басқарған Т.Жұмандықов, Б.Шілманов сынды азаматтар үлес қосты. Ең алғаш  ауданға толық жабдықталған жылжымалы клубты әкелген де солар болатын. Сол тұста клуб сахнасында «Еңлік-Кебек», «Салпекеңнің саудасы», «Беу, қыздар-ай», спектакльдері қойылды.

Кейін Сырдария ауданы мен Тереңөзек кенті біріктіріліп, аудан орталығы Терең­өзек кентіне ауысты. Бұл 1967 жыл­дың шамасы болатын. Мәдениет пен руханияттың өзегі ретінде мәдениет үйі, орталық кітапхана, кинотеатр салынды. 1967-1990 жылдар аралығында ондағы елдімекендерде 16 клуб, 27 кітапхана, 11 жыл­жымалы автоклуб, 1 халық театры, 40 көркемөнерпаздар үйірмесі тұрақты жұмыс істеді. Аудандық кітапханадағы кітап қоры 300984 данаға жетті. Оқырман саны да күн санап артты. Жаңадан мәдениет үйі, 420 орындық клуб бой көтерді. Мұның бәрі халықтың сұранысына сай мәдени-рухани дамуы үшін жасалды.

Осы жылдар ішінде клубтың, мәдениет үйінің қызметін жандандыруда 80-нен аса қызметкер еңбек етті. «Халық театры» атағын қорғау үшін көркемөнерпаздар ұжымы талмай жұмыс жасады. 1975 жылы алғаш рет бұл атақты ауданға қарасты М.Шоқай ауылы қорғады. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда 68 өнерпаз лауреат атанып, ауданның мәдениет саласын бір серпілтті. С.Өтеуов, Қ.Өзденбаева, Қ.Мананбаев республикалық, одақтық фестивальда, айтыс, жыраулық өнер сайыстарында аудан абыройын асқақтатты. Сонымен бірге тәуелсіздік жылдарында С.Жүнісовтың «Сұлутөбем», «Оралшы қайта көктемім», С.Шынтеміровтың «Мұстафа Шоқай», М.Әміреевтің «Сырдария вальсі», Б.Өтепбаевтың «Атамекен ордасы» атты әндері жарыққа шығып, қалың көпшілікке жол тартты.

Тасбөгеттік таланттар

Сыр елі – талай ақын, жырау, әнші, күйші, жазушыларды түлеткен өңір. Солардың біршамасы бұрынғы Сырдария ауданы, қазіргі Тасбөгет кентінің тумалары. Оның ішінде белгілі әдебиетші-ғалым М.Қаратаев, ақын Қ.Баймағамбетов, жырау Р.Мәзқожаев, айтыскер Х.Айжанқызы, М.Қыраубаев, Б.Нұрымбетов, халық әртісі С.Майқанова, Ш.Әбдібаев, О.Әбдімомынов, Ғ.Әбдінабиева, термеші Ә.Еңкебаев, Ұ.Байбосынова кино­режиссер С.Қожықов, драматург ақын И.Оразбаев, М.Әміреев, Ә.Рақымбекұлы, И.Иса, Қ.Есімсейітова, жазушы С.Балғабаев, С.Алдабергенов, Ш.Рахметбеков сынды таланттар ауданның рухани діңгегін нығайтуда зор үлес қосты. 1985 жылы А.Өтеповтың жетекшілігімен «Сырлы саз» ансамблі бүкілодақтық фестивальде лауреат атанды. Үш жылдан соң ансамбльге «Халықтық ансамбль» атағы берілді. Ал жоғары кәсіби шеберлігі үшін А.Өтепов «Ең үздік дирижер» номинациясымен жоғары бағаланды.

Кинотеатр

1967 жылы Сырдария аудандық кино­жүйесі құрылды. Оған Б.Аханов 1971 жылға дейін басшы болса, 1996 жылға дейін бірнеше маман директорлық қыз­мет атқарады. Аудандық кинотеатр мекемесінде 12 киноқондырғы болды. Оның үшеуі жылжымалы киноқондырғы болатын. Жылжымалы қондырғымен ауыл-аймақты аралап, тұрғындардың кино көру мәдениеті осылай қалыптасқан еді. Ал Тасбөгет кентінде 1987 жылы 420 орындық «Сырдария» кинотеатры мен 300 адамға арналған «Мирас» жазғы маусымдық кино­театр пайдалануға берілді. Аталған кинотеатрлардың салынуы сол уақытта мәдениет саласына тың серпіліс әкеліп, жаңаша бағытпен есте қалды.

С.Майқанова атындағы мәдениет үйі

1997 жылдан бастап Тасбөгет қалаға қарасты кент ретінде өз еншісін алды. Бұған дейін кенттегі бой көтерген 220 орындық мәдениет үйі руханияттың негізгі  діңгегіне айналған. 1996 жылы аталған мәдениет үйіне КСРО және ҚазКСР халық әртісі С.Майқанованың атын беру туралы шешім шықты.

Тәуелсіздік жылдары Тасбөгет кенті мәдени тұрғыда өз алдына бөлек дами бас­тады. Мәдениет ошағымен бірге «Мереке» вокалды-аспапты, «Бастаңғы» әжелер ансамблі дүниеге келді.  Сонымен қатар «Мереке-думан» әзіл-сықақ театры жұмыс істеді. Аталған ойын-сауық отауы облысқа танымал ұжым болғанын айта кеткен жөн.

Сахна шеберінің атына берілген бұл мекеме бүгінде кенттің негізгі руханият ошағына айналған. Бабалар мұрасын насихаттап, өскелең ұрпаққа дәріптеуде бұл мәдениет ошағының орны айрықша. Елге 30 жылдан аса уақыт қызмет көрсетіп отырған мекеменің тіршілігі бір сәтке де тоқтаған емес. Мұнда кент жастары мен оқушыларына арналған түрлі үйірмелер, кітапхана, сондай-ақ «Бастаңғы» әжелер ансамблі бар.

Қазір мұндағы 8 үйірмеге 111 адам қатысады. Олардың барлығы дерлік өз талантын баптап, бәйгеде оза шапқан дарын­дар. Атап айтсақ, республикалық «Әдемі-ау», «Әрқашан күн сөнбесін» байқауында «Дарын» үйірмесінің оқушылары А.Мұсаева, Ж.Қалмағанбет, Е.Сармырзаев, Д.Ахылбек, А.Тілепбай, С.Құрал, Д.Кәрім жүлделі орын иемденген. Одан бөлек Түркия елінде өткен халықаралық балалар ойындары мен билері фестивалінде көркемсөз оқудан «Шабыт» үйірмесінің қатысушысы Ержігіт Сармырзаев І-орынды иеленіп, Батуми қаласында өтетін «Золотая волна» халықаралық конкурсына жолдама алған. Бұдан өзге де облыстық республикалық түрлі бағыттағы байқауларда үйірме қатысушылары шашасына шаң жұқтырмай тек жүлделі орындардан бой көрсетіп жүр. Мұның барлығы мәдениет үйінде еңбек ететін қызметкерлердің ерен еңбегінің жемісі.

Кенттің тыныс-тіршілігімен бірге мәдениет үйінің де жұмысы біте қайнасқан. Қай кезде болсын тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда түрлі шараларға мұрындық болған руханият ошағы жаз айында да оқушылардың уақытын тиімді өткізуіне үлес қосуда. Кеш­кілік уақыт кенттің орталық алаңында «Талант тұнған Тасбөгет» атты концерттік бағдарламасын ұсынады. Онда үйірме өнерпаздары көпшілікке өнер көрсетеді.

Бүгінде Толқын Болатқызы басшылық жасайтын мәдениет мекемесінде 23 қыз­меткер еңбек етуде.

«Мереке»

вокалды-аспапты ансамблі

Іргесі кенттегі мәдениет үйімен қатар қаланған бұл ансамбль уақытында көп көңі­лінен шығып, кең танымалдылыққа ие болған еді. Дәуірінде дүбірлеген ансамбльдің көркемдік жетекшісі өңірге белгілі сазгер С.Ұлықпан болды. «Мереке» вокалды-ас­папты ансамблі десе елең етер көрермен әлі де бар. Осыдан үш жыл бұрын ансамбль өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Жастық шағының куәсіндей болған ансамбль орындаушыларының айтқан әндері ел жадында жақсы сақталған. Иә, бұл ансамбльдің Тасбөгеттің мәдени тарихында ойып алар орны бар.

«Бастаңғы» әжелер ансамблі

Өнегелі өнерді бойға сіңіріп, отбасы мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүрген бұл әжелер ансамблінің тарихы 1989 жылдан бастау алады. Жаңа мәдениет үйі ашылғанда оған дем беріп, жаңаша бағытта қадам басқан ансамбльдің негізгі мақсаты – отбасы құндылығын дәріптеу. Ата-баба дәстүрін келер ұрпаққа жеткізіп, бойына сіңіру. Бұл тұрғыда «Бастаңғы» әжелер тобының атқарған жұмысын жоғары бағалауға болады. Қала бойынша белсенді, қайсыбір шара болсын оқ бойы оза шығып, өнегелі ісімен ел құрметіне бөленген. Отыз жылдық орны бар ансамбльдің құрамы қанша өзгерсе де, сегіз қырлы бір сырлы жандармен қайта толықты.

Ондағы әжелердің бірі қолөнерші, бірі ақын, бірі кәсіпкер. Иә, ансамбль құрамында 11 батыр ананың ең жасы алпыстан асса, үлкені сексеннің сеңгірінде. Көрермен көзайымына айналған олардың репертуары халық әндерінен құралған. Тіпті халық әнінің ескі нұсқалары да бар. Әнді нақышына келтіре орындап, өнерлерін көпшілікке паш етіп жүрген өнер ұжымы түрлі байқаулардың жүлдегері. Өңірде ауыл-аймақты аралап, гастрольдік сапарға шығатын, мәдениет үйімен бірге бүгінгі күнге дейін біте қайнасып келе жатқан бірден-бір ұжым ретінде «Бастаңғы» әжелер ансамблін айтуға болады.

«Сырдария» газеті

Бұл газеттің шығу тарихына үңілсек, 1938 жылы Қызылорда облысының құ­рылуы негізінде Сыр бойынан шығатын «Ленин туы» газетінің атауы «Ленин жолы» болып өзгертіліп, ескі атау жаңадан ұйымдастырылған Сырдария ауданынан шығатын газетке берілген екен.  Осылайша Сырдария аудандық «Ленин туы» газеті 1938 жылдың мамыр айында алғашқы нөмірін жарыққа шығарады. Бұдан кейін газет атауы «Коммунизм таңы» деп өзгертіліп, кейін Сырдария мен Тереңөзек ауданы бірігуіне байланысты «Сырдария» атауымен Тереңөзек кентінен басып шығарылған. Алайда арада 4 жыл өткен соң бұрынғы екі аудан қайта бөлініп, «Сырдария» газеті сол тұстағы аудан орталығы Тасбөгет кентінен шыға бастайды. Бұл 1967 жылдың шілде айы болатын. Сол кезден бастап, аудандық «Сырдария» газеті аудан орталығы Тасбөгеттен шыға бастайды. Алғашқы санда облыстық баспасөз басқармасының, «Ленин жолы» газеті ұжы­мының т.б құттықтаулар жарияланған.

Сол тұста газет редакторлығына С.Есма­ханов тағайындалған. Алғашқыда маман тапшылығы, баспахананың болмауы газет шығаруға қиындық тудырған. Оқырман тар­ту, газет тарату ісінде де біршама мәселе туындаған. Десе де облыстық баспаханадан басып шығару үшін күн-түн демей еңбек еткен қызметкерлердің еңбегі ерекше аталады. Әуелгі кездегі бұл қиындықтар артта қалып, газет шығару ісі бірте-бірте қалыпқа келе бастайды.

Бастапқы уақытта газеттегі мақалалар мал­шылардың, егіншілердің жұмысындағы кемшіліктер туралы кеңінен қозғайтын «Халықтық бақылау» беті, сонымен бірге «Тәрбие», «Пайдалы кеңес» айдарымен оқырманға жол тартқан. Тіпті еңбекші жас­тардың үйлену тойынан арнайы репортаж берілетін «Баянды бақыт, жас отау» айдары да тұрақты жүргізіліпті. Жыл көлемінде осы бағытта қалам тербеген газет ұжымы, 1968 жылдан бастап автор тартып, ауыл тілшілерін жасақтаған. Осылайша еңбекшілерді наси­хаттаған аудандық басылым жұмысы өзіндік қиындығымен қатар қызықты, жемісті де, жеңісті нәтиже көрсетті.

Аудандық газетті әр жылда түрлі тақы­рыпты қамтып, сол тұстағы қоғамның өзекті мәселесін көтере білді. Еңбекшілердің арыз-шағымын тыңдап, оның шешім табуына ықпал етті. Әр тұста басшылық жасаған редакторлар газетке жаңа леп беріп, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 1988 жылы газеттің 50 жылдығы тойланып, алғашқыда 70 данамен шыққан басылымның тиражы 4500-ге жеткені айтылады. Бұдан соң ауданның қоғамдық-саяси, экономикалық, мәдени өмірінен ақпарат берген газет 1997 жылға дейін 9 жыл жарыққа шықты. Сол жылы Сырдария ауданының таратылуына байланысты «Сырдария» аудандық газеті жұмысын тоқтатты.

Р.S: Тарихы тереңге тартқан Тасбөгеттің руханият жолы осындай. Біз енді Қызылорда қаласына қарасты әрбір елді мекеннің руханият жолын зерделейтін боламыз. Мәдениеттің негізі ауылда дейтін болсақ, онда біздің тілшілер қалың оқырманды ауыл мәдениетінен хабардар етеді.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: