Сенбі, 18 сәуiр, 01:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№28 (2240)
18.04.2026
PDF мұрағаты

Спортпен шұғылданатындар саны артып келеді

18.04.2026

34 0

Елімізде бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүйелі жұмыс бар. Тұрғындардың  спортпен шұғылдануы үшін ең алдымен жағдай жасалу керек екені белгілі. Бұл талапты ескерсек, кейінгі жылдары елімізде бұқаралық спортты дамыту назардан тыс қалған емес. Нәтижесі де жаман емес. Мәселен, Қызылорда қаласында спортпен шұғылданушылар саны 2022 жылы 127838 адам, яғни 36,6%-ды құраса, 2023 жылы 141161 адамға жетіп, 39,5%-ды құрады, 2024 жылы 155755 адамға жетіп, 43,1%-ға орындалды. 2025 жылы 163654 адамға жетіп, 44,7% болды. 2026 жылға бұл көрсеткіш  45,1%-ға жетеді деп жоспарланған.

Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Қызылорда қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі қалалық білім бөлімімен бірге жыл көлемінде мектеп оқушылары арасында эстафеталық, ұлттық ойын түрлерінен жарыс өткізу үшін іс-шара жоспары бекітіліп, ұйымдастырылуда.

Халықтың әлеуметтік әлсіз тобы қатарындағы қала тұрғындарын қолдау үшін ай сайын аз қамтылған, көпбалалы отбасындағы балаларға, қала жастарын спорт инфрақұрылымымен қамту мақсатында қаражат бөлініп, «Евразия» спорт кешені «Мұз айдыны»  және Тарлан спорт кешеніне барлығы 24000 жолдама берілген.

Өткен жылы қалада 230 спорттық іс-шараға 33000 адам қатысып, оның ішінде 20 республикалық және облыстық деңгейдегі жарысқа 4000 спортшы  қатысса, 2 оқу-жаттығу жиыны өткізіліп, оған 48 адам қатысқан.

Қызылорда қаласының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөліміне қарасты Қажымұқан Мұңайтпас­ұлы атындағы спорт клубында спорттың 13  түрінен (еркін күрес, дзюдо, таэквондо, грэпплинг (UWW),  қоян-қолтық ұрыс, каратэ-до, бокс, қазақ күресі, президенттік көпсайыс, футбол, футзал, пара пауэрлифтинг, тоғызқұмалақ ) үйірме бар.

Бүгінде спорт клубының жеткен жетістігі аз емес. Жыл басынан бері спорт клубының спортшылары Қазақстан Рес­публикасы чемпионаты, Әлем чемпионаттары және іріктеу кезендері бойынша: Президент­тік көпсайыс, пара пауэрлифтинг, қоян-қолтық ұрыс, грэп­плинг спорт түр­­лерінен жүлделі І, ІІ, ІІІ орын иеленген. Жыл бойы спорт клубында түрлі спорттық іс-шаралар өтуде. Атап айтқанда, халық балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған қазақ күресінен 2004-2006 жылы туған жастар арасында республикалық турнир өтіп, 200 спортшы қатысқан. Ы. Алтынсарин атындағы жүлде үшін «Бәрің де жарысқа» атты ұранымен мектеп оқушылары арасындағы қалалық дәстүрлі жарыс (1-11 сынып) өтіп, 1300-ге жуық спортшы қатысты.15-16 жас жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында республикалық веложарыс ұйымдастырылып, оған 400-ге жуық спортшы қатысқан.

Өткен жылы Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай «Qyzylorda-OPEN» шахматтан республикалық турнир өтті. Жарысқа аудан, қала, өзге де облыстардан жалпы білім беретін мектептер мен оқу орталықтарынан 200-ден  аса оқушы қатысқан. Бұл сайыс жасөспірімдер арасында спортқа деген қызығушылықты арттырып, болашақ чемпиондардың қалыптасуына серпін берді десек артық айтқандық емес. Сонымен қатар  баскетболдан республикалық турнир, тоғызқұмалақтан қалалық ашық біріншілік, футзалдан Қазақстан Республикасы Бірінші лига чемпионаты өз дәрежесінде өтті. Қала халқын бұқаралық спортқа тарту мақсатында тұрғындар арасында қол күрес, гір тасын көтеру, асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, қой көтеруден сайыс ұйымдастырылып, көпшілікті бір серпілтіп тастады. «Чемпионмен бірге жүгір» атты жүгіру марафоны да көпшілік көңілінен шыққан спорттық іс шараның бірі. Өткен жылдың күзінде қаладағы Эдельвейс жағажайынан бастау алып, Болашақ университеті ғимаратына дейінгі аралықта жүгіру марафоны ұйымдастырылып, марафонды бокстан Əлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен қола жүлдегер Тұрсынбай Құлахмет бастап, тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын оятты. Марафонға 100-ге жуық тұрғын қатысып, 5 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Биыл да халықты бұқаралық спортпен айналысуға қолдау білдіру мақсатында бөлім тарапынан жүйелі жұмыс жоспары жасалған. Атап айтқанда, дене шынықтыру мекемелері, спорт мектептері және спорт клубтарымен бірлесіп, 235 спорттық іс-шара өткізу жоспарлануда. Айта кетелік, қала және қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтерде барлығы 824 спорттық нысан бар. Жыл басталғалы бері қала спортында жетістіктер аз емес. Бұл спортқа ден қойған жүйелі жұмыстың нәтижесі екені даусыз. Биылға жоспарланған ауқымды спорттық іс-шаралар да аз емес. Атап айтқанда, республикалық веложарыс, шахматтан руспубликалық турнир, «Бала барыс-2026» қалалық ашық біріншілігі, волейболдан қала әкімінің кубогі секілді спорттық іс-шаралар өткізу биылғы жыл еншісінде.

Гүлмира Мағлұмқызы

Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының жыл басынан бері жеткен жетістіктері:

* Қарағанды қаласында 2-6 сәуір күндері өткен ҚР чемпионатында Қызылорда қаласының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөліміне қарасты Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының спортшысы Бекарыс Нұржаубайұлы (57 кг) ІІ орын орын иеленді.

* Астана қаласында 4-7 сәуір күні өткен Қазақстан кубогы үшін Бердігүл Бақдәулет (38 кг) салмақта Грепплинг Ноу-ги бойынша ІІ орын, Грепплинг Ги-ден ІІІ орын орын иеленді.

* Сәуір айының 8-12 аралығында өткен панкратионнан Қазақстан Республикасының чемпионатында (57 кг) салмақта Бекарыс Нұржаубайұлы І орын иеленді.

* Сәуір айының 8-12 аралығында панкратионнан өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Алтай Ғалымжан (46 кг) І орын иеленді.

* Таиланд елінің Бангкок қаласында 2026 жылдың сәуір айының 7-14 аралығында өткен пара пауэрлифтингтен Азия-Мұхит аймағы чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, жарыста (67 кг) Дильназ Айтжан ІІ орын, жалпы ұпай бойынша І орын иеленді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: