Сенбі, 18 сәуiр, 01:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№28 (2240)
18.04.2026
PDF мұрағаты

Ерлікті дәріптеген ұрпақ

18.04.2026

37 0

Көрмесем де соғыстың алапат сол құйынын,

Жақсы білем мен оның сұрапылын, қиынын.

Өйткені мен сол жылғы аналардың жырымын,

Аман қайтқан сойқаннан майдангердің ұлымын.

Майдангердің ұлымын, куә болған талайға,

Қатысым бар желбіреп тұрған анау жалауда.

Бауырластар зираты – қаруласы әкемнің,

Басымды ием тік тұрып мәңгі өшпейтін алауға, – деген өлең жолдары 81 жыл бұрынғы ерлікті ұлық­таған  жеңіс салтанатын  еске салады.

«Менің атам – майдангер» тақырыбындағы  батырлар  ерлігін  паш еткен байқау облыстық арда­герлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Сыр жұл­дыздары» шығармашылық-инновациялық акаде­миясының мәжіліс залында  өтті. Мектеп оқушылары арасында өткен   облыстық байқаудың  мақсаты –майдангерлердің  ерлігін насихаттау арқылы   рухани құндылықты дәріптеу.

Байқаудың басталар сәтінде облыстық ардагер­лер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев жеңіс мерекесі­нің құндылығына, батырлар ерлігінің тарихына тоқталып, байқауға қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.

Байқауға қала, аудандардан 20 үміткер қатысып, өз өнерін ортаға салды. Екі кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар «Менің атам – майдангер» тақырыбында эссе жазса,  екінші кезеңде «Есімдерін ұлықтап жыр жазамыз» атты мүшәйрада майдангерлерге арнау оқыды.

Жарыс қорытындысымен «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан Сырдария ауданы И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей оқушысы Нұрмат Нұржанұлы І орынды, Арал ауданы №292 мектеп-лицей оқушысы Ақұлман Серікова ІІ орынды иеленсе, ІІІ орынға Жалағаш ауданы Ә.Оңалбаев атындағы №17 орта мектеп оқушысы Қарақат Ғани мен Шиелі ауданы №214 орта мектеп оқушысы Нұрбибі Сәбитова лайық деп танылды. Жеңім­паздар облыстық ардагерлер кеңесінің арнайы дип­ломымен және бағалы сыйлықпен марапатталса, барлық қатысушыларға Алғыс хат пен ынталандыру сыйлығы табысталды.

                                            Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: