Қала әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бидаш Молдахметұлы брифинг берді. Ол Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы мен алдын алу шаралары туралы жан-жақты баяндады.
Қызылорда аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қолайсыз өңірлер қатарына жатады. Осыған байланысты қалада жыл сайын эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
– 2025 жылы Қызылорда қаласында конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының 1 жағдайы тіркелген. Ауру шілде айында анықталып, клиникалық және зертханалық тұрғыда толық расталған. Науқас – ересек адам. Эпидемиологиялық тексеру барысында оның Шиелі ауданында мал бағуға көмектескені анықталған. Ауру ошағында барлық қажетті эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп, қорытынды дезинфекция жұмыстары атқарылды. Науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында арнайы ем қабылдап, сауығып шықты, – деді Бидаш Бейбіт.
Сонымен қоса науқаспен байланыста болған 8 адам анықталып, олардың ішінде 1 адам жоғары қауіпті топқа жатқызылған. Ол толық зертханалық тексеруден өтіп, «Рибаверин» препаратымен профилактикалық ем қабылдады. Зерттеулер нәтижесінде ауру ошағынан вирус тасымалдаушы кене анықталған жоқ. Кене шаққан адамдарға 14 күн бойы медициналық бақылау жүргізілді. Жалпы, өткен жылы қала бойынша 729 кене шағу жағдайы тіркелген.
2026 жылдың эпидемиологиялық маусымы басталғалы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы күдігі бойынша 2 жағдай тіркелген. Олар – Шиелі ауданы Майлытоғай ауылының тұрғындары. Биыл Қызылорда қаласы бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы тіркелу қаупі жоғары 4 қолайсыз аймақ анықталған. Қорқыт ата көшесі, «Бәйтерек», «Әл-Фараби» шағын аудандары, «Эдельвейс» және «Сабалақ» саяжайлары, сондай-ақ Көкжиде және Талсуат елді мекендеріне кенеге қарсы өңдеу жүргізу жоспарланды. Кезекті эпидемиялық маусымда аурудың алдын алу мақсатында қала әкімінің қаулысымен бекітіліп арнайы іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Көктемгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын бірінші кезеңі 8-12 сәуір аралығында жүргізілсе, келесі кезеңі 17-21 сәуір аралығы кенеге қарсы тәуекелі жоғары аумақтарда бақылау жүргізіледі. Жұмыстың тиімділігі мен сапасын бақылау 19-28 сәуір аралығында өтеді. Мамандардың айтуынша, кенеге қарсы өңдеудің тиімділігі кемінде 95 пайыз болуы тиіс.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – кене арқылы жұғатын қауіпті вирустық инфекция. Бұл ауру малдың қаны немесе тінімен байланысқанда, адамнан адамға қан арқылы да жұғуы ықтимал. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының бастапқы кезеңіндегі белгілерін ықтимал анықтау үшін аумақтық медициналық ұйымда кене шаққаннан кейін 14 күн бойы бақыланады. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Алиева дене қызуының күрт көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, бұлшықет, буын ауруы сияқты алғашқы белгілері байқалса дәрігерге қаралу қажет екенін ескертеді. Сонымен бірге ол табиғатта, мал жанында жүргенде жабық, ұзын жең, ашық түсті киім кию, кене жабысса, өз бетімен жұлмай, медицина қызметкеріне қаралу, малды уақытылы кенеге қарсы өңдеу, қолды жиі жуу, жеке қорғаныс шараларын сақтау қажет екендігін ескертті.
– Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалы және «Ala comfort» ЖШС мекемелерімен бірлесіп жүргізілуде. Талсуат, Көкжиде елді мекендерінде 95 гектар аумақта санитариялық-қорғаныш белдеулерінде арнайы ОШУ-100 және ыстық тұман генераторлары арқылы өңдеу жұмыстары жүргізілді. Залалсыздандыру барысында «Фипрон 0,2%» ұнтағы және «Фаворит» сұйық препараты қолданылды, – деді «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Фарида Ыдырысқызы.
Сонымен қатар ауылдық округ әкімдеріне елді мекендердегі мал қораларды, аула аумақтарын тазалау, қоқыс пен қи қалдықтарын жою, малды кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын күшейту бойынша арнайы тапсырмалар берілді. Қала бойынша 9 тоғыту ваннасымен қамтамасыз ету үшін ауылдық округ және кент әкімдеріне ұсыныс берілген.
Жыл басынан бері қала аумағында 1860 кене жиналып, зертханалық тексеруден өткізілді. Оның ішінде: 1020 кене – табиғаттан, 240 кене – ауылшаруашылық малынан, 600 кене елді мекендерден алынған. Зерттеу нәтижелері бойынша кенелерден қауіпті вирус анықталған жоқ. Барлық кене «Dermocenter niveus» түріне жататыны белгілі болды.
Сонымен қатар 4846 медицина қызметкерлері қызмет бабында аурудан сақтану үшін Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиясы, клиникалық белгілері, зертханалық диагностикасы, емдеу, алдын алу шаралары, науқастарға көмек көрсету кезіндегі әдістер түсіндіріліп, семинар-тренингтер өтті.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында халық арасында да кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Түрлі акциялар өткізіліп, әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға ерекше назар аударылуда. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да ақпараттандыру тұрақты жүргізіліп келеді.
Қызылорда қаласында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытында барлық тиісті мекемелердің қатысуымен кешенді жұмыстар атқарылуда. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда, ал жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары аурудың таралуына жол бермеуге бағытталған. Мамандар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, әсіресе кене шағудан қорғануға шақырады.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!