Қала тұрғындары үшін осыдан үш-төрт жыл бұрын балалар ойнайтын орын үлкен мәселе еді. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үй тұрғындары үшін қиынның қиыны еді. Балалар үйге сыймайды, есік алдында ойын алаңы барларға жұрт қызыға қарайтын. Кейінгі екі жылда көпшілікті алаңдатқан осы мәселе шешімін тапты. Нәтижесінде қалада ойын және спорт алаңдары көбейді.
Балалар игілігі үшін
Қала әкімі Нұржан Ахатов қалада салынып жатқан ойын алаңдарын аралап көрді. Қала әкімі бастаған топ Қазыбек би көшесіндегі үй ауласындағы ойын алаңына барды. Мұнда балаларға арналған заманауи сырғанақтар мен әткеншектердің айналасына қауіпсіздік төсеніштері төселген. Футбол ойын алаңы мен жаттығуға арналған құралдар орнатылған.
– 2025 жылы қала аумағында 20 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына күрделі жөндеу жүргізілді. Футбол алаңы, балаларға арналған ойын алаңы, спорттық жаттығуға арналған құралдар орнатылды. Ойын алаңдары үшін қажетті құрал-жабдықтарды Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен әкелдік. Жалпы, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастама тұрғындардың көңілінен шығуда, – деді «RS – ЖОЛ СЕРВИС» ЖШС директоры Руслан Ысматуллаев.
Жаңарған аулалардың басты ерекшелігі – қауіпсіздік пен қолайлылық. Ойын және спорт құралдары заманауи талаптарға сай орнатылған. Ең бастысы, бұл өзгерістерге балалар дән риза.
– Бұрын бізде мұндай алаң болмаған. Қазір достарыммен күнде келіп, футбол ойнаймыз, әткеншек тебеміз. Маған сырғанақ ұнайды. «Құс ұясы» деп аталатын әткеншек ерекше, – дейді 9 жасар Абдуллах Бақытжан.
29 тұрғын үй аулалары абаттандырылады
Өткен жылы аймақ басшысының қолдауымен бөлінген 1,3 млрд теңгеге көпқабатты 20 тұрғын үйдің ауласына заманауи алаңдар жасалып, аумағы абаттандырылған. Әсіресе, жоба шет аймақтарда жүзеге асты. Бұл бағыттағы жұмыстарға биыл да екі есе қаржы бөлініп, балалардың ойын және спорт алаңдарын салуды көбейту жоспарланған. Яғни, 1,9 млрд теңгеге 29 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылады. Соның бірі – «Астана» шағын ауданында салынуда.
Қала әкімі Нұржан Ахатов мердігер мекеме басшыларына жұмысты сапалы және мерзімінде атқаруды тапсырды.
– Аймақ басшысы тұрғындардың талап-тілегін ескерусіз қалдырмай, қолдау білдіріп келеді. Жаңа ойын және спорт алаңдарын салу да соның дәлелі. Мердігер мекемелер жауапкершілікті сезініп, құрылыс сапасына ерекше мән беруі қажет. Бұл алаңдар ұзақ жылға қызмет етуі тиіс. Ойын алаңдарының сапалы болуы маңызды, – деді қала әкімі.
Қала тұрғындары да ойын алаңдарының салынып жатқанына дән риза.
– Балаларды ойнату мәселе еді. Қазір өз ауламызда әдемі, қауіпсіз алаң салынуда. Бұл тұрғындар үшін ыңғайлы. Кішкентайлар үшін игілікті іс жасалып жатқанына қуанамыз, – дейді Астана шағын ауданының тұрғыны Жайна Пазылова.
Сонымен қатар «РеалСтройСнаб» ЖШС-нің демеушілігімен 20 тұрғын үй ауласындағы ойын және спорт алаңдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Барды бүлдірмей ұстасақ…
Балаларға арналған заманауи ойын алаңдарының салынуы қаланың көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындардың дұрыс демалуына жағдай жасайды. Қала тұрғыны Марина Сапарбекова ойын және спорт алаңдарының салынғанына қуанып жүргенін жасырмады.
– Қаламыз күн өткен сайын көркейіп келеді. Қала орталығынан балаларға ойын және спорт алаңы салынып, аула көркін аша түсті. Мұның барлығы тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Алдағы уақытта оларға өз дүниемізге қарағандай қарасақ, көпке жарары анық, – дейді қала тұрғыны.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!