Қызылорда қаласында бой көтерген жаңа жылу-электр орталығы тәулік бойы энергия өндіру режиміне көшті. Бұл жоба оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен іске қосылды. Қазіргі таңда қуаттылығы 240 мегаватт электр энергиясын және 277 гигакалория жылу өндіруге мүмкіндігі бар заманауи станцияда іске қосу-реттеу жұмыстарының белсенді кезеңі жалғасуда. Жоба Түркияның «Aksa Energy» компаниясының тікелей инвестициясы есебінен жүзеге асырылып отыр. Құны 215 млрд теңге болатын станция толық цифрлық басқару жүйесімен жабдықталған. Жоба аясында АҚШ, Италия, Чехия және Түркияның озық цифрлық және автоматтандырылған технологиялары енгізіліп, өндірістік процестер толық цифрлық бақылауға алынған. Бұл өндіріс процесін автоматтандыруға, энергия тиімділігін арттыруға және қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Ескі жылу электр орталығынан артықшылықтарын атап айтсақ, газ тұтыну көрсеткіші 50 пайызға үнемді, станция 20 минут ішінде 50 мегаваттан 240 мегаватқа дейін жүктеме өзгерістеріне тез бейімделіп, қуатты жылдам арттырып немесе азайта алады. Бұл жалпы оңтүстік өңірлердің энергетика жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін қажет. Ескі жылу электр орталығының ең жоғарғы желілік температурасы тек 950оС болса, жаңа станцияда 1300оС дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар, су қыздыру қазандықтарының пайдалы әсер коэффициенті (КПД) 30 пайызға жоғары, себебі жылу жоғалтуы аз.
Қазіргі таңда станциядағы екі газ турбиналы қондырғы үздіксіз жұмыс істеп, бірыңғай энергия жүйесіне 170 мегаватт электр қуатын беруде. Бұл оңтүстік өңірдегі энергия тапшылығын азайтуға айтарлықтай үлес қосып отыр. Алдағы уақытта қуаты 95 мегаватт болатын тағы бір қондырғыны іске қосу жоспарланған. Бұл нысанды толық жобалық қуатына жеткізуге мүмкіндік береді. Жоба толық іске қосылған жағдайда Қызылорда облысы электр энергиясымен толық қамтылып қана қоймай, өзге өңірлерге де электр қуатын экспорттауға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде аймақта өндіріс орындарын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік.
Бұл жоба – еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Биыл республика бойынша дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері арқылы жалпы қуаты 2,64 гегаватт болатын нысандарды пайдалануға беру көзделген. Жылдық жоспар аясында төрт бу-газ қондырғысын, екі жел электр станциясын және төрт күн электр станциясын іске қосу, сондай-ақ екі энергетикалық нысанның қуатын кеңейту қарастырылған. Жаңа энергия нысандары жылына шамамен 16 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Бұл шаралар 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай елдегі энергия тапшылығын толық жоюға, ал 2029 жылға қарай қуаттардың тұрақты профицитін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сыр өңіріндегі жаңа газ электр станциясының іске қосылуы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам болып отыр.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!