Қоғамның дамуы мен мемлекеттің тұрақтылығы ең алдымен оның негізгі заңы – Конституциясына байланысты. Конституция – елдің саяси, құқықтық және әлеуметтік өмірінің іргетасы. 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қазақстандықтар жаңа Конституцияны қолдады (87,15% қолдаумен, 73,12% қатысуымен). Бұл өзгеріс 1995 жылғы Конституцияның шамамен 80-84%-ын қайта жазды және елдің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртты. Жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Жаңа Конституция – бұл тек құқықтық құжат емес, ол халықтың ерік-жігерінің көрінісі. Басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын одан әрі күшейту, мемлекеттік биліктің тиімділігі мен ашықтығын арттыру, әділетті қоғам қалыптастыру және «Әділетті Қазақстан» идеясын құқықтық тұрғыдан бекіту.
Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік және саяси жүйенің жаңаруы, 2026 жылғы реформа биліктің теңгерімін өзгертудің маңызды қадамы болды:
– Екі палаталы Парламент (Сенат + Мәжіліс) бір палаталы Құрылтайға ауыстырылды. Бұл парламенттік құрылымды жеңілдетіп, шешім қабылдау процесін жылдамдатуды көздейді;
– Вице-Президент лауазымы қайта енгізілді. Вице-Президент институтының енгізілуі – жоғары мемлекеттік билік жүйесін институционалдық тұрғыдан нығайтатын маңызды жаңалық. Вице-Президентті Президенттің ұсынуы және Құрылтайдың келісімі негізінде тағайындау тәртібі президенттік бастама мен өкілді органның қатысуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Вице-Президентке Президентке қойылатын талаптарға ұқсас шектеулердің белгіленуі (мысалы, депутаттық мандатпен қатар атқаруға тыйым салу және т.б.) оның саяси бейтараптығын сақтауға және қызметінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған;
– Президенттің кейбір жоғары лауазымдарға (Конституциялық Сот төрағасы, Жоғарғы Сот төрағасы, Орталық сайлау комиссиясы, Ұлттық банк, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі және т.б.) тағайындау өкілеттіктері күшейтілді. Парламенттің кейбір тағайындаулардағы рөлі азайды.
Сонымен қатар жаңа Конституцияның екінші бөлімі «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» алғаш рет әрбір адам үшін құқықтық мүмкіндіктер мен құқықтық шектеулерді нақты айқындайды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мемлекеттің құқықтық жүйесінің тиімділігін сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Олар: Адам құқықтары, цифрлық құқықтар және экологиялық құқықтар деп кеңейтілді. Атап айтар болсақ, қазіргі жағдайда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адамның жеке өміріне қол сұғу қаупін арттырды. Дербес деректердің заңсыз жинауы, өңделуі және таратылуы жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарына елеулі қауіп төндіреді. Осыған байланысты мемлекеттер конституциялық деңгейде цифрлық құқықтарды қорғаудың жаңа тетіктерін енгізуде.
Ең бастысы, алғаш рет Преамбулада табиғатқа ұқыпты қарау қажеттігі көрсетілген. Бұл – адамның өмір сүруге және денсаулыққа қолайлы қоршаған ортаға құқығы, сондай-ақ табиғатты сақтау және табиғи байлықтарға ұқыпты қарау міндеті ерекше маңызға ие. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында мемлекеттің мақсаты мен азаматтардың міндетін бір бапта шоғырландыру – ғылыми және құқықтық тұрғыдан негізделген шешім. Жаңа Конституция конституциялық ережелерді жүйелейді және азаматтардың табиғатты сақтау мен табиғи байлықтарға ұқыпты қарау жөніндегі дербес міндетін негіздейді. Бұл экологиялық жауапкершілікке қатысты заманауи көзқарасты көрсетіп, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылын күшейтеді.
– Кінәсіздік презумпциясы мен үнсіз қалу құқығы конституциялық деңгейге көтерілді;
Бұл нормалар әрбір адамды әділетсіз қудалаудан қорғауға бағытталған. Адам кінәсі сотта дәлелденгенге дейін кінәсіз деп танылады. Яғни ол өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес – бұл айыптау тарапының міндеті. Соттың заңды күшіне енген шешімінсіз ешкімді қылмыскер деп атауға болмайды. Осылайша, бұл нормалар адамды негізсіз айыптаудан, қысым көрсетуден және қайта жазалаудан қорғайды.
– Адвокатура конституциялық мәртебе алды, қорғаушы мен айыптаушы тараптардың мәртебесі теңестірілді;
Адвокатура институтын конституциялық деңгейде бекіту құқықтың үстемдігі қағидасының элементі ретінде сот қорғауына және білікті заң көмегіне құқықтық кепілдіктерін күшейтуге бағытталған. Бұл норма адвокатураға сот төрелігі саласындағы мемлекет пен жеке тұлға арасындағы тепе теңдікті қамтамасыз ететін дербес жария құқықтық институт мәртебесін береді. Конституциялық бекіту заңға тәуелді реттеу деңгейінде адвокаттық қызметтің тәуелсіздігін ерікті түрде шектеу мүмкіндігін болдырмайды және адам құқықтарын қорғаудың институционалдық кепілдіктерін күшейтеді.
– Неке ер мен әйелдің одағы ретінде конституциялық деңгейде бекітілді. Яғни, неке ерікті және тең құқықты одақ екені ерекше атап көрсетіледі. Бұл ер мен әйелдің отбасындағы теңдігін бекітеді және некеге мәжбүрлеуге тыйым салады. Осылайша, тіркелмеген немесе бейресми одақтар құқықтық институт ретінде қарастырылмайды.
– Дін мемлекеттен бөлек екені нақтыланды. Бұл – діннің мемлекеттен бөлінгені нақты түрде бекітілгендігі және Қазақстан аумағында діни бірлестіктердің қызметі тек заң талаптарына сай жүзеге асырылуы. Сонымен қатар діни ұйымдарға қолданылатын құқықтық шектеулер де анық көрсетілген. Олар: конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтардың денсаулығын сақтау және қоғамның адамгершілік құндылықтарын қорғау жатады. Жаңа Конституциядағы 7-бап пен 33-баптың 5-тармағы өзара тығыз байланысты. Аталған тармақта білім беру ұйымдарында – мектептерде, жоғары оқу орындарында және басқа да білім беру мекемелерінде білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипаты нақты әрі айқын түрде бекітілген. Сонымен қатар жаңа Конституциядағы 22-бап әркімнің өзінің ұлттық тиесілігін анықтауға, оны көрсетуге не көрсетпеуге құқығы бар екені бекітілген. Осылайша, мемлекет пен діннің бөлінуі заң жүзінде нақты бекітіліп, діни бірлестіктердің қызметі құқықтық талаптармен реттеледі және қоғам қауіпсіздігі мен құндылықтарын қорғау мақсатында шектеледі. Сонымен бірге білім беру жүйесінде зайырлы қағидаттың сақталуы қамтамасыз етіледі.
Қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланыстың ең маңызды жаңалықтарының бірі – Қазақстан Халық Кеңесі мәртебесінің жаңа деңгейге көтерілуі. Бұл институт елдегі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі ретінде Конституцияда нақты бекітілген.
Бүгінгі таңда қоғамның саяси өмірге қатысуы мен халықтың пікірін ескеру мәселесі өзекті. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық деңгейде танылуы – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтудың маңызды қадамы. Бұл – билік пен халық арасындағы байланысты институционалдық тұрғыда бекіту деген сөз.
Қазақстан Халық Кеңесі – еліміздегі түрлі этностар мен әлеуметтік топтардың мүдделерін біріктіретін бірегей алаң. Оның басты мақсаты – қоғамдық келісімді сақтау, ұлттық бірлікті нығайту және мемлекеттік саясатты қалыптастыру барысында халықтың пікірін жеткізу. Жаңа конституциялық өзгерістерге сәйкес, бұл органның рөлі кеңейіп, оның ұсынымдары мен бастамалары мемлекеттік шешімдер қабылдауда елеулі маңызға ие болады. Аталған норманың енгізілуі Қазақстандағы демократиялық үрдістердің тереңдей түскенін көрсетеді. Себебі енді азаматтардың дауысы тек сайлау арқылы ғана емес, осындай консультативтік және өкілдік органдар арқылы да естіледі. Бұл өз кезегінде қоғамдағы сенімді арттырып, мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Қазақстан Халық Кеңесі этносаралық қатынастарды үйлестіруде ерекше рөл атқарады. Қазақстан үшін бұл фактор аса маңызды. Кеңес алаңында түрлі мәдениеттер мен көзқарастар тоғысып, ортақ құндылықтар қалыптасады. Бұл – тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі. Жаңа Конституция аясында Қазақстан Халық Кеңесінің қызметін күшейту – тек символикалық қадам емес, нақты саяси және құқықтық мәні бар шешім. Бұл институт – қоғамның барлық топтарының пікірін ескеруге бағытталған заманауи басқару моделінің көрінісі.
Демек, Қазақстан Халық Кеңесі – Жаңа Қазақстанның демократиялық негіздерінің бірі және ол халықтың үнін билікке жеткізетін тиімді көпір ретінде қызмет етіп, елдің тұрақты дамуына өз үлесін қосады.
Конституция бойынша егемендік, тәуелсіздік, унитарлық сипат және аумақтық тұтастықтың өзгермейтін мызғымас құндылықтар ретінде бекітілуі – Қазақстанның мемлекеттік негіздері ешбір жағдайда қайта қаралмайтынын білдіреді, яғни ел әрдайым дербес, біртұтас және бөлінбейтін мемлекет болып қала береді, ал бұл қағидаларға қол сұғу заң жүзінде мүмкін емес және олар мемлекеттіліктің басты кепілі ретінде конституциялық деңгейде бекілген. Бұл қағидалар Қазақстан Республикасының Конституциясы 2-бабында нақты көрсетілген. Аталған норма Қазақстанның тәуелсіз, біртұтас мемлекет екені және оның аумағы бөлінбейтіні әрі қол сұғылмайтыны көрсетіледі, сондай-ақ осы конституциялық құрылымның негіздері өзгермейтін құндылықтар ретінде айқындалады.
Жаңа Конституцияның Преамбуласында және 3-бабында көрініс тапқан ережелерге сәйкес, білім, ғылым, мәдениет және инновациялар мемлекеттің стратегиялық дамуының басым бағыттары ретінде айқындалып, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға және тұрақты әлеуметтік-экономикалық прогресті қамтамасыз етуге негіз болатын конституциялық құндылықтар деңгейінде бекітілген.
Жаңа тұжырымдарға сәйкес, мемлекет білім беру саласын дамытуға, ғылымды қолдауға, сондай-ақ жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізуге басымдық береді. Сонымен қатар адами әлеуетті арттыру мақсатында халықтың біліміне, кәсіби дағдыларына және денсаулығына инвестиция салуға ерекше мән беріледі. Бұл ұстаным адами капиталды дамыту қағидатына негізделген. Осылайша, мемлекет зияткерлік әлеуеті жоғары, білімді және білікті мамандарға сүйене отырып, елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді.
Жаңа Конституция – Жаңа Қазақстанның берік іргетасы. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімді қалыптастырып, биліктің тиімділігін арттырады, азаматтардың құқықтарын күшейтеді және елдің тұрақты, әділетті дамуына жол ашады. Конституциялық реформа «Құқық үстемдігі» және «Адам – мемлекеттің басты құндылығы» қағидаттарын алға шығарады.
Жадыра Шукенова,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Құқықтану» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, заңтану магистрі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!