Бейсенбі, 02 мамыр, 11:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ұстаздар ұлағатына тағзым

25.11.2022

997 0

«Сен  де  бір  кірпіш дүниеге  кетігін  тап  та  бар  қалан»- деп  ұлы Абай  айтқандай  адамзат  баласының өмірден  өз  орнын  тауып, азамат  болып  қалыптасуында  ата-ананың рөлі қандай  болса, шәкіртті  тәрбиелеп,  білім  нәрін   құятын  ұстаздың орны  да  бөлек. Осы  ойларға табан  тірегенде  ұзақ  жылдар  бойы  Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының (қазіргі Қорқыт Ата  атындағы Қызылорда университеті) қазақ тілі  мен  әдебиеті  мамандығында  үлгілі  ұстаздық  қызмет  атқарған   ұстаздарымыз еріксіз  еске  оралады.

Біз  мың  тоғыз  жүз  жетпіс  сегізінші  жылдың    мамырында  орта  мектепті  бітірдік. Міне,  осы жылдары  жұрт  санасында  да  ояну, бір  серпіліс  пайда  болып,  жастар жаппай  жоғары  оқу  орнына  түсуге   талпына  бастады.  Бұған  дейін  ауылда  қалып жұмыс  істеу   мәртебе  сияқты  болатын.

1978  жылдың  шілде,  тамыз  айларында  құжат  қабылдау   емтихандарын тапсырып,   оқуға  қабылданғаннан   кейін   қыркүйек  айында  Жалағаш   ауданындағы  «Ақарық» совхозында   күріш  жинау  науқанында  еңбек  ету  кезеңдерінен   бастап,  1982 жылдың  маусым  айындағы  бітіру емтихандары  арасындағы   төрт  жылдық  кезеңдегі   оқу  үдерісі, ғылыми  зерттеу,  тәлім – тәрбие жұмыстары   ағымында   біз  уақытымыздың жылдам  өткенін   кейін  бір-ақ  білдік.

        Хакім  Абай  айтқандай,   асқақ  та   аппақ  армандар  жолына  қол  артып,  «жастықтың  оты  жалындап,  жас  жүректеріміз де  жанған  шақ»  болатын. Бәрі  қызық,  бәрі   таңсық.  Айналаң  толы жаңалық  пен  жақсылық.  Ең   бірінші таңданғаным – сабақтың  мектептегідей  өтпейтіндігі.  Мектепте  бір  шағын  тақырып  жеке  сабақ  болып  оқытылып  үйретіледі.  Ал  мұнда – үлкен  бір тарау      жалғыз-ақ дәрісте   шолып  айтылып, тапсырмаға  беріле  салады. Ертесіне  сұрау  деген жоқ, оның  үстіне  қосымша  әдебиеттер, дереккөз  тағы беріледі. Мұның  бәрін  қашан  және  қалай оқып  үйренбекпіз. Бірақ  ара-кідік  семинар  сабақтар  бар  екен.

          Сол  жылдары  Білім  министрлігінің   арнайы  қаулысына   сәйкес  педагогикалық   мамандықтарға ер  балаларды  көптеп тарту  жүргізіле   бастады.  Біздің  118-оқу  тобында  11 жігіт (он бір жігіттің қазіргі таңда бесеуі Шымкент қаласы, Арал, Қазалы, Сырдария аудандарында мектеп директоры),  15  қыз  бала оқыдық. Бөлінген   орын  саны – 25 қана. Бір  студент  «үміткер» ( кандидат)  есебінде  қабылданған  екен.  Егерде  сабақты үлгермесең студент қатарынан шығарылып, орнына сол  «үміткер»  оқиды  деп  қорқытып  та  қойған.  Сондықтан   болар сабақтан  қалу,  сабақты  үлгермеу  деген  атымен жоқ.  Арамызда  Қарақалпақстаннан  келіп   студент  атанғандар  да   бар. Әрбір  күніміз,  торған  түніміз  бекер  өткен  жоқ. Оқу  орнының  қадірін  ұқтық. Білім қордаладық,  білік  жинадық.  Жанымыз  байыды. Алда  ұлы  мақсаттар,  биік  армандар,  түрлі  міндеттер  тұрды.

      Айта берсем, студенттік жылдардың қызықты сәттері көп болды. Ең бастысы, осынау іргелі оқу орнынан біз терең білім алдық және соның нәтижесінде өзіміз қалаған мамандықтың иесі болдық.  Біздің Қорқыт Ата  атындағы Қызылорда университетін бітіргенімізге де  40 жыл уақыт болды.

       Қазір сол қайталанбас ғажайып жылдарды сағынышпен және зор мақтаныш сезіммен еске аламын.

Сол кезде факультет деканы болған ұстазымыз, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жүнісов Нұрлыбек Ерназарұлы еді. Осы факультет құрамында еңбек еткен ұстаз-ғалымдар  көңілімізде мәңгілік ұлағат көрсеткіштері болып сақталды.

       Филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың, филология ғылымдарының кандидаттары, доценттер Айнаш Төлеуқызы Шамшатованың, Әнес Жақыповтың, Әли Байжоловтың, Медеуәлі Бимағамбетовтің, Әбжаппар Әбілақовтың, аға оқытушы Нұртай Нұржановтың қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен оқыған дәрістері, ғылыми-зерттеулерге, педагогикалық-әдістемелік шеберлікке баулыған тәлімгерлік-жетекшілік қызметтері – білім алған барша шәкірттерді қанаттандырып, нағыз жоғары білім иесі болу жауапкершілігін ұғындырды. Әсіресе, көрнекті ғалым – ұстаз,Әлкей Марғұлан типтес аса терең білімді ғұлама Әуелбек Қоңыратбаевтың дәрістеріндегі әдеби-теориялық талдаулары түркітану, шығыстану, фольклортану, тарихнама, деректану, этнография, педагогика, психология, өлкетану, т.б. ғылымдар салаларымен сабақтаса өрілуімен баурайтын. Ұстазымыздың «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі», «Қазақ хандығы дәуірі әдебиеті»,«ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті», «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» пәндерінің барлығын да негізделген зерттеу кітаптары мен  мақалалары – қазіргі  жаңа ғасыр дәуірінде де теориялық – методологиялық негіз болуда.

         Біздің К-118 оқу тобының кураторы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Әли Байжолов ұстазымыз бізге «Қазіргі қазақ тілі» теориялық курсы бойынша «Фонетика»  бөлімі  пәнінен, «Диалектология», «Практикалық қазақ тілі» пәндерінен дәрістер оқыды, семинар сабақтарын жүргізді. Әли ағай ұстазымыздың сол кезде  50 жастан енді ғана асқан кезі еді. Әли ұстазымыз «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бөліміне енді ғана қабылданған  1-курс студенттеріне  міндетті түрде диктант жазба жұмысын жаздыратын. Орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнының  қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына қабылданған барлық студенттің орфографиялық сауаттылық деңгейін пысықтау, тексеру мақсатындағы ұстазымыздың осылайша диктант жазба жұмысын жаздыртуы – өте пайдалы әдістемелік озық іс.

        XX ғасырдың 70-90-жылдары  республикамыздың арнаулы орта, жоғары оқу орындарына студент қабылдау науқаны  кезінде етек алып кеткен жең ұшынан жалғасқан тамыр – таныстықпен талапкерлер қабылдануының  салдарынан қалтасы жұқа, бірақ сауаттылық деңгейі жоғары, білімі мықты талай талантты жастардың жоғары оқу орындарына түсе алмай мәңгілік арман тұманында  тұншығып қалғаны анық. Ұстазымыз Әли Байжолов өзі жаздыртқан бірінші курстағы  диктант жазба жұмысынан өте алмай қалған сауатсыздарға  2-курста тағы да бір рет диктант жаздыртатын. Егер екінші жазғанда да «екілік»  баға алғандар болса, олар оқуымен біржола қоштасатын. Әли ағайдың  пәні бойынша  алған «қанағаттанарлықсыз» бағасы бойынша  оқудан шығарылатын. Әли ағайымыз  өзінің дәрістік, семинарлық сабақтарын ғылыми-теориялық жоғары деңгейде өткізетін. Тіл білімінің бұрынғы – соңғы іргелі ғылыми еңбектерін,  отандық және шетелдік ғалымдардың теориялық тұжырымдарын, мәтіндік тәжірибелік талдауларын қазіргі қазақ әдеби тілі қорындағы  үлгілермен салыстыратын. Дәрістерін де, семинар сабақтарын да  өте қызық етіп түсіндіретін. Отандық және шетелдік ғалымдар пікірлерін салыстыра баяндаулары кезінде өзіндік тың тұжырымдарын нақты мәтіндер бойынша талдап, саралап көрсететін. Кейбір ғалымдардың пікірлерімен келіспейтін өзіндік  теориялық-тәжірибелік ойларын сыншылдық тұрғысында ашық айтатын.  Біз Әли ұстазымызды өз пәнін шексіз сүйетін білімдарлығын, оқып жатқан болашақ  жоғары білімді  филолог мамандардың  өте сауатты, жан-жақты ізденгіш маман болуын ойлаған тәлімгерлік-тәрбиешілік  талапшылдығын ерекше құрметтейтінбіз.

       Айнаш Төлеуқызы Шамшатова апайымыз өте мейрімді, бізге өз балаларындай қарайтын, мәселелерімізді шешуге барынша атсалысатын. Қазіргі таңда Қорқыт Ата  атындағы Қызылорда  университетінде «Филология, бастауышты оқудың педагогикасы мен методикасы» факультетін басқарған, қазақ тіл білімі ғылымында өзіндік үлес қосқан Жүнісов Нұрлыбек Ерназарұлының атындағы дәрісхананың қайта жабдықталып, ашылуы университетіміздің қазақ тілі мамандығының оқытылуына оқу-әдістемелік жағынан ерекше мән беретін маңызы бар екендігін танытып отыр.

       Өзінің  саналы   ғұмырын  Н.В.Гоголь  атындағы   педагогикалық  институтында   өткізген  ғалым – ұстаз  ағайымыздың  алдынан  өткен  көптеген   шәкірттері   қазақ  тілі  мен   әдебиетін, қазақ  мәдениетін,   көркемсөз   өнерін  жетік  меңгеріп шығып  еліміздің  түпкір – түпкірінде   Нұрлыбек   ағайдың және басқа да ұстаздарымыздың   ілімін  жалғастыруда.

     «Жақсының  аты  өлмейді,  ғалымның хаты  өлмейді» деп  дана  халқымыз  айтқандай, Нұрлыбек ағайдан дәріс алған  шәкірттері   оның  ойын, еңбектерін,  жолын  жаңғыртып,  ұстаз  ұлағатын өз  өмірлерінде  жалғастыруда  деп сенеміз.

     «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді халық даналығы. Осындай ұлағатты ұстаздардың жемісті еңбектерінің нәтижесі менің талабыма қанат бітіріп, ғылымды серік етуіме бағыт берді. Студенттік шақтарымызда менің бойыма ұлағатты ұстаздарым еккен білім мен ғылым негіздері үшін ұстаздарыма алғысым шексіз,  алдарында тағзым етіп, оларды әрдайым үлгі тұтамын және менің есімде мәңгі қалады.

      Биыл Сыр өңіріндегі білім мен ғылымның, мәдениеттің қара шаңырағы Қорқыт Ата  атындағы Қызылорда университетіне  85 жыл толды.

     Уақыт талабы озық білімді талап етеді. Білім – болашақтың кепілі десек, елін сүйген, ары мен жаны таза, жаңа Қазақстанның белсенді мүшесі болатын, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда және университетіміздің мәртебесін одан әрі көтеріп, халықаралық деңгейге кеңінен таныту  бағытында бар күш – жігерін, білімін аямай еңбек етіп жатқан әріптестерімді киелі оқу орнының  85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.

                                                      Айтимов Мұратбек Кенжебайұлы 

                                             Қорқыт Ата атындағы Қызылорда  

                                             университетінің  қауымдастырылған профессоры,

                                             филология ғылымдарының докторы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: